ЗИЯНКЕСТЕРГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС

Уақыты: 31.03.2024
Оқылды: 294
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс көлемінде ауылшаруашылығы дақылдарына зиян тигізетін 100-ден аса зиянкес, 80-нен аса өсімдік ауруы мен 50-ден аса арамшөп түрі бар. Осындай зиянкестерге қарсы күрес жұмыстарын уақытылы әрі дұрыс жүргізбеген жағдайда егістіктерге зиян келтіріп, өнім сапасы мен түсімін айтарлықтай төмендетеді.


ҚР АШМ 2015 жылғы 30 наурыздағы №4-4/282 бұйрығына сәйкес облыс көлемінде кездесетін аса (ерекше) қауіпті зиянкестер қатарына шегірткетектестер мен өрмекші кене, мақта көбелегі, колорадо қоңызы және шалғын көбелегі мен тышқан- тектес зиянкестер жатқызылған. Облыста зиянкестер мен ауруларды және арамшөптерді айқындау мен олардың экономикалық зиян тигізу шегін (ЭЗТШ) анықтап, химиялық өңдеуді болжамдауды «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығы» РММ-нің облыс бойынша филиалы жүргізеді.   

талған мекеменің аудандық бөлімшелер мамандарының күштерімен жылда 2 млн. гектардан аса ауылшаруашылығы жерлерінде анықтау-зерттеу шаралары жүргізіледі. Облыстық филиалда, әр аудан мекемелерінде мамандар автокөліктер және тиісті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

Аймақ бойынша аумақтық инспекциясы тарапынан былтыр ауқымды іс-шаралар жүргізіліп, облыс көлемінде қолайлы фитосанитарлық жағдай қалыптасқаны белгілі. Аса қауіпті зиянкестердің ішінде ауылшаруашылығына ең қауіптісі – шегіртке тектес зиянкестер (азиялық шегіртке және итальяндық прус). 

Шегірткенің жаппай таралып, ауылшаруашылығы жерлеріне зиян келтіруі көптеген факторға байланысты. Алдағы уақытта жаппай таралу қаупі бар. Сондықтан, қаншалықты қиын жағдай қалыптасса да ауылшаруашылығы жерлерін шегірткетектес зиянкестерден қорғауға міндеттіміз. Биыл шегірткетектес аса қауіпті зиянкестерге қарсы республикалық бюджет есебінен 56,072 мың гектар жерге (оның ішінде итальяндық прусқа – 44,332 және азиялық шегірткеге – 11,740 мың гектар) химиялық өңдеу жұмыстары жоспарланған. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға, үйірсіз саяқ шегірткелерге қарсы 26,639 мың гектар жерге химиялық өңдеу жұмысын жүргізу жоспарланып отыр. 

Облыстық аумақтық инспекциясының ұсынуымен былтыр «Өсімдік зиянкестерінің жаппай таралуына және ауылшаруашылығы дақылдары өнімінің төмендеуіне жол бермеу үшін шегірткетектес зиянкестерге, басқа аса қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік объектілерге қарсы күрес іс-шараларын сапалы ұйымдастыру және жауапты мекемелер жұмысын үйлестіру» жөніндегі жұмысшы комиссиясын құру туралы облыс әкімінің өкімімен (2023.14.02. № 10-ө н/к) облыстық жұмысшы комиссия және жергілікті жерлердегі аудандық (қала) арнайы жұмысшы топтары құрылды. 

Шегірткетектес зиянкестермен күресті ұйымдастырудың іс-шаралар жоспары жасалып, әр аудандағы мекемелер жұмысын үйлестіру қарастырылды. Зиянкестер байқалған жағдайда қай орынға, кімге хабарлау керектігі айқындалды. Облыс бойынша аумақтық инспекциясының өсімдіктерді қорғау қызметі бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес ауылшаруашылығы дақылдары егістіктеріне зиян келтіретін зиянды, аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы жүргізілетін фитосанитарлық іс-шараларға бақылау жұмысын атқарады.

Республика және облыс бюджетінен бөлінген қомақты қаржылардың, шаруашылықтардың жүргізген өсімдіктерді қорғау саласындағы жұмыстарының арқасында былтыр облыс көлемінде ауылшаруашылығы жерлері өсімдік зиянкестерінен аман қалды. Бұл жұмыстар биыл да сапалы атқарылатынына сенімдіміз. Жоғарыда айтқанымыздай, әр облыс тұрғыны шегірткетектес зиянкестердің таралуын байқап қалған жағдайда, барлық ауданда құрылған жұмысшы топтарына немесе ауылдық әкімдіктерге дер кезінде хабарлап отырса, бұл өсімдік зиянкестеріне қарсы күрес жұмысына қосқан өз үлесі болмақ. 
Облыс тұрғындарына пестицидтерді (улы химикаттарды) қолданып жатқан жерлерге бармау, өңделген жерлерге 21 күнге дейін мал жаймау және бал араларының омарталарын өңдеу алаңдарынан 3-4 шақырым аулақ ұстау керектігін ескертеміз. Әрбір тұрғын өңдеу жұмыстары тәуліктің салқын, яғни таңертеңгі ерте және кешкі уақыттарда жүргізілетінін, техникалық сақтану ережелерін қатаң сақтау қажеттілігін де білуге тиіс. 

ҚР «Өсімдіктерді қорғау туралы» Заңына сәйкес облыс бойынша аумақтық инспекциясының аудандардағы инспекторлары заң талаптарын барлық қожалық етуші субъектілердің мүлтіксіз сақтауын қадағалайды. Барлық жер иеленуші жеке және заңды тұлғалар өз иелігіндегі жерлерде фитосанитарлық мониторинг пен фитосанитарлық iс-шараларды жүргiзуге және зиянды организмдердiң зиян тигiзудiң экономикалық шегiнен көп дамуы мен таралуына жол бермеуі тиіс.   
Облыс бойынша аумақтық инспекциясының аудандардағы инспекторлары шаруашылықтарға химиялық препараттарды дұрыс қолдану туралы түсіндіру, кеңес беру сияқты жұмыстарды тұрақты түрде жүргізуде. Облыстағы ауылдық округтерде қысқы агрооқулар кезінде өсімдіктерді қорғау және карантині жөніндегі Заң талаптарының орындалуы туралы мәліметтер беріліп, осындай тақырыптарға облыстық, аудандық мерзімдік баспа басылымдарда  тұрақты түрде мақалалар жарияланып келеді.

Осындай ауқымды жұмыстардың арқасында биыл да ауылшаруашылығы дақылдары мен шабындықтарды түрлі зиянды организмдерден сақтап қалатынымызға сенімдіміз. 

Ж. Оңдасынов,
облыс бойынша аумақтық 
инспекциясының өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы