Бейбіт Исабаев әлеуметтік маңызды нысандарды аралады

Уақыты: 19.04.2024
Оқылды: 370
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Талдықорған қаласындағы нысандарды аралауы түстен кейін де жалғасты.

Алдымен Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жұмысымен танысқан облыс басшысы орталыққа келушілердің спортпен, музыкамен, қолөнермен, тіл үйренумен шұғылданып жатқандарына куә болып, ардагерлермен тілдесті. Бұл орталық зейнет жасындағы адамдарды әлеуметтендіру, оларды белсенді өмірге тарту арқылы саулығына ықпал ету мақсатында биылғы жылдың қаңтарында ашылған болатын. 

 

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаевтың айтуынша, орталық келушілерге 15 қызмет түрін тегін көрсетіп, 38 қызметкерді жұмыспен қамтып отыр. Қаржылық және компьютерлік сауаттылық, ағылшын тілі, қазақ тілі, тоқу және тігін курстары, йога, вокал, шахмат-дойбы, үстел теннисі бойынша сабақтар өтеді. Сонымен қатар бассейн үйірмесі ұйымдастырылған, келушілерді орталық бассейнге тасымалдау үшін 16 орындық автобус сатып алынды. Қазір тұрақты келушілердің саны 500-ге жуықтаған. Осы орайда облыс әкімі келушілердің қатары көбейгендіктен, ғимараттың жертөлесін де тиімді пайдалану керектігін айтты. Өзара пікір қосудың нәтижесінде ендігі жерде жертөленің бір жағына тұз шахтасы орнатылып, екінші жағына бильярд үстелдерін қою туралы тоқтамға келді. Сөйтіп ғимараттың пайдалы алаңының көлемі артпақ.

 

Мұнан соң облыс әкімі Ынтымақ ауылындағы № 30 мектепке барды. Бұл 1200 орынға арналған мектеп биылғы үшінші тоқсаннан бастап жұмыс істей бастаған еді. Қазір мұнда 700-ге жуық оқушы оқиды. Жаңа оқу жылында оқушылар қатары толығады деп күтілуде. Мектептің ішкі жағдайымен директоры Сәуле Үстенова таныстырды. Облыс әкімі мектептің оқу кабинеттерін, материалдық-техникалық базасын аралап көрді. С.Үсенованың айтуынша, мектеп ауласының аумағы 4,4 га. Бұл аумаққа 70 ағаш, 50 раушан гүлі, газондар отырғызылған. Оны мектеп жұмысшылары шланг арқылы суарады. Облыс басшысы мұндай ауқымды алаңды арнайы техникамен тұрақты сурару мәселесінде мектеп әкімшілігіне қолдау керектігін айтып, бұл істі қала әкіміне тапсырды. Осы ретте Бейбіт Исабаев мектептің өз шағын жылыжайы бар екенін де көрді. Мұнда биология пәнін меңгеру кезінде оқушылар көкөністер мен асханалық шөптер өсіреді. Әрқайсысы 3 х 6 шаршы метр болатын 4 жылыжайда оқушылар қияр, қызанақ, рукола, көк бұрыш, ақжелкен, шалғам өсіріп, оларды өздері күтіп-баптауда. Облыс басшысы балаларды адал еңбекке баулитын мұндай бастамаларды қолдайтынын айтты.

 

Орталық стадион – жаңғыртудан өткізіліп жатқан нысандардың бірі. Аталған спорт нысанына барған облыс басшысы жасалып жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Т.Бектасовтың айтуынша, құрылыс жұмыстарына 1,57 млрд теңге бөлінген. Қазір мұнда 15 жұмысшы, 5 техника тартылған. Стадионның кіреберісі жаңартылып, қақпасы, көрермендер трибунасының айналасы, баспалдақтары сырлануда. Қосалқы алаңының күрделі жөндеуі аяқталуға жақын. Облыс басшысы құрылыс жұмыстарын сапалы, уақытылы атқаруға қатысты бірқатар тапсырмалар бергеннен кейін «Жетісу» ФК бас бапкері Қайрат Нұрдәулетовтен жексенбіде болатын «Жетісу» мен «Шахтер» командаларының арасында болатын ойынға дайындық барысын да сұрап білді.

 

Сол сияқты осы күні облыс басшысы желтоқсандықтарға арнап орнату жоспарланған монументтің және суретші Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына орай демеушілердің қолдауымен қойылатын ескерткіштің эскиздерімен танысып, ескерткіштер маңайының абаттандырылуына қатысты қала әкімдігіне тапсырмалар берді.   

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Фотосуретті түсірген: Жеңіс Ысқабай.