ПРЕЗИДЕНТ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДАҒЫ БІРНЕШЕ КӘСІПОРЫННЫҢ ЖҰМЫСЫН КӨРДІ

Уақыты: 22.08.2021
Оқылды: 1460
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Алматы облысына сапары барысында "Қайсар-2021" оқу-жаттығуына қатысып, Алматы өңіріндегі зауыттар мен кәсіпорындарды аралады. Сондай-ақ, Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ инвестициялық жобалар, әлеуметтік-экономикалық даму тақырыбындағы есебін тыңдады. Бұл туралы "Жетісу" газеті Президенттің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан құрылымының Алматы облысындағы Жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығында өткен «Қайсар-2021» жедел-тактикалық оқу-жаттығуларына барды.

Мемлекет басшысына арнайы жасақ қызметкерлерінің қоян-қолтық ұрысқа дайындығы көрсетілді. Президент жаттығу жүйелері, биікке өрмелеу қабырғалары және оқу орталығының мультимедиялық мылтық ату полигонын аралады.

Жоғарғы Бас қолбасшы әскерилер алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанның мықты мемлекет болып қалыптасуына құқық қорғау органдары елеулі үлес қосып жатқанын атап өтті.

– Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында елімізде қоғамдық қауіпсіздік берік орнықты. Қылмыспен күресіп, азаматтардың алаңсыз тіршілігін қамтамасыз ету – тәуекелі көп жұмыс. Тәртіп сақшысы кез-келген уақытта қатердің бетін қайтаруға дайын тұруға тиіс. Бұл зор жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Полиция қызметкерлері қашанда қырағы әрі ширақ болуы керек. Сондықтан, осындай оқу-жаттығулар кәсіби шеберлікті шыңдау үшін өте маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент құқық қорғау органдарында қызмет ету физикалық және психологиялық қысымға ұшыратады, тіпті, кейде жеке өміріне де қауіпті екеніне тоқталды.

– Тәуелсіздік жылдарында ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қатарынан, барлығы 802 азамат қызметтік міндеттерін орындау барысында қаза тапты. Олар өмірінің соңына дейін антына адал болды. Ерлердің есімі мәңгі ұмытылмайды. Жанқиярлығы мен батырлығы үшін 1567 қызметкер ордендермен және медальдармен марапатталды, – деді Мемлекет басшысы.

Жоғарғы Бас қолбасшы құқық қорғау органдары саласындағы штаттық қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесіне тоқталды.

– Алдағы үш жылда ішкі істер органдары қызметкерлерінің лаузымдық еңбекақысы орта есеппен 30 пайызға өседі. Осы мақсатқа жұмсауға 100 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Ұлттық ұлан сарбаздарының айлық жалақысы біртіндеп өсіп келеді. 2021-2023 жылдары офицерлердің жалақысы 70 пайызға, келісімшарт бойынша қызмет ететін әскерилердің еңбекақысы 60 пайызға жуық артады. 2024 жылдың соңына дейін арнайы күштерде қызмет ететіндер мен келісімшарт бойынша қызмет артқарып жүргендердің бәрі офицер шенін алады. Жыл сайын тұрғын үйге қомақты қаражат жұмсалып келеді. Қазіргі кезде 24 мың полиция қызметкері мен 13,5 мыңнан астам әскери қызметшіге тұрғын үй төлемдері беріліп тұрады. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күзететін қызметкерлерге жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсету біздің мемлекетіміздің басымдықтарының бірі болып қала береді, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жедел-тактикалық жаттығуларға баға бере келе, Ішкі істер министрлігі түрлі дағдарыстардың алдын алуға және жолын кесуге тас түйін дайын екендерін көрсетті деді. Мемлекет басшысы осы жетістіктермен тоқтап қалуға болмайтынын, халықаралық озық тәжірибені мұқият зерделеп, отандық мамандарды дайындау жүйесін дәйекті түрде жетілдіру қажет екеніне тоқталды.

– Халықаралық ахуалдың шиеленісуі жағдайында біздің күштік құрылымдар мейілінше ұтқыр болуға тиіс. Ауғанстандағы жағдайға байланысты қоғамда алаңдаушылық артып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл оқиғалар Қазақстанға тікелей қауіп төндірмейді. Алайда белгілі бір дәрежеде қатері бар. Сондықтан біз жағдайды мұқият бақылап, кез келген сын-қатерге лайықты жауап беруге дайын болуымыз керек, – деді Жоғарғы Бас қолбасшы.

Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылымдар қызметкерлерінің алдында сөйлеген сөзінде жас ұрпақтың соларға қарап бой түзейтінін ескертті.

– Баршаңыз тәртіп сақшысы деген абыройлы атқа лайық болуларыңыз керек. Сіздерге берілетін ең жоғары баға – халықтың сенімі мен алғысы. Ішкі істер органдарының қызметкерлері осы сенімді ақтайды деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Жоғарғы Бас қолбасшыға Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ведомство қызметкерлерінің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тапсырмаларды орындауға дайындығы туралы баяндап, арнайы, әскери техникалар мен қару-жарақтардың үлгілерін көрсетті.

***

 

Қазақстан Президенті Алматы облысына сапары кезінде "Dolce" компанияcының жұмысы мен шығаратын өнімдерін көрді.

Компания басшылығы «Dolce» кәсіпорнының ел нарығында 1998 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын айтты. 372 адам еңбек етіп жатқан кәсіпорын 160-тан астам өнім шығарады. Олардың арасында қазіргі уақытта аса қажет медициналық қолғаптар, үш және төрт қабатты бетперделер, халаттар, дәрі-дәрмектер бар. Компанияның жылдық қаржы айналы – 8,4 млрд.теңге.

Мемлекет басшысына облыстағы денсаулық сақтау саласының жағдайы туралы баяндалды. Алматы облысында коронавирусқа қарсы іс-шаралар аясында қысқа мерзімде 200 төсектік жұқпалы аурулар ауруханасы салынып, 180 жедел жәрдем көлігі және 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынған. Облыстың 17 ауруханасы оттегі станцияларымен қамтамасыз етіліп, төсек-орындардың 45 пайызы оксигенотерапиямен қамтылған. 17 компьютерлік томограф, 53 рентген, 75 Хай Флу, 606 желдету аппараты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, бүгінде облыс халқының 649 мың тұрғыны екпенің І компонентін, 510 мыңы II компонентін салдырған. Бұл облыс халқының 60 пайызы вакцинамен қамтылғанын көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев облыс басшылығына өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды үнемі бақылауда ұстауды, вакцина салу жұмысын жеделдетуді тапсырды.

***

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына сапары барысында Іле ауданындағы «Лукойл Лубрикантс Орталық Азия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жағармай шығаратын зауытында болды.

Мемлекет басшысына жұмыс барысы мен шығарылатын өнімдер көрсетілді. Сонымен қатар, кәсіпорынның қазіргі жұмысы мен технологиялық тұрғыдан жаңғырту жоспары туралы ақпарат берілді.

Зауытты аралап көрген Президент компанияның жұмыстарына оң баға беріп, табысты дами берулеріне тілектестік білдірді. Жобалық қуаты жылына 100 мың тонна жағармай өндіретін зауыт 225 адамды жұмыспен қамтып отыр. Инвестициялық жобаның құны - 94 миллион доллар.

***

Мемлекет басшысы "Маревен Фуд Тянь-Шань" кәсіпорнының жаңа мүмкіндіктерімен танысты. Компания басшылығының мәліметіне сәйкес 4,5 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорынға 30 миллиард теңге инвестиция салынған.

Компания Жапония, Швейцария және Германиядан әкелінген инновациялық құрылғылармен тез дайындалатын азық-түлік өнімдерін  шығарады. Жылына 85 мың тонна өнім шығаруға мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта кәсіпорын 500 миллион қаптама шығарса, соның 70 пайызы экспортталады.

«Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС 670 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның 95 пайызы жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс әкімі Амандық Баталов өңірдегі жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар мен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді.

Облыс әкімінің айтуынша, аймақ экономикасына 312 миллиард теңге инвестиция тартылып, 40 мың жұмыс орны ашылған. Биыл өңірде жалпы құны 112 миллиард теңге болатын 65 жоба іске асырылып жатыр.

Амандық Баталов Президенттің былтырғы Германияға жасаған сапарының нәтижесінде «Бауманн» компаниясы ұсақ мал етін өңдейтін қуаты 30 мың тонналық «Жетісу қой» жобасын қолға алғанын хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев облыста атқарылып жатқан инвестициялық жобаларға оң баға беріп, басталған жұмыстарды уақтылы аяқтауға тапсырма берді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"