ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЛАСЫН ЖЫЛУМЕН ҚАМТУ: БӨЛІНГЕН ҚАРАЖАТ, АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС

Уақыты: 25.09.2021
Оқылды: 1009
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Биыл Талдықорған қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне бюджеттік бағдарламаларды іске асыруға 9521282 мың теңге бөлінді, 19 тамыздағы жағдай бойынша бөлім бюджетінің ұлғаюына байланысты нақтыланған бюджет бойынша бөлінген қаражат сомасы 10510572 мың теңгені құрады. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрым Әлиұлының айтуынша, бөлінген қаржы аясында 3-ші бөлімше, Алмалы, Ключи, Қаратал саяжай қоғамдарындағы 4 сумен жабдықтау нысанының ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілген. Қала аумағындағы «Ардагерлер» саябағын абаттандыру, қалаішілік арық желілерін қайта жаңарту, Қабанбай батыр көшесіндегі гүлбақты орнату, аулаларды абаттандыру, саябақтар мен скверлерді ұстау және қызмет көрсету,  қаланы көгалдандыру, ескерткіштер орнату, тағы да басқа жұмыстар жүргізілуде.

Қаланың коммуналдық қызметін жақсарту мақсатында арнайы техника сатып алу үшін 1021600 мың теңге бөлініпті. Айталық, «Талдықорған Коркейту» ЖШС коммуналдық қызметі үшін 34 бірлік арнайы техника, тротуарларды тазалауға арналған құрамдастырылған 4 машинаны сатып алу бойынша конкурс жарияланған. Сондай-ақ, 8 бірлік суару-жуу құрама жол машинасын іске қосу, коммуналдық қызметтер үшін 4 бірлік арнайы техника сатып алу жоспарлануда. Қаладағы 26957 абонент, оның ішінде 198 коммерциялық ұйым, 12684 жеке үй және 251 көппәтерлі үй табиғи газға қосылған.

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж ретінде 14567 азамат есепте тұр. Жыл басынан бері «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Шаңырақ» несиелеу бағдарламасы бойынша 110 пәтер, қыркүйек-қазан айларында 477 пәтерді бөлу жоспарланған. «Бақытты отбасы» несиелеу бағдарламасы бойынша келісімшарттар жасалып, 60 азамат тұрғын үйге ие болды. Сонымен қатар, кезекте тұрғандардың сервистік бағдарламасына кірмей қалған 1500-ге жуық азаматтың ісі қайта қаралып, бүгінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне 500-ден аса азаматтың кезегін қалпына келтіруге өтінім жолданыпты.

Қаладағы 754 көппәтерлі үйдің 734-і орталық жылумен, қалған 20 көппәтерлі үй жеке пештермен жылытылады. Биыл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тапсырысы бойынша қаланы жылумен қамтамасыз ететін №1,2,5 қазандықтарына қайта жаңғырту жүргізілуде.

Айталық, су жылыту қазандықтарын газ және сұйық отынға ауыстыра отырып, №1 қазандықты жаңғыртуға 665072 мың теңге, №2 қазандықты жаңғыртуға 1703398 мың.теңге, №5 қазандықты жаңғыртуға 669 196 мың теңге бөлінген. Аталған үш қазандықты жаңғырту жұмысын «АЗИЯ ЭНЕРГО ПРОЕКТ МОНТАЖ» ЖШС жүргізуде. Аталған жоспар жылыту маусымы басталғанға дейін толығымен аяқталады.

Биыл Талдықорған қаласында жүйелі жоспар бойынша тынымсыз істелген жұмыстың нәтижесі қаланы абаттандыру, көркейту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, газ, су, жылумен қамту бағытында қыруар шаруа тындырылғанын көрсетті. Бұл алдағы уақытта да қала тіршілігін қалыпты деңгейде ұстап тұруға мол мүмкіндік береді. 

Омар АҚЫН

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды