Аз қамтылған отбасылардың коммуналдық шығындарының бір бөлігі өтеледі

Уақыты: 13.07.2023
Оқылды: 1184
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Аз қамтылған отбасылардың коммуналдық шығындарының бір бөлігі өтеледі, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім кеткендей биылдан бастап энергия көздерінің жабдықтарын кешенді жаңғырту, сондай-ақ, электр, жылу, сумен жабдықтау және су тарту желілерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасын іске асыру басталған. Бұл апаттар санын азайтуға және жалпы ұсынылатын коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда ТКШ кәсіпорындарының тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды өзгертуге қатысты (жөндеу жұмыстары мен қызметкерлердің жалақысын көбейту, қараусыз жатқан желілерді күту және т.б.) 212 өтінімі бекітілді. Нәтижесінде коммуналдық қызметтер тарифтерінің өзгеруі 10-30 пайыз болды, мұнда тұтынушылар мен коммуналдық қызметтер мүдделерінің теңгерімі ескерілген.

Бұл ретте халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарының коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындардың бір бөлігі өтеледі. Мұндай тетік мемлекеттік тұрғын үй көмегін көрсету аясында көзделіп отыр.

"Ол аз қамтылған отбасыларға немесе азаматтарға коммуналдық қызметтер (жылу, электр және сумен жабдықтау, байланыс, лифт қызметі және т.б.) шығындарын өтеу үшін тоқсан сайын төленеді. Басты шарт - төлем алушының меншігінде Қазақстан аумағында бір ғана баспана болуы керек немесе ол мемлекеттік тұрғын үй қорынан, жекеменшік тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған баспананы жалға алушы (тең жалға алушы) болуға тиіс", - делінген хабарламада.

Биыл Үкімет енгізген өзгерістерге сәйкес, егер коммуналдық қызметтерге жұмсалатын сома отбасының немесе азаматтың бір айдағы жиынтық табысының 10 пайызынан асатын болса, тұрғын үй көмегі беріледі. Бұрын бұл көрсеткіш әр өңірге байланысты 2-20 пайыз аралығында болған. Бұл ретте әкімдіктер рұқсат етілген шекті деңгейді 10 пайыздан төмендетуге құқылы.

Мысалы, егер отбасының немесе азаматтың бір айдағы жиынтық табысы 100 мың теңге, ал коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыны 15 мың теңге (табыстың 10 пайыздан астамын) болса, онда азаматтың жергілікті бюджет қаражаты есебінен өтем алуға құқығы бар.

Үкімет бекіткен түзету болашақ тұрғын үй көмегін алушыларды қамтуды кеңейтуге және аз қамтылған азаматтарға қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған.