Тамыз кеңесі: Жетісу облысына 5 бағытта секциялық отырыс ұйымдастырылды

Уақыты: 25.08.2023
Оқылды: 833
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Адамзат баласының ең қастерлі жетістіктерінің түп бастауы,  бойындағы асыл құндылығының қайнар көзі білімде жатыр. Өркениет пен мәдениеттің, даму мен дараланудың да түпкілікті тамыры білімнен тарамдалады. Соданда болар, әлем ойшылдары осынау салаға қатысты сан мың ғибратты ой толғаса, ұлт болашағы – жастарға үлкен сенім білдірген ғажайып ақынымыз Мағжан Жұмабаев алты Алаштың баласының басы қосылғанда төрдегі орын ұлағат иелеріне, яғни, ұстаздарға тиесілі екенін тарихқа қаттап қалдырған. Алдағы санаулы күнде сол ұлағат иелері үшін аса жауапты кезең – тағы бір жаңа оқу жылы басталмақ. Осыған орай ел көлемінде тамыз кеңесі өтті.

24-25 тамыз аралығында елдің 20 өңірі бойынша білім қызметкерлерінің республикалық «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» атты тамыз кеңесі өрнек тапты. Қос күнге жалғасқан панельдік және секциондық сессияда педагогтар мектепке дейінгі, орта, техникалық, кәсіби, қосымша, инклюзивті білім беру, балалардың құқығын қорғау және сапалы біліммен қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

«Бұл ән, бұрынғы әннен өзгерек» демекші, биылға тамыз кеңесі жаңа форматта ұйымдастырылғаны қуантты. Әдеттегідей жетістіктерді айту, мәртебелі маман иелерін марапаттаумен шектеліп қалмай, биыл білім саласы бойынша күрделі мәселелерді талқылап, әр кемшілікті жою, кедергілерді болдырмау тұрғысында еркін пікір бөлісіп, өзара тәжірибе алмасты. Құқықтық, қаржылық сауаттылық, әр деңгейлі жұмыс, жылдық жұмыс жоспары, сапалы білім, саламатты өмір, ашық қоғам, адал азамат төңірегінде сүбелі ой, сүрлемді пікір айтылған отырыстың тақырыбын Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі арнайы бекіткен-ді. Еліміздегі 17 облыс пен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында секциондық отырыс бекітілген тақырыптар аясында өтті.

Жетісу облысына белгіленген «Қаржылық-құқықтық тәртіп» тақырыбы аясында 5 бағытта секциялық отырыс ұйымдастырылды. Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында өткен бірінші және екінші секциялық жиынға жалпы саны 300 маман қатысты. «Қаржылық-құқықтық тәртіп» және «Білім саласында мемлекеттік сатып алу заңдылықтарының сақталуы» тақырыпшалары негізінде өткен қос секциялық отырысты облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов ашып, игілікті шаранының мақсаты мен міндетін түсіндіріп өтті. Өз кезегінде ел бойынша бастау алған тамыз кеңесіне ҚР Оқу-ағарту министрлігінен өкілдер, іргелі білім ошақтарының тәжірибелі мамандар келіп отырғанын жеткізді.

Заман талабына сай білім беру саласында енгізіліп жатқан өзгерістер мен жүргізіліп жатқан реформалардың басты тірегі – ұстаздар мен сала мамандары екені анық. Сондықтан ашық қоғамда әділдіктен танбай, мәртебелі мамандықтың мерейін үстем ету, саналы да сапалы шәкірт қалыптастырып, ел ертеңі саналар өскелең ұрпаққа білім нәрінің шырынын ұсыну баршамызға ортақ міндет, – деген Марат Бекбосынұлы жиынның тізгінін Оқу-ағарту министрлігі Қаржы департаментінің директоры Гаухар Шақаеваға ұсынды.

Құқықтық нормаларды, білім беру саласындағы мемлекеттік сатып алу заңнамасын қатаң сақтау және қаржылық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері талқыланған жиында:

 – Соңғы үш жылда мемлекеттік білім беру саласына 12,1 трлн. теңге бағытталды. Осы кезеңде мемлекеттік бюджет құрылымындағы барлық шығындардың үштен біріне жуығын білім беру жүйесі алды. Мұғалімдердің жалақысы екі есеге, ғылыми дәрежесі мен қосымша сабақтары бар ұстаздардың еңбекақысы үш есеге өсті.

Бүгінгі таңда білім беру жүйесіне бөлінетін бюджет қаражатын пайдаланудың бірқатар проблемалары бар, әсіресе қаржылық-құқықтық тәртіп бөлігінде. Бұл қаржылық құқық бұзушылықтарға әкеледі. Қаржы-құқықтық тәртіпті бұзуға көбінесе нормативтік-құқықтық нормаларды елемеу кезінде жол беріледі. Атап айтқанда Бюджет кодексі, Салық кодексі, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс және т.б., олар қаржы қызметтері басшылары мен қызметкерлерінің барлық негізгі көзделген міндеттері мен жауапкершілігін нақты реттейді, – деген Гаухар Серікқалиқызы, көпшіліктің көкейінде жүрген көптеген сауалдың жауабын бергендей көрінді. Айтуына қарағанда қаржылық бұзушылықтарды азайту мақсатында министрлік сыбайлас-жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп білім беру саласындағы лоббизм және бюджет қаражатын игеру процестеріндегі жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған тетіктерді әзірлеу жөніндегі ұйымдастыру жұмыстарының жоспарына қол қойған. Министрлік бухгалтерлік есеп және кадр саясаты жүйелерін ұлттық білім беру дерекқорымен және қазынашылық жүйесімен интеграциялауды ұсынған. Бұл бюджет қаражатын аударуды бақылауды арттыруға және үшінші тұлғаларға қаражат аудару тәуекелдерін болдырмауға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде Қаржы департаментінің директоры мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржы мемлекеттің ақшасы екенін, сыбайлас-жемқорлықтың кез келген көрінісі ел мүддесіне қарсы бағытталған соққы екенін көпшілік жете түсіну керектігін ескертті. Адал қоғам, абыройлы да игілікті іс балаларымыздың болашағын гүлдендіретінін, тек моральдық нормалар, жоғары ішкі мәдениет, адамгершілік, әділеттілік, мінез-құлық этикасы қоғамда жарқын көрініс беру керектігін атап өтті. «Бюджет қаражатының жұмсалуына және мемлекеттік мүлікке ұқыпты, адал, парасатты қарауды өзімізден бастау маңызды», – деп айрықша тоқталды.

Секциялық отырыстың келесі кезегінде Жетісу облысы Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Момыш Махметов «Мемлекеттік сатып алу: жүзеге асыру тәртібі мен қағидаттары» тақырыбында, Қостанай облысы білім басқармасының бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Аймара Ақпасова «Орта білім беру ұйымдарындағы бюджеттік жоспарлау» тақырыбында, Алматы қаласының №165 мамандандырылған лицейінің бухгалтері Жазира Шермаханова және Алматы қаласының №39 гимназиясының бухгалтері Гүлжамила Тасболатова «Жан басына шаққандағы қаржыландыруды практикалық қолдану» тақырыбында баяндама жасап, өздерінің тәжірибесімен бөлісті.

«Білім саласын қаржыландыру: проблемалар және оларды шешу» тақырыбы аясындағы 3-ші секция қаламыздың Құлжабай Қасымов атындағы №28 ІТ мектеп-лицейінде өтті. Жалпы шараның мақсаты білім саласын қаржыландырып қана қоймай оны шешудің жолдарын қарастырып, тәжірибе алмасу. Мұнда Шымкент қаласы №25 Т. Рысқұлов атындағы мектеп-гимназиясының директоры Роза Жаңабаева,  Жетісу облысы қаржы басқармасының басшысы Асқар Қожабеков,  «ВilimLand» ЖШС бас заңгері Бекзада Абылқасымов, Панфилов ауданы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры Раушан Байекеева баяндама жасады.

«Мектепке дейінгі ұйымдарда жан басына қаржыландыру мәселелері» тақырыбындағы 4-ші секция №11 «Құлыншақ» аралас бөбекжай-бақшасында өтті.  Жалпы саны 140 маманды қамтыған жиынды облыстық әдістемелік орталықтың әдіскері Ердос Баймырзаев жүргізсе, өз кезегінде Жетісу облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит демартаментінің Сәйкестік аудиті бөлімінің бас маманы, мемлекеттік аудитор Саламат Симайлов, Орал қалалық білім беру бөлімінің бас есепшісі Гүлмира Кенжалиева, Жетісу облысы прокурорының көмекшісі Алишер Айешов сөз алып, белгіленген тақырып аясында өз тәжірибелерімен бөлісті.

Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде өткен «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы қаржыландыру мәселелері» тақырыбындағы 5-ші секцияға Ақтөбе, Атырау, Абай, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Жетісу облыстарынан, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан келген колледж басшылары, заңгерлер, бас бухгалтерлер, бөлімше меңгерушілері қатысты. Офлайн форматта 40 адам, онлайн форматта 100 адам қатысқан шарада облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы Айжан Кәріпбаева білім беру ұйымдарын қаржыландыру мәселелерін атап өтті.

С. Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінің бас бухгалтері Жібек Сұлташева «Колледжді қаржыландыру: туындайтын проблемалар, оларды шешу жолдары» тақырыбында,  жергілікті деңгейде, оның ішінде білім беру саласында бюджет қаражатын негізсіз жоспарлауға және пайдалануға жол бермеу бойынша алдын алу шараларын қабылдау туралы Жетісу облысы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі Қайрат Дайырбеков баяндама жасады. Ал, Талдықорған жоғары медициналық колледжінің директоры Серік Жансенгиров колледждің «Қаржы-шаруашылық жұмысы» тақырыбында тәжірибесімен бөлісті.

Әр өңірден 95 білікті маман, зиялы, жоғары санаттағы тұлғалар қатысқан 5 секция соңында ұсыныстар айтылып, тақырыптар аясында еркін пікір алмасу өткізілді. Әр көтерілген мәселенің шешілу жолы мен шешімі де айқындалғандай болды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Айғаным АЙТМҰХАН