ШАРУАЛАР ҚАРЖЫДАН ҚЫСЫЛМАЙДЫ

Уақыты: 18.05.2024
Оқылды: 381
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылшаруашылық саласына қатысты реформа жариялады. Онда елдегі әрбір шаруа иесінің маңызды мәселелеріне бейжай қарамай, мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау қарастырылатыны айтылды.  Демек, ауылшаруашылық саласының өркендеуіне, заман ағымына сай дамуына мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Шаруа қожалықтарының көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін айналым қаражатын толтыруға арналған «Кең дала – 2» бағдарламасы соның айқын дәлелі.

Аграрлық несие корпорациясының бағдарламасы аясында агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама арқылы ауылшаруашылығы өндірушілері 2024 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына тиімді төмендетілген мөлшерлемемен кредит ресімдеуге мүмкіндік алды. Осы бағдарлама аясында кепілдікті қамтамасыз ету бойынша қатаң талаптар жоқ. Сондай-ақ, фермерлерге жылдық маусымды ескере отырып, қарыздарды өтеудің икемді шарттары ұсынылды.

Аграрлық несие корпорация тарапынан қаржыландыратын бұл бағдарлама 2024 жылдың каңтар айынан бастау алды. Бағдарлама шаруалардың жұмысын ілгерілету мақсатында 1  миллиард теңгені игерген. Жетісулық диқаншылар бағдарлама жемісін көріп, өз жоспарларына сәйкес жүйелі жұмыс жүргізді. Енді 2024 жылдың сәуір айынан бастап «Кең дала – 2» бағдарламасы ашылды. Облыс шаруаларының игілігіне берілетін қаражат мөлшері 3  миллиард теңгені құрайды.

 Аталған бағдарламаға тікелей қарыз алушылар, несие серіктестіктері және екінші деңгейлі банктер қатыса алады. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін айналым қаражатын толтыру мақсатында берілетін несие 5 пайыздық мөлшерлемемен ұсынылады. Шаруалар қажетіне қарай 1,5 миллиард теңгеге дейін қаражат алуына мүмкіндігі бар.

«Кең дала – 2» бағдарламасы бойынша несие алушы кепілзат ретінде төменде көрсетілген мүліктерді қоя алады.

  1. Қарыз сомасының 85%-ы «Даму» КДҚ АҚ кепілдігі түрінде жүзеге асады. Ал қарыздың қалған сомасына, яғни 15%-на және сыйақыға қоғамның кепіл саясатының талаптарына жауап беретін мүлік кепілі қабылданады;
  2. Қоғамның кепіл саясатының 100% талаптарына жауап беретін мүлік. Шаруа иесінің кепілге қоятын мүлкі болса, құжаттары толық талап бойынша жинақталса, онда өзіне қажетті қаражат көзін ала алады.

Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін қаржыландыратын бағдарламаның өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, бағдарламаға тікелей қарыз алушылар қатыса алады. Сонымен қатар, кепілзаты жеткіліксіз болған жағдайда 85% «Даму» АҚ кепілдік бола алады. Демек, бұл жерде диқаншы шаруасының оңтайлануына барлық жағдай қарастырылған. Егер аталған бағдарламаға қатысқыңыз келсе, шаруа қожалығы тізім бойынша өзінің құжаттарын жинап, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Жетісу облысы бойынша филиалына өткізуі қажет.

Еңлік КЕНЕБАЙ
Фото: baibolsyn.kz