Машинист

Уақыты: 01.06.2018
Оқылды: 1294
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Машинист – ерлік пен үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Теміржолда  зымыраған отарбаны тізгіндеп, қаншама адамның тағдырына жауапты машинистің жұмысы көпке беймәлім. Күн-түн демей пойыз жүргізу оңай шаруа емес екені анық. Осыған орай шойынжол үстінде жүйіткіп, мерейлі мамандықтың мерейін тасытып жүрген машинист қызметкерімен  жолығып, жұмыстың жай-жапсарын білген едік.


– Пойызды тізгіндеу – көлік жүргізу емес. Әлдеқайда қиын. Бір вагонда 60 орын бар. Пойызға 10-15 вагон тіркеледі. Кем дегенде 700 адамның тағдыры қолыңда тұрғандықтан пойыз жүргізу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан қиындығы көп жұмыста шыдамдылық танытуың керек. Әр пойыздың міндеті әртүрлі болғандықтан жан-жақты болу да маңызды.


Үштөбе қаласындағы теміржол бекетіне келдік. Айнала тым-тырыс. Перронда арнайы киім киіп, қолдарына саймандарын алып теміржол бойында тынбай жұмыс істеп жүрген жұмысшылардан басқа ешкім көрінбейді. Машинистердің жұмысын көру мақсатында Үштөбе айналым депосы бойынша бастығының орынбасары Берік Әбеуовке жолықтық. Біздің келетінімізді алдын ала ескерткен болу керек. Ілтипат танытып, жұмыс кеңсесіне алып барды. Келген жайымызды түсіндірдік. Ол бізді жуырда Үштөбе стансысынан өтетін пойызбен жүретінімізді айтты. Алматыны бетке алған жүк пойызының Үштөбе стансысына келуіне әлі жарты сағаттай уақыт бар. Қолдарына «шарманкаларын» ұстаған машинист пен оның көмекшісі тұп-тура жарты сағат бұрын келді. Бізге неге ерте келді, пойыз тоқтағанда келсе де үлгереді ғой деген ой туды. Сөйтсек жүргізушілер отарбаны бірден тізгіндеп кетпейді екен. Алдымен дәрігерлердің тексеруінен өтеді. Денсаулықтары жарап, жұмысқа дайын болса стансы кезекшісі құжаттарын тексереді. Егер денсаулықтары жарамай қалса басқа топ шақыртылады. Сондықтан машинистер кез келген шақыртуға дайын жүруі тиіс. Негізінде пойыз жүргізушісі ауырып тұрса, 3 сағат бұрын депо кезекшісіне ескерту беруі керек. 
Денсаулықтары жарамды, құжаттары дұрыс болған машинист аялдамаға келді. Көп кешікпей тоғыз жолдың торабымен әндете тарсылдап, жүк пойызы тоқтады. Пойыз құрамы келіп тоқтаған соң машинистің көмекшісі дереу тепловозға мініп, өз міндетін орындауға кірісті. Ал Берік Әбеуов отарбаны жеткізген машинистен құжаттарды мұқият қабылдап алып, техниканың қалыпты жұмыс жасауын егжей-тегжейлі сұрастырып жатыр. Машинистің көмекшісі пойыздың майын, суын және жаңбырда, қыстың аязында, яғни, жол тайғақ күндері бірінші және төртінші дөңгелектің астына арнайы құм беретін құрылғыны тексеріп жүр. Бірнеше минуттан соң жүк пойызының жүретіні туралы хабарланды. Стансы басынан маңайын желдете қозғалған отарба бірте-бірте жылдамдығын үдетіп, тау басынан сырғанаған шанадай зымырай жөнелді. Қалыпты жолға түскен соң ағамыз әңгімесін әрмен қарай жалғады. 
– Пойызды тізгіндеу – көлік жүргізу емес. Әлдеқайда қиын. Бір вагонда         60 орын бар. Пойызға 10-15 вагон тіркеледі. Кем дегенде 700 адамның тағдыры қолыңда тұрғандықтан пойыз жүргізу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан қиындығы көп жұмыста шыдамдылық танытуың керек. Әр пойыздың міндеті әртүрлі болғандықтан жан-жақты болу да маңызды. Жолаушылар пойызында белгілі бір кестемен жүрсек, жүк пойызында жүретін уақыт белгісіз. Бізді пойыздың жүруіне байланысты, диспетчердің сызған таспасы бойынша күндіз, түнде ауа райына қарамай кез келген уақытта шақыртады. Біз әрдайым шақыртуға дайын болуымыз керек. «Тальго-Тұлпар» пойызы жылдам болғандықтан талаптары тіптен жоғары. Мұндағы машинистер арнайы психотесттен өтеді. Білімдері де жоғары болуы шарт. Машинист көмекшісі де жоғары оқуды тамамдаған болуы міндетті. Осы шарттарға сай болсаң  салмағына қарай 50-ден 70 вагонға дейін тіркелген пойызды жүргізу құқығына ие боласың. Бас вагонда машинист, екі көмекші, тәжірибесі жоғары нұсқаушы, яғни бес адамға дейін отыруға рұқсат беріледі.  8-12 сағатқа дейінгі рөлде өткізетін уақытымызда түрлі қиындықтар көреміз. Мәселен, биіктіктер мен ылдилар жиі кездеседі. Тепловозды да соның ыңғайына қарай басқару керек. Қара арғымағың арыса, қарға адым жер мұң болар. Сондықтан жауындағы тайғақ жолда, қыс мезгілінде, тауға шыққанда жылдамдықты жоғалтпай ұстау керек. Қыста жауын жауса тіптен қиын. Рельс бетіне түскен су күннің суығымен лезде бозамықтанып мұзға айналады. Ал жаздың шіліңгір аптабында рельстің ұзаратын және қысқаратын кездері болады. Мұндай жағдайда жылдамдықты азайтып немесе тоқтап кезекшіге хабар береміз. Көлік жүргізушілері жағармай, не май дұрыс емес құйып,  бұзылып келе жатқанда:  «Көлігім тартпай келеді», – деп сезеді емес пе? Сол секілді пойыздың жүрмей келе жатқанын машинист те сезуі керек.
Міне, Үштөбедегі алғашқы өткел. Мен кішкене ғана үйшіктің алдында тұрған жанның сұлбасын байқадым. Ол өткелді жауып қойған екен. Жолды бөгеп тұрған темірдің алдына бірнеше көлік жиналып қалыпты. 
– Жолға шыққанда алдымен теміржол өткелдеріне мән береміз. Теміржол өткелдері жабық болуы шарт. Өткелге жақындағанда «тифон», яғни дыбыс береміз. Өткелдегі адам міндетті түрде орнында болуы тиіс. Егер болмаған жағдайда диспетчерге хабар береміз. Өйткені өткел жабық болмаса төтенше жағдай орын алу қаупі жоғары. Ерсілі-қарсылы көліктер өтуі мүмкін. Біздің бүгінгі жүретін екі аралықта сегіз өткел бар. Осыларды аман-есен бағындырсақ біз бір стансыны да басып өтеміз. Бір стансыдан екінші стансыға арнайы уақыт берілетіндігін де айта кеткеніміз жөн. Сол уақыттан асып кетсең диспетчерге хабарласып, неге кешігіп келе жатқаныңды баяндауың керек. 
Ойпырмай, расымен пойыз жүргізудің біз білмейтін беймәлім тұстары өте көп екен. Машинистің кез келген уақытта шақырту алуы, олардың отарбаны бірден тізгіндемейтіндігі, арнайы дәрігерлік тексерістен өтетіндігі, көптеген қауіп-қатерді еңсеріп, көліктің жүрмей келе жатқандығын сезетіндігі – ел білмейтін қырлары. Сонымен қатар, машинистердің өткелдерге басты назар аударатындығы мен тайғақ жолда құм шашатын құрылғы да біз үшін беймәлім тұсы. Иә, пойыз жүргізудің де өзіндік әдістері бар. Таңғаларлық жайт. Осындай қиын жұмысты жауапкершілікпен атқарып жүрген ағамыздың әңгімесін сүйсіне тыңдадық. Бұл жолы сауалымыз егер мал қақса кім кінәлі және пойызда адам ауырып қалса не істейтіні жайлы өрбіді. 
– Иә, теміржолға шығып кететін тұяқтылар біз үшін үлкен қауіп. Машинистер сақ болуы керек. Күндіз алыстан ағараңдаған мал көрсек, дереу тежегішті басып қақпауға тырысамыз. Сонымен қатар, мал жайылатын жерлерде жылдамдықты төмендетіп отырамыз. Көбіне жануарды түнде, тұманды кездері қағып кетеміз. Сонымен қатар, қазір қамыс қалың шығып жатқаны да бізге қолайсыз екенін айта кеткеніміз жөн. Қалың қамыстың арасынан шыққан малды байқамай қаламыз. Төрт тұяқты кесе-көлденең жолға шыға келсе, зымырап келе жатқан пойызды тоқтатып үлгермей қаласың. Өйткені тежегішті баса салып, тоқтай қоятын көлік емес. Пойыздың тежегіші  жүрген жылдамдығыңа қарай 400-600 метрге барып тоқтайды. Ал жүк пойызының жылдамдығы сағатына 60-70 шақырым. Жолаушылар пойызы 100, «Тальго-Тұлпар» пойызының жылдамдығы 120-ға дейін барады. Егер мал қақсақ пойызда арнайы тежегішті қай уақытта, қай  шақырымда басқаның көрсетіледі. Біз сол арқылы кезекші бөлім мен диспетчерге хабарлаймыз. Олар қай стансыда немесе қай жолға жататынын анықтайды. Егер стансыда қақсақ, стансы жұмысшылары, оқыс оқиға жолда орын алса, жол жөндеушілер жауапты. Мал қаққан тепловозға да шығын. Сондықтан мұндай төтенше оқиғаларды жібермеуге тырысамыз. Жақсы машинисті жүргізуінен-ақ ажыратуға болады. Өз жұмысын жетік меңгерген маманның пойызында үстелге қойған шайың да шайқалмайды.
Түрлі оқиға орын алады. Жолаушылар босанып қалған, ауырып қалған күндер де кездесті. Мұндай кезде кезекші машинистке хабар береді. Ол диспетчерге шығып жақын маңда қандай аурухана барын анықтап, «Жедел-жәрдем» шақыртып қоямыз. Оған дейін вагондардың ішіндегі радио арқылы хабарландыру жасап, медицина қызметкерлері болса көмек беруін сұраймыз. 
Міне, біздің мақаламызға арқау болған айдар «Мәлім де беймәлім» дегеніміз осы. Мәлімі жолда түрлі оқиғалар орын алатындығы, беймәлімі тежегіштің 400-600 метрсіз тоқтамайтындығы. Пойыздың тежегішті қай уақытта, қай  шақырымда басқанын көрсететіндігі де біз білмейтін қыры. Өздері пойыз жүргізіп, әр оқиғаны диспетчерге баяндап отыратыны, барлық шаруаға үлгеретіні де біз үшін жұмбақ. Иә, ауа райының қолайсыздығына, алдында тұрған қауіп-қатерге қарамай қаншама адамға жауапты болып, отарбаның рөліне отыру үлкен ерлік. Осы тұста ағамыздан жұмыс барысындағы оқиғаларын айтып беруін сұрадық. 
– Наурыз айы. Жұмысқа жаңа шыққан машинист Матайдан шыққан жүк пойызын жүргізетін болды. Бізде пойыздың бұзылып келе жатқандығын анықтайтын арнайы мамандар бар. Олар екі ескерту жасайды. Егер алғашқы ескерту десе жылдамдықты азайтасың, екіншісінде тоқтауың керек. Отарба Егінсу стансысына келген кезде мамандар екінші дабылды береді. Машинист тоқтайды. Вагон жөндеушілер тексеріп, жөндеп жібереді. Сонымен машинист Алажидеден Молалыға кіріп келе жатқан тұста мамандарға хабарласып: «Маған Егінсуда екінші ескерту берілген еді, пойызым дұрыс келе ме?», – дейді. Негізі дұрыс болмаса вагон жөндеушілер хабарлауы не белгі беруі тиіс. Бірақ машинист өзі сезіп, пойызының дұрыс жүрмей келе жатқанын өзі анықтайды. Вагон жөндеушілер дабыл екі берілгендігін және машинистің тоқтамағанын айтады. Вагон қызып кеткен. Тағы біраз жүрсе оқыс оқиға орын алуы мүмкін еді. Машинистің арқасында вагондар ағытылып, үлкен апаттан аман қалды, – деп сөзін түйіндеді.
Біз де Матай стансысына кіріп келеміз. Жүк пойызының қай жолға тоқтайтыны хабарланды. Зуылдап келе жатқан пойыз бірнеше мәрте ысқырып, жылдамдығын төмендетіп құдды «уф» деп демалғандай желдете тоқтады. Үштөбеден шыққан пойыз Матай стансысына 2 сағат,     40 минут жүріп келді. Уақытында жеттік. Осымен сапарым аяқталды. Ағаларыма алғысымды айтып, келесі пойызбен Үштөбе стансысына қайттым.

Міне, өз саласының шебер маманы Берік Әбеуов машинист жұмысының қыр-сырын тарқатып берді. Жүздеген жүк тиелген вагондар мен қаншама адам өміріне жауапты болып, ел мен елді, қала мен қаланы байланыстырып жүрген маманның істеген ісі мен берген жауабына ризалығымызды білдіріп, сапардан халыққа айта жүрер біраз ой түйіп қайттық.

Айдар ҚАЛИЕВ​