Жетісулық дәрігерлер өте ауыр жағдайда түскен екі баланың өмірін құтқарып қалды

Уақыты: 11.04.2024
Оқылды: 1599
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Көпсалалы облыстық балалар ауруханасына 27 наурыз күні  3 жасар екі бала әртүрлі дене жарақатымен түскен. Бірі 4-қабаттан құлап, ауыр жарақат алса, екіншісі септикке түсіп кеткен. Мамандар шұғыл әрекет етіп, дер кезінде бірлесе көмек көрсеткеннің нәтижесінде екі баланы аман алып қалды.  

- 4-қабаттан құлаған баланың миы шайқалып, төменгі жақ сүйегі сынған. Сондай-ақ кеуде қуысы, іші жарақаттанған. Балаға қажетті көмек көрсетілгеннен кейін реанимация бөліміне жатқыздық. Қазіргі уақытта науқас  хирургия бөлімінде толықтай ем қабылдап, үйіне шығарылды, - деді көпсалалы облыстық балалар ауруханасының директоры Қайрат Оспагалиев. 

Сонымен қатар аталған аурухананың бас дәрігері септикке құлаған баланы құтқару кезінде  оның ес-түссіз күйде болғанын айтты. 

-Оқиға орнына дер кезінде жеткен төтенше жағдай қызметі мен жедел жәрдем қызметкерлері балаға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жүрек-өкпе реанимациясын сәтті өткізді. Бала септикте 10-15 минуттай болған. Ауруханада реаниматолог, травматолог, хирург және  педиатр мамандардың тексеруінен өткеннен кейін бала реанимация бөлімінде ем қабылдады. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін хирургия бөліміне ауыстырылды. Бүгінгі күні бала қанағаттанарлық жағдайда ауруханадан шығарылды, - деді Қайрат Ешмұханбетұлы.

Мамандардың айтуынша,  Жетісу облысында соңғы үш айда 1371 бала облыстық балалар ауруханасына дене жарақатымен түскен. Оның ішінде  14 жасқа дейінгі балалар саны 1029-ды құрап отыр. Сондықтан дәрігерлер ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауға шақырады. Өйткені көптеген келеңсіз жағдайлар  ата-анасының қарауынсыз қалған кезде болады.