Мәскеуден жүлдемен оралды

Уақыты: 26.12.2023
Оқылды: 802
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Әрбір жерлесіңнің жетістігін желпінтіп жазып, оқырманға сүйіншілегеннің өзі бір жан жадыратар, көңіл жасантар дүние-ау. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі» деп Мағжан ақын мәртебесін асырған мамандық иелері, әсіресе жетісулық ұстаздар биылғы жылды зор жетістікпен өткерді. Солардың қатарында Наталья Максименко да бар.

Наталья Сергеевна 9 желтоқсан күні Мәскеу қаласында өткен «Лучшая русская школа за рубежом» халықаралық байқауына қатысып қайтты. 

Біліктілік пен білім сынға түскен бұл байқауда аталған ұлағат иесі «Учитель-международник» жеке аталымы бойынша ІІІ орынды иеленді. Осыған орай Жетісу облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов жүлдегерді арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. 

Өскелең ұрпаққа білім беріп, тәрбие шырынын ұсынып келе жатқан ұстаздардың қоғамдық өмірге белсене араласып, өздерінің білік-білімін шыңдайтын байқауларға қатысуы, сол арқылы биік белестен көрінуі жастардың бойына өнеге дарытатын іс екенін айтқан басқарма басшысы сөз соңында Н. Максименконы аталған жеңісі үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Сонымен қатар ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың арнайы жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

Өз кезегінде сөз алған жеңімпаз өзіне көрсетілген құрмет үшін жетісулықтарға, білім басқармасына, облыс әкімі мен Оқу-ағарту министріне деген алғысын жеткізді. Бәсекеге қабілеті ұрпақ даярлауда өзінің ұлғатты жолында әлі де жемісті еңбек ете беретініне көпшілікті сендірді.

Сарқан ауданы Абай атындағы мектеп-гимназиясында орыс тілі мен әдебиеті пәнінен ұстаздық ететін Наталья Сергеевна негізінен Алакөл ауданының тумасы. Ол 2001-2005 жыл аралығында І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша білім алған.  2005-2012 жыл аралығында Сарқан ауданы Островский атындағы мектеп-лицейінде, 2012 жылдан бүгінге дейін Абай атындағы мектеп-гимназиясында еңбек етіп келеді. 18 жылдық ұстаздық жолында сан шәкіртке білім берген ол жекелей байқауларға қатысып, бірқатарында жүлдегер атанған. Мәселен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы, «ПедСтарт» орыс тілі пәні мұғалімдеріне арналған республикалық қашықтық олимпиадасының І және ІІ дәрежелі дипломы,  Мәскеу қаласында өткен «Пушкинский диктант» халықаралық  байқауының Алғыс хаты сынды жүлделері сөзімізге айғақ. Бүгінде осынау жеңіс қоржынын тағы бір марапатпен толықтырып отырған ұстазды біз де ерекше ықыласпен құттықтаймыз!  

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ