ЖОЛАҚЫСЫ - 100 ТЕҢГЕ. ҰЗЫНАҒАШ АУЫЛЫНЫҢ ІШІНДЕ АВТОБУСТАР ЖҮРЕ БАСТАДЫ

Уақыты: 17.04.2022
Оқылды: 2188
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Араға 32 жыл салып Ұзынағаш ауылының ішінде қоғамдық көліктерқайтадан жолаушы тасымалдай бастады. «Ұзынағаш автопаркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 8 автобус үш бағыт бойынша жолға шықты.Тұрғындар көптен күткен бұл игілікті іс аудан әкімідігінің ұйымдастыруымен және жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен іске асты.

Өткенге зер салсақ, 1990 жылға дейін аудан орталығында арнайы ауылішілік автобустартұрғындарға қызмет көрсеткен. Одан кейін қоғамдық көліктер жұмысын тоқтатып, оның орнынжеке таксилер алмастырды. Бірақ жыл өткен сайын такси қызметінің құны өсіп, тұрғындардың қалтасына салмақ салды.Аудан орталығында қоғамдық көліктердің қажеттігі әсіресе кейінгі жылдары қатты сезілетін еді. Себебі елді мекен шекарасы кеңейіп, жаңа шағын аудандар бой көтеріп, халық саны еселеп артты. Тиісінше жолаушы тасымалына деген сұраныс өсті. Бұл мәселе біраз жылдан бері халықтың өтінішіне айналып, әлеуметтік желіде және жиналыстарда жиі көтерілетін. Енді, міне, қарапайым халықтың тілегі орындалып, су жаңа автобустар жолаушы тасымалдай бастады.

Автобус жүргізушілерімен арнайы барып кездескен аудан әкімі Нұрлан Ертас оларға жол қауіпсіздігі ережесін қатаң сақтауды ескертіп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Ал үш бағыт бойынша жолаушы тасымалдауды жолға қойып отырған «Ұзынағаш автопаркі» ЖШС-нің басшысы Әсеке Олжабайұлына алғыс айтып, ризашылығын білдірді. Нұрлан Ертасұлы сонымен қатар Ұзынағаш маңындағы «Аманат» мал базарынан бастап Ынтымақ ауылына дейін жүретін №1 бағыттағы автобусқа отырып, жолаушылармен бірге сапарлап қайтты. Қоғамдық көліктер іске кіріскен алғашқы күні-ақ жолаушылар саны көп болды. Аудан басшысының айтуынша, Ұзынағаш және онымен іргелес Жаңақұрылыс, Қайназар, Ынтымақ ауылдарында бүгінде 70 мың шамасында халық тұрады. Оның ішінде мектеп жасындағы балалар саны 15 мыңға жуық. Қоғамдық көліктер тек аудан орталығында ғана емес, сонымен қатар, аталған елді мекендерге дейін қатынайды. Таксиге қарағанда бағасы да айтарлықтай арзан. Жол ақысы үлкендерге 100 теңге, ал балаларға 50 теңге болып бекітілген. Бұл әсіресе көпбалалы отбасыларға біраз жеңілдік болмақ. Алғашқы жолаушылар бұған өз ризашылықтарын білдіріп, халыққа қолайлы әрі қолжетімді қызмет ұсынылғанына қуанып жатты.

Нөмірі бірінші бағыт Ұзынағаштың солтүстік шетінен бастап орталықты аралай өтіп, Ынтымақ ауылына дейін барса, екінші бағыт Ұзынағаш-Қайназар, ал үшінші бағыт Ұзынағаш-Жаңақұрылыс болыпбелгіленген. Автобустар таңғы сағат 7:00-ден бастап кешкі 20:00-ге дейін жүреді. Көліктердің қозғалыс аралығы 15 минуттан.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы