Бала тәрбиесі басты орында

Уақыты: 24.12.2023
Оқылды: 931
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мемлекет басшысы Жолдауында Үкіметке 2025 жылға дейін 100 пайыз балабақшамен қамтылуын тапсырған еді. Өйткені «балам – болашағым» деген елдің сәбилері алаңсыз балғын шақтың бал дәмін сезініп, жайлы өмір сүруі тиіс. Президенттің тапсырмасын орындауда Ескелді ауданы көш басында тұр. Жаңадан ғана емес, бұрын қараусыз қалған ғимараттарды да заман талабына сай жаңғыртып, балаларды қуантуда. Мысал ретінде биыл ғана пайдалануға берілген «Алақай» балабақшасын айтуға болады.

Қарабұлақ елді мекенінде орналасқан балабақшаның өз тарихы бар. Бұрынғы атауы – «Березка». 1992 жылы пайдалануға берілген балабақша 2020 жылға дейін Қарабұлақ қант зауытының меншігінде болған. Бірақ «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен кезеңде қараусыз қалған. Әдетте ешкім қадағаламаған нысанның тез тозатын жөні бар. Жұрт әуелі ішіндегі мүлкін тасиды, сосын қабырғасына «қырғидай» тиеді. Әйтеуір іске алғысыз күйге жеткізеді. Ақыры осыдан     3 жыл бұрын құр қабырғасы қалған ғимарат зауыт меншігінен аудан әкімдігіне өтті. Жергілікті атқамінерлер қираған нысанды сүріп тастамай, күрделі жөндеуден өткізіп, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай халық игілігіне беруге ниет етеді. Жоспар жүзеге асып, «Шах Құрылыс» ЖШС күрделі жөндеуден өткізеді. 140 орынды балабақшаның қысқаша тарихы осындай.

Бүгінде «Алақай» балабақшасында 120 бүлдіршін бар. Тағы 20 балаға арналған топ жасақталу үстінде. Балабақша басшылығының сөзінше, 20-дан астам қызметкер балалардың уақытын тиімді өткізуіне бар күш-жігерін сарп етуде. Олардың арасында қоғам талабына бала тәрбиесіне аса қажетті психолог, логопед және хореограф мамандар жұмыс істейді.

– Балабақша заман талабына сай жабдықтармен толық қамтылған. Бала тәрбиесін ойынмен ұштастыру басты назарда. Тәрбиешілер балаларды музыкамен, спорттық ойындармен дамытуды қолға алған. Оның үстіне балаларға уақыттың қызықты өтуі үшін үлкен акт зал қарастырылған. Сонымен қатар балаларды сауықтыратын тұзды бөлме де бар, – деді балабақша меңгерушісі Эльмира Байсұлтанова.

Біз барған шақта балалар еліміздің мемлекеттік рәміздерімен танысу үстінде екен. Сірә, Тәуелсіздік мерекесіне орай тәрбиешілер бүлдіршіндердің бойына елсүйгіштік дәнегін егуді ойласа керек. Балалар Қазақстан жайындағы танымын қағаз бетіне түсіріп жатты.
140 орынға негізделген балабақша мемлекеттік нысан. Мұнда бір балаға айына 13 мың теңге төленеді. Жанашыр тәрбиешілер тұрғанда ата-аналар балаларына алаңдамай жұмысын істеп, нәпақа табуына бар жағдай жасалған деп айтуға негіз бар.

Дастанбек САДЫҚ 
Ескелді ауданы
Суретті түсірген Руслан ҚАДЫРОВ