БАЙҚАҢЫЗ: БАЛАҢЫЗ КИЛЛЕР ЕМЕС ПЕ?

Уақыты: 20.04.2018
Оқылды: 1132
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

    Қазір «Ютуб», «инстаграм», «фейсбук», «твиттер», «в контакте», «ватсап» сынды толып жатқан желілерді былай қойғанда балаларды тегін интернетпен қамтамасыз етіп, біреуі Мәскеуде, біреуі  Америка,  біреуі  Қазақстанда отырып  үш-төрт адам бірігіп ойнай беретін атыс-шабыс ойындары  кейінгі кезде кең тарады. Бірде үйдегі  құдайдан қалап алған қарағымыздың  осындай ойындардың бірін ойнап, көзі қызарып, сабақ оқыдым деп өзімен-өзі сөйлесіп отыратынын  көріп, секем алып қалғаным бар.  Заманауи техниканың тілін баланың жетік меңгергеніне қуанғаныммен іштей бір қауіптің барын сезіп отанасына  үнемі қадағалауды тапсырып,  баланың күн сайын мінез-құлқын өзім де аңдап жүрдім. Бірақ  сабақтан қолы босағанда  тіл үйренсінші  деп шетелдік балалармен сөйлесіп, ойнағанына аса қарсылық білдірмедім. Жаман нәрсенің пайдалы жағы да болу керек деп топшыладым.  Жаманнан жақсы нәрсе үйреніп шықса, несі айып?  Оның үстіне педагогикада  ойын арқылы білмейтінді үйрету, тәрбиелеу тәсілі ең озық әдіс болып саналады. 

 

    Сіз де көзі қызарып, түнімен  компьютер қарағанын біле тұра: «Менің балам әлдеқайда ақылды ғой,  оның үстіне сабақ үлгерімі де дұрыс», – деп топшыларсыз, бәлкім.  Алайда бұл ойымыздың терістігін жақында Талдықорған қаласында өз анасын өзі қылқындырып өлтіріп, пышақтаған жасөспірімнің қылығын естіп,  төбемізден ашық күнде жай түскенде бірақ сезіп қалдық та,  білдіртпей өз бармағымызды қыршып алдық.  Бала тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлмесе милары ғаламтормен шырмалып қалған  бауыр етіңіздің  өтіңізді жарып, жаныңызды жұлымдайтынын түсіндік. Көзге көрінбейтін интернеттегі «ителгілер» балаңыздың санасынан саңлау тауып еніп, танымының төріне қосынын тігіп, білдіртпей билігін жүргізіп отырғанын ұқтық. Ал ол «қанішерді» жер-көктен итпен ізде, мылтық ат, заманауи  «ақылды» құлтемірлердің көмегіне жүгін, бәрібір таппайсыз.  Сайтанмен сыбайластың көзге көрінбес қорғанын табудан, алтын мен мұнай қорын барлау әлдеқайда оңай. 
   Бұл оқиғаны  осы жерден қайырып, араға күн салмай  Шымкенттен шыққан оқиғаға  құлақ қойсаңыз, бір үйлі жанды – өзінің досын,  оның 2005 жылғы бейкүнә інісін, олардың айналайын анасын қолы қалтырамай қынадай қыра салған жасөспірімнің бар көздегені досының жақында сатып алған  мүмкіндігі мықты, ойын ойнауға әлдеқайда тиімді қымбат компьютері болып тұр. Заманы құлша илеген зомби балаға адам өмірінен де, достықтан да (достық деуге аузың бармайды) бір құлтемір қымбат.  Әйтпесе,  жай сұрап алуға да болатын  затты иемдену  үшін қанды қасап жасаудың не жөні бар еді?! Бәріне ойын кінәлі. Ойындағы көзге көрінбес «киллердің» тапсырмасы айыпты.  Бірақ  заң бойынша сорлайтын жас өмірін де, өзгенің тағдырын да күл-талқан еткен бозбала ғой. 
    Интернет деген жарықтық  тұрмысымызға  дендеп енгенде алақайлап қуанған едік. Жұмыс жеңілдеді.  «Сұрағаныңның алдыңнан, іздемей-ақ табылып» жатқанына мәз болдық. Рас, жақсы жағы жетерлік. Алайда ғаламтордың бір шырмауынан бір шырмауына өз еркімізбен екпіндей еніп, өзімізді өзіміз қылқындырып жатқанымызды енді-енді ғана сәл-сәл ұға бастадық. Алайда одан енді бас тарта алмайтынымыз, онсыз өміріміздің  «қара түнек» болатынын бәріміз жақсы білеміз. Қалта телефоныңды бір сәтке ұмытып кетсең ел-жұртсыз жапанда жалғыз қалғандай сезінетіміз тағы бар. Рас, ғаламтор әлеуметтік сан алуан мәселені көтеріп, қоғамның оңдалуына, оның түйткілді мәселелеріне халықтың, биліктің назарын аударуға таптырмас құрал. Тіпті, демократияның жарқын үлгісі, мінсіз мінбері сияқты  ойыңа не келсе соны айтасың.  «Өзің де бармен көзге ұрып, мақтанғың келе ме, желіге сал, жалаңаш мінсіз мүсініңді көрсет,  өлең, әңгіме жаз, кіжін, ақыл айтып данышпансы, батырсын, қоқиланып  қораздан, тіпті, біреулер біреулерді өлтірейін деп жатса  көмектеспе, керісінше, бейнежазба жаса да  тағы желіге сал, лайк жина,  сол үшін сен танитын танымайтын әлдекімдердің ию-қию болып жатқанын сырттан бақылап, мәз бол. Тіпті, қазір журналист мамандығының мәні кетіп барады. Әркім журналист.  Қолындағы  телефонын алады  да, пікірін  жазып, ноқтасын сыпырып,  желіге жібере салады. Оның салдары, сараптауы, топшылауы, ресмилігі  секілді мәселелерге бас ауыртып жатпайды, өзінің көңіл-күйі қалай, солай ақпар береді. Бұған арнайы заңмен  сүзгі  қою, бұғаттау секілді мәселелер бөлек тақырыптың арқауы. 
    Бұл аз десеңіз, ресми тіркелген қаптаған ақпарат құралдары қоғамдағы  ең сұрқай оқиғаларды алып көрсету арқылы рейтинг жинайды. Кейде ойлайсың осы қоғам назарын аударамыз деп жүріп кейбір жабық тақырыптарды ашық көрсету арқылы бойында соған бейім «жыны бар»,  қаны бұзық жандардың:  «Осылай жасаса болады екен-ау», –  деген ойларына от тамызып жатқан жоқпыз ба деп.  Тіпті, біреудің үйіндегі ұрыс-керіс те қазір қоғамда қызу талқыланатын мәселеге айналды. «Ерлі-зайыптының ортасына есі кеткен түседі» деген ата-бабамыздың өсиетін сандыққа салып, құлыптап тастағалы қашан?!    
    Бірді айтып бірге кетесің, интернеттің салдарынан қорыққан ата-аналар: «Ойбай, енді бұл бәлені үйден аластаймыз», – дегенімен,  шаруа  оңтайлы шешілмейді. Бір күн, бір ай  шектеу қойғанмен, қалай қосылып кеткеніңді өзің сезбей қаласың.  Себебі, сен бас тартқанмен  қоғамның беталысы солай. 
    Қазір интернет арқылы виртуалды ғұмыр кешетін жандар  саны бізде де баршылық. Нені қаласа да интернет арқылы алады. Киім-кешек, азық-түлік, бәрі сонда. Тек тілін тап. Тіпті, пысық болсаң, түрлі бағдарлама құрап немесе жасап қойған дайын бағдарламаларға қосылып, ақша тап. Тауып жатқандар да жетерлік.  Олардың кім екенін сіз менен де жақсы білесіз. Және сол жандардың өз-өзінен күйзеліп, депрессияға  ұшырап жатқанынан да  хабарыңыз  бар шығар. Шетелдік кинолардан  көп көретін, психологтардың көмегіне жүгініп жататын жұрттың байбаламын енді ұқтық.  Қазір нағыз заманауи маман иесі – осы психолог болмақ.  Сізге ақыл айтып, өміріңізді түзеуге көмектеседі, тіпті, сіздің ешкімге айта алмайтын, сандырақ қияли ойларыңызды тыңдап, ішіңіздегі қыжылды ақтаруға көмектеседі. Не деген ізеттілік, ізігілік. Алайда, бұл ізгі әрекеттің де бағасы удай қымбат болмақ.  Енді сіз біреуге ойыңызды тыңдату үшін бірінші ақша төлеуге мәжбүр боласыз. Сосын ақшаңызды алған бір бейбақ сізді күні-түні тыңдауға бар, малтаңызды езіп-езіп қайтыңыз.  Ақшаңыз жоқ болса, асылып, атылып өліңіз немесе «өртеніп  өлем», «пәленбайыншы қабаттан секірем» деп жұртты дүрліктіріңіз,  бәріне мархаббат. Интернеттің көрінбес қорғанында отырғанда  миллиондаған досы, жанашыры бар жан, шынайы өмірде мүлде жалғыз бейбақ, нағыз тасмаңдай.  Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, нағыз лыпасыз шындық осы. 
    Жә, мұны да қойшы. Біз алаңдап отырған жайт – баламыздың болашағы.  «Бүгінгі мектеп оқушысы – ертеңгі ел тірегі» деген ұрандатқан сөзді сіз де ішіңізден қайталап отырған шығарсыз. Ертеңіміз қалай болмақ? Кімге сенеміз?! Балаларымыз үш тіл білсін дедік. Алды біліп үлгерді. Заманға сай болсын дедік, оған да қол жеткіздік. Техника тілін білсін деп ек тіпті асып түсті.  Есесіне өз баламызды өзімізге бөтен етіп алдық.  Тәрбиенің ошағынан ыс шығарып, иіс тидіріп алғанынымызды енді біліп отырмыз. 
    Осы тұста тағы бір ойдың ұшығы шығады. Қазір не көп, жалғызбасты, бір баласы бар ана көп. Соңғы кезде күйеуге тимей-ақ жолдан бала тауып алып, еркін өмір сүргісі келген бақуатты, өз кәсібін өзі дөңгеленткен қыз-келіншек  баршылық. Олар біреудің кір-қоңын жуып, күйеуіне жаутаңдап қарап, оның ойымен санасқаннан гөрі бәрін өзі шешкенді жөн көреді. Баласына да өзі тәлім береді.  Шынтуайтында, жұмысбасты келіншектердің баласын өзгелер, мәселен бала күтушілер тәрбиелейді. Бала күтушілердің көбіне  баланың жеке тұлға болып өскені емес, күнінің тыныш өткені пайдалы, бала ауырмаса, жыламаса болды.  Ойын қосып береді, интернетке еркін кіргізеді. Тек шешелері келе жатқанда сәл-пәл ертегі оқуы мүмкін. Демек баланың жаңа-жаңа бүр жарып келе жатқан танымын  интернеттегі  «тәрбиешілер» ию қылып илейді. Оның салдары жоғарыда айтылған жағдайға әкеліп тірейді.  Ер адамның мінез-құлқын көріп өспеген бала бәрібір жалтақ, не кекшіл болып жетіледі. «Әке – асқар тау» деген теңеу бекер айтылмаған. Әкенің сесі бөлек. Бала бәрібір әкесін іздейді. Ұл-қызы зіңгіттей болып ержеткенде  жалғызбасты аналардың  ие бола алмай жататын жайттарын  күнде көріп жүрміз айналамыздан.  Қайтпек керек? Психологтарға жүгінеміз бе? Құдайға шүкір, мектептерде психологтар жетерлік. Бірақ бәрі шынайы психолог па? Психология туралы аннан-мұннан үзіп-жұлып оқығанын шала-шарпы  түсініп, оқушыларға әдемі ойын көрсетіп жүрген, «ақылдысың, сұлусың, өзіңді өзің игер, мықты бол» деуден ары аспайтын өздеріне де бір ақылман керек жандар ма, оны тағы айырып алу қиын. 
    Мектептерде кенеуі кеткен  келеңсіз оқиғалардың болары болып, бояу сіңгенде барып оларды «жерден алып, жерге саламыз», одан не қайыр?! Демек, нағыз психологияның келеңсіз жайттарды әр баланың титтей бір қылығынан, ишарасынан сезіп,  біле қоятын  нағыз мамандар бізде әлі дайындалған жоқ, даярлайтын мамандар да жоқтың қасы. Себебі, біз ондай әлеуметтік кеселмен  енді-енді ғана бетпе-бет келіп отырмыз. Шетелдің әдіс-тәсілдерімен қазақы түйсіктегі балалардың аңдысын аңдау мүмкін емес. Демек,  бізге ұлттық негіздегі психология әдіс-тәсілдері қажет.
    Енді мың жерден шектеу қойсақ та   компьютерлік ойындарға тыйым сала алмаймыз. Бұл – бизнестің бір тармағы. Оны жабу мүмкін емес. Бизнесіне мүдделі қалталы  жандар оған ырық бермейді де. Біздің ендігі мұрат дәл сондай, бірақ адам өлтіруге, зорлық-зомбылыққа итермелейтін ойындар  емес, керісінше, ұлттық патриотизмді қалыптастыратын, ұлттық ойлау жүйесіне, қазақы қалыпқа негізделген, иман, ибаны серік еткен, жығылғанға жебеу, сүрінгенге сүйеу болатын, қоғамдағы  адам баласына қауіпті кесепаттармен үнемі күресіп, сол жолда жеңіске жетіп, ел құрметіне бөленетін  ізгі кейіпкерлерді арқау еткен, балаларды салауатты өмір салтына үндейтін ойындар ойлап тауып енгізу. Мұндай ойындарды жасау қазір қиындық туғызбайды. Тек мемлекет тарапынан тапсырыс беріліп, бақылауға алынса болғаны.

Ерғазы МАНАПҰЛЫ