Аналар кеңесі – ұлағат ұясы

Уақыты: 05.03.2024
Оқылды: 535
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ана – ұлт тәрбиешісі. Туған жер, Отан, ана  десе тебіренбейтін жүрек жоқ шығар. Ана сыйлар қызы бар, атаны ардақ тұтар ұлы бар иманды, ибалы халықтың қашанда жүзі жарқын. Жер жаннаты Жетісу жеріндегі облыстық аналар кеңесі «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында мейлінше белсенді қарекет етуде. Аналар кеңесінің басшылығымен облысымызда бірнеше жоба жұмыс істейді. Өңіріміздің әр ауданында, оларға қарасты әр ауылдық округте жастарға айтары бар, өмірлік тәжірибесі мол аналарымыз аянбай еңбектенуде. Әсіресе, Алакөл аудандық аналар кеңесі ұрпақ тәрбиесіне белсене араласып, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге үлес қосып, ата-баба дәстүрін жастар бойына дарытуда, елжанды тұлға тәрбиелеуде құлшыныс танытып келеді. 

«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп әл-Фараби бабамыз айтқандай, еліктеушілік пен әсіре көрсеқызарлық ұрпағымыздың бойына у сияқты дарып жатқандай. Өйткені, темекі шеккен қыз, есірткіге үйір бозбала, әскерден қашқан жігіт, ата-анасын әлекке салып, асығыс үйлене қойып, артынша ажырасып жатқан жас шаңырақ, әкесіз не шешесіз қалып жатқан жас сәби, зорлық-зомбылық, ғаламторға тәуелділік, басқа да бұрыс дүниелер қоғамымызда белең алуда.

Бұл атамыздан қалған дәстүр ме еді?! Мұны не деп ұғуға болады? Қай елдің, қай ұлттың тәлім-тәрбиесі деп түсінеміз? Ата дәстүрі, ана тілегі осы ма еді?! Дана халқымыз «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп ұрпақ тәрбиесіне немқұрайды қарамауды, оларға адал жолды көрсетуді айтқан еді. Қалай болғанда да рухани азып-тозуға жол бермеуіміз керек. Ұрпағымыз азғындауға ұрынса, елдігімізден жұрдай болуымыз ақиқат. Сондықтан, әрбір отбасының ертеңгі келбеті, ондағы жас буынның қалай өсіп жатқаны, оны қалай тәрбиелеп жатқанымызды біз, ата-ана, үнемі естен шығармауымыз керек. Ол үшін шаңырақтағы береке-бірлік, ынтымақ, тәрбие, жауапкершілік қағидаттары берік болуы қажет. 

Ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық кеңістікті ұштастыра білген Алакөл аудандық аналар кеңесі «Ақ отауға – ақ бата» жобасын құрып, 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ата-баба дәстүрі дегенде, әрине, әдет-ғұрыптың, мінез-құлықтың керегін-керексізін тұтас қабылдай бер деген кеңес бермейміз. Әр нәрсе уақыт рухына, заман талабына, қоғам келбетіне қарай  әр ұрпақтың өзіне ұстанар этикасы, мәдени бағдарламасы болуы заңды. «Дәстүрдің озығы да, тозығы да бар» демекші, оның да дамуы, таралуы, талғамға, танымға байланысты. Үрдіс біткеннің бәрін оңды-солды бойыңа сіңіре бер деген жалпылама нұсқау берушіліктен де аулақпыз. 

Десек те ұлтымыз бойына үлгі тұтар өнеге, жүйелі дәстүр, дәрежелер жеткілікті. Туған жерінің әрбір түлегі кешегі өткен бабалар жайлы біліп, өткен өмірден хабардар болуы керек. Әр адамның бойында адамгершілік биік мұрат, адалдық пен адамдыққа  үндейтін азаматтық болмыс болуы қажет. Халық үшін қабырғасы қайысып, адам мен қоғам өміріндегі өзгерістерге бейжай қарамайтын тұлға болып қалыптасу – азаматтық міндет. Ал, тұлға болып қалыптасудың іргетасы отбасында қаланады. Адам өміріндегі ең бір қызықты да қуанышты белең – оның үйленіп, жеке отау тігуі. Адам жаны – небір жақсылық пен кереметтің, ізгі ниеттің қайнар көзі. Адамның сыр сандығын, ішкі дүниесін бүкпей жайып, ең алдымен көзге ілінер – ар дейтін асыл қазына. Осы адами қасиеттерден нәр алып, бастау биіктерге нұсқайтын шыңы – бата. Әдетте бата ауылдың үлкен абыз ақсақалдарының, жолы үлкен адамның үлесіне тиген. Бата қандай жағдайда берілмесін, ол адамды кісілікке, имандылыққа, мейірімділікке тәрбиелейді. 

Алакөл аудандық аналар кеңесінің «Ақ отауға – ақ бата» жобасы тұрмыста тұрақты, махаббатта уәдеге берік, қызметте ұстамды, тәрбиеде иманды, өмірде адал, отбасын тәрбиелеуге үлесін қосады. Осы жобаны жүзеге асыру барысында аналар кеңесі қомақты жұмыс атқарды. Біз некені тіркеу орталығымен тікелей байланыста болып, некелерін заңдастыруға арыз берушілерді зерттейміз. Олардың ата-аналарымен, яғни, қос құда-құдағимен сұхбат өткіземіз. Одақ құруға келіскен екі жасты психолог-маманмен кездестіріп, олардың жан дүниесін білуге тырысамыз. Сонымен қатар, бұл жұмысқа ауыл имамдарын да қатыстырамыз. Тойдың алдында немесе той үстінде беташар болғаннан кейін жастардың некесін ұлттық дәстүрде тіркеуді ұйымдастырамыз. Бұл мақсатта арнайы безендірілген орында жастарға некенің ұлт болашағы алдындағы парызын түсіндіре отырып, сұрақ-жауап әдісімен сұхбаттасамыз. Ұлттық тәрбие мен мемлекеттік жауапкершілікті ұштастыра отырып, жұптың екеуіне де бірнеше сұрақ қойылады. Келесі кезекте дін қызметкерінің қолынан неке суын ішкізіп, бір-біріне неке жүзігін тапсыруды сұраймыз. 

Әрі қарай халқымыздың символына айналған, ішіне шырақ жанған қазақ үйдің макетін ұсына отырып, әулеттің үлкенін ортаға шығарып, көтерілген жас отаудың шаңырағына «Ақ бата» беруді өтінеміз. Қазақ үйдің макетін  қолдарына ұстап тұрып, жас жұбайлар ата-баба ұлағаты алдында, мемлекет пен халық алдында ант береді. Екі жастың ата-анасын неке тіркеу алаңына шақырып, жастарға деген сенім-ризашылығын білдіруін сұраймыз.  Осыдан кейін жастардың некесін тіркейтін құжатқа қолдарын қойғызып, өзіміз дайындаған ант кітапшасын тапсырамыз да  жастарды тойдың төріне шығарып саламыз.

Кейін той иелерімен хабарласа отырып, кеңес мүшелері «Келін шай» ішуге ниет білдіреміз. «Келін шай» ырымын ұйымдастырудағы мақсат – жаңа түскен келіннің барған шаңыраққа икемделуін, енесімен қарым-қатынасын, қайын сіңлісімен байланысын, олардың арасындағы сыйласымдылығын байқаймыз. 

Сонымен қатар, кейінгі кезде «Құрсақ шашу» ұйымдастыруды да қолға алып жүрміз. Мақсат – жас келіннің өзін қоршаған ортамен, отбасымен қарым-қатынасының үйлесімділігін, ана болуға дайындығын, отбасы мүшелері арасындағы береке-бірлікті бақылаймыз.

Бұл жобаны дайындап өткізудегі басты мақсат – ұл ұятымен, қыз қылығымен ардақты екенін үйрете отырып, өздері құрған шаңырақтарының ұйытқысы болуға, отбасы түтінінің түзу шығуына адамгершілікпен қарауға баулу. 

Алты жылдан бері істелген жоба жұмысының нәтижесі өте ауқымды. «Ақ Отауға – ақ бата» жобасының аясында өткізіліп, некесін ұлттық дәстүрде тіркеген 200-ден астам отбасының біреуінің де шаңырағы шайқалмай, үлгілі жанұяға айналды. 

Иә, ұлтын ойлаған – ұрпағын түзейді. Қарап тұрсақ, қоғамда адамның бақыты өз қолында. Қолға қонған бақытты аялап, өмірге өзек, тіршілікке тірек               ету – әр отбасының мақсатты жолы болу керек.

Ұлжалғас БУРАСАНҚЫЗЫ,
Алакөл ауданының Құрметті азаматы, 
аудандық аналар кеңесінің төрайымы
Фото: ҚР Суретшілер одағының мүшесі Жанұзақ Мүсәпірдің «Мейірім» атты суреті