ПРЕЗИДЕНТ ШЫРШАСЫ ӨТТІ

Уақыты: 24.12.2018
Оқылды: 1398
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Дана халқымыздың: «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа», – деп өткен күніне бір салауат айтатын әдеті қандай жақсы. Құдды үлкен үміттің бастауындай жүрекке жылы тиеді. Жаңа жылды жақсылыққа жоритын жұртымыз осы бір жылы лепес арқылы алдағы өмірінің сәулелі болуын тілейтіндей. Жасыратыны жоқ, тарих қойнауына еніп бара жатқан 2018 жыл еліміз үшін елеулі оқиғаларға толы болды. Әсіресе, балалардың көңіліне шуақ шашуымен есте қалды. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жарқыра, Қазақстан! Жарқыра, туған жер!» атты жаңа жылдық шыршасына жиылған балалардың жанарынан аңғарғандаймыз.

Әдемі безендірілген алып шыршаның маңына топтасқан балалар ертегі әртістерін қошеметпен қарсы алды. Әртүрлі кейіпкерлердің рөлін сомдаған бүлдіршіндердің қуанышында шек жоқ. Елбасы шыршасына қатысуға мүмкіндік алғандарына дән риза. Өз перзенттерінің өңіріміздегі ең таңдаулы балалар қатарынан көрінгендеріне ата-аналар да мәз-мейрам. Кеш жүргізушілері алдымен қатысушылардың білімін сынамақ болып, Жетісу мекенінің жеті кереметін сұрады. Оған мүдірмей жауап берген оқушылар туған жеріне деген құрметтің зор екенін көрсете білді. Әрі жеті өзенді бауырына басқан жер жаннатының бүгінгі көрінісін сұлу сөзбен безбендеп берді. Мұндай жауапты күтпесе керек, жүргізушілер оқушылардың тапқырлығына тәнті болып, ары қарай сергіту ойынын ойнатты.

Одан кейін еліміздің бас шыршасына арнайы шақыртумен келген балалар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейне-құттықтауын тыңдады.

Қымбатты балалар, бүгін байтақ еліміздің барлық өңірінде өнегелі балалар жаңа жылдық шыршаның айналасына жиналды. Мен сендерді, сендер арқылы барша қазақстандық балаларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын! Биылғы жыл бәріміз үшін айрықша жыл болды. Тәуелсіздік арқылы біздің Отанымыз жылдан-жылға өркендей түсуде. Қазір дүниежүзі қазақ елін құрметтейді. Сендер осындай ерекше елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Зерделі де зерек, білімді болыңдар. Бұған елімізде барлық мүмкіндік бар. Жасампаз істердің барлығы сендердің жарқын болашақтарың үшін жасалған. Айналасын алтынға бөлеген шырша – базарлы балалықтың белгісі. Шырайын бермейтін осы шыршадай жайнап өсе беріңдер. Болашақтарың баянды болсын, – деген Мемлекет басшысының ақ тілекке толы лебізі жиналған қауымның көңілі бір толқытты.

Ұлт Көшбасшысының жүрек сөзін облыс әкімі Амандық Баталов жалғады.

– Құрметті Жетісудың өнерлі ұл-қыздары! Жаңа жыл мерекесімен сендерді және өздеріңдей барша жетісулық балаларды шын жүректен құттықтаймын! Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен Президент шыршасы ұйымдастырылып жатыр. Бұл салтанатты шырша тойы Елбасының өздеріңдей өскелең ұрпаққа көрсеткен  құрметі! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында еліміз 27 жылдың ішінде көптеген жетістікке қол жеткізді. Ұлы даланың ұрпақтары ақылды да алғыр, зерделі де зерек болуы керек. Жаңа жыл – барша баланың асыға күтетін, армандайтын,  ең көңілді, ең ғажап мерекесі. 

Міне, Жаңа 2019 жылға санаулы күндер ғана қалды. Бәріміз Жаңа жылдан үлкен үміт күтеміз. Сендердің бала жүректеріңде жаңа жылдық ғажайып сезім бар. Арман бар. Оны мен жақсы түсінемін. Себебі, біз де сендер сияқты бала болғанбыз. Айналайын балалар! Бақытты болыңдар! Тәуелсіз елімізбен бірге өркендеп, биік белестерді бағындырыңдар! – дей келе, өңір басшысы ел Президенті атынан №1 балалар үйінің тәрбиеленушісі Ұлықпан Қабылбеков пен «Айналайын», балалар үйінің тәрбиеленушісі Ирина Веснинаға жаңа жылдық сыйлық табыс етті.

Айта кетейік, қазіргі таңда облыста барлығы 390 мыңнан астам оқушы білім алса, 80902 бүлдіршін балабақшада тәрбиеленуде. Президент шыршасына өңіріміздің қалалары мен аудандарынан ең үлгілі 200 оқушы қатысып отыр.

Бұдан кейін балдырғандар Аяз ата мен Ақшақарды ерекше ықыласпен қарсы алды. Мерекенің бас кейіпкерлері бүлдіршіндерді Жаңа жылмен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Содан соң балалар бір-бірінің қолдарын ұстап, шыршаны айналып ән салды, би биледі. Осылайша олар шырша шамдарының жануы үшін бар өнерлерін көрсетті.

Шара соңында оқушылар Амандық Ғаббасұлымен естелік суретке түсті.

Мұхтар КҮМІСБЕК