АГРОКЕШЕНДЕРДІ АРАЛАДЫ

Уақыты: 21.04.2018
Оқылды: 1092
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

    Кеше жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауылшаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев облыс аумағын аралап, заманауи талаптарға бейімделген бірқатар аграрлық кешендерде болды. Олардың жұмысына ден қойып, инновациялық даму деңгейіне баға берді. Жаңашылдықты қалай меңгеріп жатқандықтарына назар аударды. Алдағы уақытта орындалуы тиісті өзекті мәселелердің жай-жапсарларын анықтады. Сондай-ақ, 2018 – 2027 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың Ұлттық стратегиялық тұжырымдамасымен таныстырды. 

 

    Облыс әкімі Амандық Баталов ресми қонақты ең алдымен Еңбекшіқазақ ауданына қарасты «Адал» агроөнеркәсіптік кешенін аралатудан бастады. Шаруашылығының негізі сүт өнімдерін құрайтын айтулы ұжым жыл санап іргесін нығайтып, іс-тәжірибесін молайтып келеді. Бұл туралы компанияның бас директоры Серік Смаилов Үкімет басшысының орынбасарына кеңінен әңгімелеп берді. 
Өмірзақ Естайұлы аталған компанияға қарасты егістік алқаптарын аралай жүріп бірқатар жайларға қанықты. Бүгінгі таңда «Адалдың» маркасы жапсырылған сүт өнімдері бүкіл республика жұртшылығына кеңінен танымал. Өнімдері көпшілік көңілінен шығуда. Сұраныстар мен тапсырыстардың артып отырғаны соның дәлелі. Мұндағы мамандар әлемдік бәсекеге төтеп беретін озық технологиялардың қыры мен сырын меңгеру үстінде. Оны күнделікті жұмыстың арқауына айналдыру мақсатында ізденістерін үдетіп отыр.
   Ең бастысы, өзі шаңырақ көтерген 19 жылдың ішінде «Адал» агроөнеркәсіп кешені үдемелі дамып, тек алға қарай жылжып келеді. Өркендеу кезеңдерінен ойдағыдай өтіп, өнім өндірудің сан-салалық күрделі жолына түсті. Мәселен, ірі қара санын 2205-ке жеткізді. 400 басқа арналған мал бордақылайтын алаң ашылды. Басқа салалары да осы қарқынмен дамып келеді. «Адалдың» меншігіндегі егістік алқаптарының да аумағы кеңеюде. Оның жалпы көлемін 3124 гектар десек, соның 2703 гектары суармалы жерді құрайды. Алқапта бидай, жүгері, көпжылдық шөп секілді дақылдардың бәрі бар. Осының арқасында малға берілетін жұғымды  азық-түліктің  мол қоры жасақталған. Сиырларды тиісті рацион бойынша азықтандыру тәртібі қалыптасқан. Өндірісті ғылымға негіздеудің кіріспесі осыдан басталатыны белгілі. Қазір кешендегі жұмыс істеу үдерістері толықтай цифрлы технологияға көшкен. Бәрі бір орталықтан басқарылады және бақыланады.
   Сүт зауытының әлеуеті де зор. Мұнда 56 түрлі өнім өндіріледі. Өткен жылы өндірілген өнімнің жалпы көлемі 17222 тоннаға жеткен. Халықаралық сапа белгісі стандартының талаптары толық ескерілген. Аталған ұжымда 500-ден астам жұмысшы тұрақты еңбек етуде. 
   Өмірзақ Шөкеев фермаларды аралап, жұмысшылардың тұрмыс-тіршіліктеріне назар аударды. Мамандармен пікірлесті. Еңбеккерлердің ұсыныстарына назар аударды. Егіс алқаптарында агротехникалық шаралардың қалай орындалып жатқанын сараптады.
Одан кейін Үкімет басшысының орынбасары «Аmal Biо» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты интенсивті бақтарды аралап көрді. Суы мөлдір, топырағы құнарлы Еңбекшіқазақ өңірінің өзіне тән ерекшеліктері көп. Бұл аймақта жеміс-жидек пен көкөністердің алуан түрі өседі. Әсіресе, алмасы мен алмұрты, өрігі мен шиесі тіл үйіреді. Таулы аймақтың таза ауасында өркен жайған осындай бақтардың жөні бөлек. Білікті мамандардың, білгір ұйымдастырудың арқасында қомақты табыстарға қол жеткізіп келеді.
   Бүгінге дейін «Аmal Biо» компаниясының қарауында 80 гектар интенсивті бақ өсірілсе, енді оның көлемі 300 гектарға арттырылып  жатыр. Алынған өнімдерді жыл он екі ай сақтау мәселесі жолға қойылды. Сыйымдылығы 6 мың тоннаны құрайтын қойма жұмыс істеп тұр. Компания мамандары өнімнің сапасын арттыра отырып, өзіндік құнын арзандатуға ден қойып келеді.
Серіктестік директоры Асқар Сабировтың айтуынша, мұндағы мамандардың дені шетелдерде білім алып, олардың озық технологияларын меңгерген білікті жастар. Осындай үдерістер алдағы уақытта да жалғаса бермек.
   Аталған компания қайырымдылық акциясына да белсене қатысып келеді. Өткен жылы «Туған жер» бағдарламасы аясында Ащыбұлақ ауылына үлкен демалыс саябағын салып беріп, халықтың құрмет-қошеметіне бөленді. 
   Үкімет басшысының орынбасары «Аmal Biо»-ның іскерлік  тұрғысында жұмыс істейтіндігіне көз жеткізді. Әрине, бұл секілді заманауи талаптарды меңгерген жаңашыл ұжымдар Жетісу жерінде аз емес. Десек те, алда тұрған меже одан да биік. Кәсіпкерлердің қатарын көбейту міндеті тұр. Оған мемлекет те, бүкіл қоғам да мүдделі. Сондықтан кәсіпкерлерді қолдауға және қорғауға кепілдіктер беріліп отыр. 
– Біз Елбасы тапсырмасымен мал шаруашылығын қарқынды дамыту мақсатында  арнайы мемлекеттік бағдарлама дайындап жатырмыз. Ол келесі аптаның сейсенбісінде Үкіметте талқыланатын болады. Сол бағдарламаны барлық өңірге таныстырып, пікір алмасу жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бұған дейін Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстарында болдық. Міне, бүгін Алматы облысының шаруаларымен кездесіп отырмыз. Мұндағы мақсат – бағдарлама тек құжат жүзінде қалмауы керек, – деді Өмірзақ Естайұлы.
   Үкімет басшысының орынбасары ірі шаруашылықтарды дамытумен қатар шағын фермерлердің жұмысына да ерекше көңіл бөлінетінін айтты. Бүгінгі таңда елімізде 30-дан астам ірі шаруашылықтар және 16000 фермер бар екен. Енді қабылданатын жаңа бағдарламаның арқасында ірі шаруашылықтар 100-ге, фермерлердің саны 100 мыңға дейін жетеді деп жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде аграрлық салада 400 мыңнан астам жаңа жұмыс орыны пайда болмақ. 
   Жетісу жерінде өрелі істердің өркен жая бастағаны көкейімізге берік сенім қалыптастырды. Жаңа бағдарламаның аграрлық салаға ерекше серпін беретіні анық.

Болат МӘЖИТ.