Аңшылық ойын емес

Уақыты: 01.06.2018
Оқылды: 1637
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бір әңгіме есіме түсіп тұрғаны. Шатаспасам жазушы Рақымжан Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы» атты хикаяты-ау деймін. Сонда ұлы жорыққа аттанған қалың түмен жүгірген аң, ұшқан құсты азық етіп, аш өзегін жалғайды. Десе де кезіккенін қынадай қыруға рұқсат жоқ. Шыңғыс ханның пәрмені сондай. Жылт еткен көктемнен қара күзге дейін қару көтертпейді. «Аң төлін, құс балапанын өргізер шақ. Тұқымы үзілмесін, алаңсыз аяқтансын, түбітін түсірсін» деген тілек. Ал қарашаның қатқағынан өгіздің өзін өкірткен ақпанның аяғына дейін қалай ауласаң да еркің. Қолын қақпайды.

Шыны керек, шығармадағы осы шыншыл тіркестер ойымнан кеткен емес. Бізде бір аңшының баласы болғандықтан айналып кете алмадық.         Ә, дегенде түрпідей тигені анық, әйтсе де дала заңына бағыну баршамызға міндет. Оны әкем де үнемі айтып отырады. Жә, қойшы. Біз білгенімізден жаңылмауға тырысамыз ғой, ал жаңылып жүргендер ше? Дала заңын көзге ілмей, біле тұра беттері бүлк етпейтін басбұзарларды қайтпекпіз?! Қарынның қамы үшін түз тағыларын бейберекет қынадай қырған қарақшылардан келетін қауіптен қалай құтылмақпыз?! Бізді алаңдататыны осы. Оған дәл осы уақытта бас қатырып жатқан ешкімді көрмедік. 
Студент кезімде бір жамағайынымның үйінде тұрақтаған болатынмын. Отбасымен аң аулауға әуес кісілер. Тіпті, кенже баласы мылтықтардың түсін түстегенде аң-таң боласың. Шемішкеше шағады десем артық айтқаным емес. Суық қаруды сипаттағанда адамды еріксіз қызықтырып әкетеді. Мұны қайдан үйренгенін сұрасам, планшетін көрсетеді. Әйтеуір, қайда барса да қолынан тастамайды соны. «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» дегендей, әлгі баланың әумесерлігіне ыза болдым. Ыза болатыным, әкесі сатып әперген планшеттен кешке дейін «Аңшы» ойынын ойнайды да отырады. Әртүрлі қару-жарақты таңдау арқылы алдынан кезіккен аң-құсты атады келіп. Ол, мейлі, қасқыр болсын, аю болсын, бәрібір оқты нысанаға дәл тигізуің шарт. Солай ұпай жинайды. Мұнысы дұрыс еместігін ескертіп едім, құлағына қыстырған жоқ. Белгісіз әлемнің ішіне кіріп кеткен сыңайлы. Өз қызығы өзіне. Басқасында шаруасы жоқ.
Айтқандай-ақ, бірде достарымен шүйіркелесіп отырған әкесінің әңгімесін құлағым шалып қалды. Беймезгіл аңшылыққа шыққан жас аңшы жолдан ұшырасқан жемтігінің бет-жүзіне қарамай бәрін сұлатып салады. Әкесі ұлының балапанын ерткен мекиенмен құралайларды қуып жүріп атқанын мақтанышпен баяндап отыр. Әлгі жерде марқайып, ерлігін үсті-үстіне еселей түседі. Қалталы азамат болған соң қылмыстан ада. Табиғат қорғаушылары таныстары болса керек. Ауызбастырық беріп ойына келгенін жасаған. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарсаның» кері. Кейін білдім. Баласына планшеттегі «Аңшы» ойынын аң аулауды үйрену үшін әкесі әдейі жүктеп берген екен. Ал енді оған қарсы шығып көр. Қолдан келер қайла болмағандықтан іштей мүжілдім де қойдым. Басқа не істейсің? Әрбірден соң ол ғана емес, ондайлардың мыңы жүр қоғамда. Бәрін бірдей тұзаққа түсіретін табиғат сақшыларының түрі анау.
Жалпы мемлекетіміз аңшылық лицензияны сұрағандардың қолын қайтарған емес. Өкінішке қарай, бұл жерде де бір кілтипанның бар екені анық. Әйтеуір аңшылардың саны күннен-күнге көбейіп бара жатыр. Оның үстіне, бұрын қару-жарақты сатып алу деген үлкен дау болатын. Ал, қазір оп-оңай. Ақшаң болса болды, қалаған қаруыңды таңдап аласың. Бірақ, мәселе онда емес-ау, әңгіме қазіргі аңшылық мәдениеттен айырылып қалғанымызда. Бүгінгінің аңшылары жабайы секілді, түк көрмеген. Жыбырлағанның бәрін ата береді. Ататын түк таппаса банканы тізіп қойып, оқ жаудырады. Несін жасырамыз, аңшылыққа тыйым салынғанымен браконьерлер мәселесі шешілмей тұр. 
Бұрындары аңшылар қоршаған ортаға зиянын тигізбейтін, табиғаттағы тепе-теңдікті сақтап келген еді. Тіпті, аулайтын жабайы аңдарын өсіп жетілгенше тимейтін. Бүгінгілердің сұры мынау. Ең қымбат қаруды сатып алып, із кезбестен алыстан атады. Ал одан қашып құтылған аңды естімедік.
Былтырдан бері елімізде көктемгі аңшылыққа тыйым салынғаны белгілі. Жабайы құстар популяциясының күрт төмендеп кетуіне байланысты ҚР БҒМ Зоология институты мен Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы бірлесе осындай шешімге келген. Эколог мамандардың айтуынша, дәл осы көктемгі аңшылық салдарынан Қазақстанға ұшып келетін жабайы үйректердің саны жылдан-жылға азайып барады екен.
Қолданыстағы аң аулау қағидаларына сәйкес, көктемгі мезгілде аталық үйректерді, аталық шалшықшыларды, жылқышыны, саңырау құрды және құрды құс ойнақ кезінде аулауға рұқсат берілген. Бұл ретте көктемгі аң аулауға ресми түрде үйрекке рұқсат етілген лимиттер 5%-дан артық бөлінбейтінін де айта кету керек. 
Комитеттің айтуынша, көктемгі аңшылықтан жабайы құстардың саны расымен де айтарлықтай азайған. Оған себеп – аңшылардың аталық үйректерді қырып салуы. Салдарынан үйректердің ұя салу процесі бұзылған. Оның үстіне, қазір Қазақстандағы ресми тіркелген аңшылардың саны         150 мың адамнан асқан. Оған тағы браконьерлерді қосыңыз. Әрқайсысы       2-3 құстан атып қойса жақсы ғой, көлігі көтергенше қанжығаға байлайды. Міне, енді атылған құстың есебіне жете беріңіз.
Ғалымдардың зерттеуінше, соңғы жылдары жер бетіндегі жан-жануардың жартысынан астамын қырып жіберіппіз. Сұмдық! Адамдардың кесірінен жануарлар әлемінің жартысынан астамы жойылған. Қазір Қазақстанды мекендейтін аң мен құстың 300-ден астам түрі толық жойылып кету қаупінің алдында тұр. «Қызыл кітап»-та барған сайын қалыңдай түсуде.
Мәліметтерге сүйенсек, 2015 жылдың көктемімен салыстырғанда,      2016 жылғы көктемде жергілікті құстар саны 2 миллионға азайған. Осыған байланысты Ауылшаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті осы жылдың 16 ақпан мен 14 маусым аралығында көктемгі аң аулау маусымына тыйым салды. Сол-ақ екен, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптаған аңшылық шаруашылықтары оңды-солды ашық хат жазып, базынасын жеткізуде. Жануарлар дүниесіне аңшылардың қылдай қиянаты жоқтығына сендіріп бағуда. Олай болса қазақтың кең даласында желдей жүйткіген миллиондаған ақбөкен қайда жоғалды?

 

P.S: Ақсақ құлан ертегісін білмейтін жан жоқ шығар. Жошы  қаған құланға құмартпағанда Шыңғыс ханның көз жасы төгілер ме еді дейсің кейде. Ұлының саятшылығы әкесінің соры болған жоқ па? Күйлі жануардың киесі ұрғандай көрінеді. Құлынынан айырылған ананың жан айқайы мен әкенің күйзелісі. Ал, оған кім кінәлі?! Қай уақытта да Құдай жаратқан әрбір тіршілік иесі болмысымен асқақ, еркімен сұлу. Әрі бақытты өмір сүруге құқылы. Ондай болса, аңның көз жасына қалғанды қашан қоямыз?

Мұхтар КҮМІСБЕК,
“Жетісу”