Аудан әкімдігінің демалыс үйі сауықтыру лагеріне айналды

Уақыты: 18.07.2023
Оқылды: 1286
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алакөл ауданының Ақши ауылында елді елең еткізген кезекті жаңалық тіркелді. Көпшілік жақсы білетіндей, осыдан біраз бұрын облыс әкімінің Панфилов ауданындағы резиденциясы балалардың емдеу-сауықтыру орны ретінде қайта жабдықталған еді. Енді, міне, сол игілікті іс Алакөлде жалғасын тапты. Аудан әкімдігінің Ақши ауылындағы демалыс үйі бұдан былай жеткіншектердің демалып, денсаулығын түзететін демалыс орны ретінде қайта құрылып, жабдықталып, салтанатты түрде ашылды.

«Жансая» күндізгі болу орталығы – оңалту бөлімшесімен» КММ-нің Алакөл ауданы, Ақши ауылындағы «Жансая» жазғы демалыс үйі ресми түрде жұмысқа кірісті. 

Демалыс үйінің аумағы кең, барлық қолайлылықтар қарастырылған,  жасыл желекке бөленген. Аумағында орналасқан  ғимараттың жалпы пайдаланатын алаңы 200,3 шаршы метр. Ғимараттың жобалық қуаты 40 орынға арналған. Жаз айларындағы әр демалыс маусымы 5 күннен тұрады. Жазғы демалыс кезіндегі 5 маусымда 200 бала қамтуды жоспарланған. Демалушыларға жазғы кезеңде 24 штаттық бірлік қызмет көрсетеді. Демалыс орны балаларға арналған жатын төсектер, жеке заттар, киімдер салынатын шкафтар, түрлі жұмсақ жиһаздармен түгел қамтылған. Асхана  қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Сыртқы аулаға ойын алаңқайлары мен су бассейні салынған.  Сонымен қатар, жазғы кезеңде демалушылардың өмірі және денсаулық қауіпсіздігіне байланысты алғашқы медициналық көмек көрсетуге және өртке қарсы дабыл беру, өрт сөндіруге қажетті құралдарымен қамтылып, бейнебақылау орнатылып,  ғимараттарда мүгедектердің жүріп-тұруына қажетті жағдайлар жасалыпты. 

Демалыс орнының ашылу салтанатына арнайы келген аудан әкімі Алмас Әбдінов:  «Құрметті ата-аналар, қадірменді халайық! Өздеріңіз білетіндей, біздің елде балалар ерекше қамқорлықта. Мемлекет басшысының өзі осы бағыттағы жұмыстарды бақылауға алған. Осы орайда Жетісу облысында жеткіншектерге барлық жағдай қарастырылғанын айта кеткен жөн. Облыс әкімінің қолдауымен үлкен істер атқарылуда. Бейбіт Өксікбайұлы ауданымызға келгенінде көл жағалауында мүгедек балаларға арналған демалыс орнын ашу қажеттігін айтқан еді. Бүгін сол тапсырманың орындалғанына куә болып отырсыздар. «Жансая» оңалту орталығының жаздық демалыс үйі пайдалануға беріліп, алғашқы демалушыларын қабылдады. Сырт көмекке мұқтаж жеткіншектеріміз осында демалып, ем алатын болады. Алдағы кездері де балаларға қамқорлық, қолдау істері жалғасады. Бүгінгі қуанышпен құттықтаймын!» – деді. 

Одан кейін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Мизамбаев демалушыларға тілегін арнап, облыста осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сатай Бекболатов ақ батасын беріп, игі істерге ілгерілеу тіледі. Демалып, ем алуға келген балалардың ата-аналары атынан сөз алған Сәлима Төлепбергенова жан жылуына мұқтаж жеткіншектерге жағдай жасап отырған жандарға ата-аналардың алғысын жеткізді.

Айдын көлдің жағасындағы демалыс орнының лентасы қиылып, шашу шашылды. Құрметті қонақтар мен демалушы балалардың ата-аналары ғимаратты, ауланы аралап көріп, жеткіншектерге қажетті жағдайдың бәрі жасалғанына көз жеткізді. 

Б. ҚАБДЕШҰЛЫ
 Алакөл ауданы

Суреттерді түсірген Д. ЕРОФЕЕВ