ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНДА ЖЕМШӨП, ШАБЫНДЫҚ МӘСЕЛЕСІ СӨЗ БОЛДЫ

Уақыты: 01.09.2021
Оқылды: 1504
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бүгін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің кезекті Жолдауын жариялады. Ел дамуының негізгі бағыттары, алдағы мақсат-міндеттеріміз белгіленген Жолдаудың басты бағыттарының бірі ауылшаруашылығын дамыту болды.

Еліміз ежелден төскейінде өрген төрт түлігімен тірлігін түзеп, «малым жанымның садағасы» деп ғұмыр кешкен. Сондықтан да көнеден тамыр тартқан тұрмыс үрдісінен ажырамай, қазір де қора-қора малын өрбітіп отыр.

Биыл қуаңшылық пен құрғақшылықтың кесірінен батыс аймақтарда малдың қырылуы, жемшөптің жетіспеушілігі сынды мәселелер белең алды. Тірлігін түзбен байланыстырған шаруалар үшін бұл ауыр соққы болғандай. Осы ретте Президент мұндай түйткілді дүниелердің қайталанбауы үшін жемшөп алқабын молайту, шабындық жерлердің күтімін арттыру, малдың қыстық азығын дайындау ісіне баса назар аудару керектігін айтып өтті.

Расымен де, Абайша айтсақ, қолымызды мезгілінен кеш сермемей, әр нәрсені уақытылы қадағалаған жөн. Жауын-шашын аз болып, мал азығы кеміген батыстағы жағдай бізге сабақ болуы тиіс. Ел болып көмек қолымызды сол шаруаларға соза отырып, ауыл шаруашылығы жерлерін оңтайлы игеруді қолға алған дұрыс деп есептеймін.

Мемлекет басшысы жердің шетелдіктерге сатылмайтыны және жалға берілмейтіні жайлы Жарлыққа қол қойып, кемел шешім қабылдады. Бұл бастамаға барша қазақ жұрты ыстық ықылас танытып, барынша қолдау көрсеткені анық. Шыны керек, қазақ ұлысы ежелден кең-байтақ жерінің төсінде еркін көсіліп, көшпелі тұрмыс салтын құп көрді. Отырықшылық үрдісі кейінірек келгенімен, төрт түлігін өрбіткен сары даланың қасиетін жіті түсінген. Сол алып даланың әр адымында аналардың көз жасы, әкелердің қаны жатыр. Сондықтан да, біз үшін туған жердің уыс топырағы да қымбат.

Өзге мемлекеттің өкілдеріне жерді бермеу мәселесінен кейін де көтерілер тақырыптар көп. Соның өзектісі - өз азаматтарымыздың жерге немқұрайды қарамауы. Себебі, кей тұлғалар мың гектарлап жерді өз аттарына аударып, қауқары жетпегендіктен түгелдей пайдаланбай, бос жатқанын көзіміз көріп жүр. Ал кейбіреулері жұмысын үйлестіре алмағандықтан жалға беріп, жаңылыс басуда. Сондай жерлерді мемлекетке қайтарып, қолынан іс келетін азаматтарға бөліп беру тақырыбын зерделеуіміз қажет. Өзіміздікі деп табан астына басып, қол қусырып отырудың қажеті шамалы. Керісінше, еңбек еткісі келген елге табыстап, ең алдымен, бұқараның ортақ тілек-талабына құлақ асқан жөн.

Бұл жайында Президент кезекті Жолдауында тағы да баса айтқаны қуантты. Сонымен қатар, субсидия мәселесі де мінберге көтерілді. Соңғы бес жылдықта шамамен триллион теңге ауылшаруашылығына бөлінген. Бұл - өте ауқымды қаражат. Оның нақты бағытқа қаншасы жұмсалғанын да білмейміз. Ендігі ретте еңбек еткісі келетін азаматтарды қолдау, мемлекеттік бағдарламаларды ретті қолдану ісіне де назар бөлген жөн.

Ержан БИЯХМЕТОВ,

Алакөл аудандық фермерлер ассоциациясының төрағасы, «Бірлестік» шаруа қожалығының басшысы