БАҒА ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА

Уақыты: 21.08.2019
Оқылды: 582
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Селекторлық режимде өткен жиынға облыс, қала әкімдері және түрлі сала жетекшілері қатысты.


Үкімет отырысында екі мәселе қаралды. Біріншісі, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттауы, екіншісі «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметін дамыту.

Жиында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Ауылшаруашылық министрі С. Омаров, Сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов баяндама жасап, толық ақпарат берді. Министрлердің баяндамасында өңірлерге жасаған мониторинг бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттауы Алматы облысында байқалғаны атап көрсетілді. Осыған байланысты облыс әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласының әкімі Ғ. Әбдірайымовқа, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Р. Қожасбаев пен «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ басқарма төрағасы Т. Малыбаевқа әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыруды және бағаны өсірмеу жолдарын қарастыруды тапсырды. Аграрлы аймақта отырып, тауар бағасының өсуі үлкен сын екенін ескертіп, қатаң талап қойды.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттауын, ең алдымен, әкімдер тарапынан атқарылуы тиіс шаралардың жүргізілмеуімен байланыстырды. «Біріншіден, бағалар бойынша жедел ақпарат алмасудың маңызды екенін ескеріп, Сауда және интеграция министрінің бірыңғай онлайн платформа құру туралы ұсынысын қолдаймын. Екіншіден, 17 тамызда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру механизмдерін іске асыру қағидалары қолданысқа енгізілді. Ол бағаларды тұрақтандыру механизмдерін бекітуге мүмкіндік береді. Ал өңірлердің ақпараты бойынша, қағидалар тек 2 қыркүйекте бекітіледі. Әкімдерге аталған механизмдерді іске асыру үшін өңірлік қағидаларды тездетіп бекітуді тапсырамын. Тұрақтандыру қорлары тауарларды сатып алу уақытын өткізіп алмауы керек», – деді Үкімет басшысы. 

Премьер-Министр тұрақтандыру қорының жұмысы тиімсіз болып отырғанын және оны өзгерту қажеттігін атап өтті. Үкімет басшысы Сауда және интеграция министрлігіне: «Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, екі аптада тұрақтандыру қорларының жұмысын тексеріп, олардың жұмыс форматын өзгертуді тапсырамын. Сонымен бірге, Сапархан Кесікбайұлы, әлеуметтік маңызы бар 10 өнімді өндіру жөнінде бағдарлама әзірлеңіздер. Бұл да бағаны өсірмей, ұстап тұруға оң әсер етеді. Әкімдер бағаларды өсірмеуді ерекше бақылауда ұстауы қажет. Апта сайын мониторинг жүргізіп, жедел шара қабылдаңыздар», – деп тапсырма берді. 

Селекторда «Астана» халық- аралық қаржы орталығы қызметінің қазіргі нәтижелері мен перспективалары туралы «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы  Қ. Келімбетов, ҚР бірінші қаржы вице-министрі Б. Шолпанқұлов баяндама жасады. 

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығы ұлттық инвестициялық реформаның маңызды құрауыштарының бірі және еліміздің экономикалық өсімін жеделдетуге бағытталған. Үкімет басшысы осы жұмысты одан ары жетілдіруді тапсырды. 

Үкімет отырысының соңында облыс басшысы барлық ведомство басшыларына және орынбасарларына аталған мәселе бойынша жұмыс істеп, жауапкершілікпен қарау туралы қатаң талап қойды.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ