МЕКТЕП АСХАНАЛАРЫ ТАЛАПҚА САЙ МА?

Уақыты: 12.11.2018
Оқылды: 1746
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ
Бірде сабақтан келген қызымның «Мектепте ботқаға қант орнына тұз қосып береді, жесең дәмсіз, ащы, ал компоты су сияқты» деген сөзіне «баламысың» деп бір күліп алғанымыз бар. Десек те оның астарында біз мән бере бермейтін шындықтың да жатқаны рас. Бір қарағанда мінсіз болып көрінетін мектеп асханаларында әртүрлі жағдайдың орын алып жататыны жасырын емес. Қаншама баланы талапқа сай тамақтандыру да оңай шаруа еместігі белгілі. Көп адамға арналып жасаған тамақтың бірде су татып, бірде тұзы кем, енді бірде тәттілігі аз болып жататыны сондықтан болар. Қазіргі азық-түлік бағасының күн санап шарықтап өсіп жатқаны тағы бар. Оның өзі де мектеп асханасын жалға алып, қаншама баланы тегін тамақтандыруды мойнына жүктеп отырған кәсіпкерлерге де оңай соқпай тұрғаны анық.
 
Болашағымыз – балалардың саулығын ойлап, мектепте ыстық тамақпен қамту, сол арқылы жеткіншектердің алаңсыз білім алып, жақсы өсіп-жетілуіне жағдай жасау – мемлекеттік маңызы бар мәселе. Оған мемлекет те, қоғам да, ата-ана да өз деңгейінде көңіл бөлуі тиіс. 
Облысымызда жас жеткіншектердің мектепте ыстық тамақпен қамтылуына мейлінше көңіл бөлінеді. Осы орайда 756 мектеп бақылауда тұр, оның ішінде ыстық тамақпен қамту  568  мектепте ұйымдастырылған, бұл 75,2 пайызды көрсетеді. Ал буфеттік қызмет көрсету 88 білім ошағында ұйымдастырылған, ол 11,6 пайызды құрайды. 
Барлық 568 мектеп асханаларын кәсіпкерлер жалға алып жұмыс істеуде. Оған қажетті тексерулер жүргізіліп тұрады. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті биылғы 9 айда 173 мектеп асханасын тексеріп, ережені сақтамаған кәсіпкерлерге 3 998 375 теңге көлемінде 126 айыппұл салған. Сонымен қатар аудандық, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларының мамандары мен жергілікті атқару органдарына, білім бөлімдеріне бұл туралы ақпарат жолдаған. 
Атап айтсақ, тексеру кезінде Талғар ауданында №17, №23 орта мектеп асханаларында тыйым салынған дайын өнімдер – гамбургер, хот-дог, пицца сатылғаны анықталған. Қапшағай қаласында мектепке дейінгі шағын орталығы бар №5 орта мектеп асханасында кондитерлік өнімдер, демек, «Сникерс», «Кит-Кат», «Милки-Уэй» шоколадтары, №6 орта мектеп буфетінде тұтыну қаптамадағы тәттілер – шоколад, кекс, печеньелер сатылып, №2 орта мектеп асханасында хот-дог, пиццаларды дайындап өткізуге жол берілген.
Талдықорған қаласындағы №5, №21 орта мектеп асханаларында кремді-кондитерлік және кулинария өнімдері және тұтыну қаптамадағы тәттілер – кекс, печеньелер, үй жағдайында дайындалған консервіленген қияр, малдың субөнімдері және алкогольсіз тәтті сусындар сатылғаны анықталған. Осы аталған кемшіліктер бойынша жауапты тұлғаларға 312650 теңге көлемінде 8 айыппұл салынып, 8 санитариялық нұсқама берілген.
Біз де өз тарапымыздан мектеп асханаларындағы жағдайға көз жеткізу мақсатында Талдықорған қаласындағы бірқатар білім ошағына бас сұққан едік. №12 орта мектеп-гимназиясының асханасын жалға алушы Айжан Тілеужан 9 жылдан бері осы білім шаңырағының оқушыларын ыстық тамақпен қамтып келеді екен. 
– Бұл отбасылық іс десек болады. Ата-анам да отыз жылдан астам уақыт аспаздықты кәсіп етіп келеді. Мен де ата-анамның жолын қуып, осы іске белімді бекем будым. Ол кісілер үнемі қасымда жүріп, білмегенімді үйретіп, демеу болып жүргендіктен ешнәрседен қаймықпадым. Қазір осы істі әбден меңгеріп, бесаспап болып алдым десем болады. Балаларды бекітілген норма бойынша тамақтандыруға, мейлінше нәрлі, дәмді тамақ беруге тырысамыз. Осы күнге дейін мемлекеттік тексеруші органдар, ұстаздар, ата-аналар тарапынан ескерту алып көргеніміз жоқ, – дейді Айжан Тілеужан.
Аталмыш білім шаңырағында 1556 бала білім алса, 170 бала тегін тамақпен қамтылған. Олардың 84-ін кәсіпкер Айжан Тілеужан қамқорлығына алса, 86-сы жалпы білім беру қорынан бөлінген қаражат есебінен тегін тамақ ішеді.
№17 орта мектеп пен М. Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясының асханасын жалға алушы Роза Абиева да 12 жылдан бері кәсіркерлікпен айналысып келеді. 2010 жылдан бері аталмыш мектептердің асханасына әр кіргізіп, көпшіліктің алғысын алып жүр десек болады. Онымен қоса 13 адамды жұмыспен қамтып отырған жайы бар. 60 баланы өз есебінен тамақтандырады. 
– Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мен білім бөлімі тарапынан бекітілген ас мәзірі бар. Сол бойынша балаларды дәрумендерге бай тағамдармен тамақтандырып келеміз. Бәрі қадағалауда, талапқа сай. Осы уақытқа дейін ешбір ереже бұзушылық болған емес. Азық-түліктің жиі қымбаттайтыны ғана алаңдатады.  Десе де, қандай қиындықтан болсын жол тауып, мектеп асханасының жұмысын ақсатып алмай, балаларды талапқа сай тамақтандыру жолында еңбектеніп келеміз, – деді.
Бүгінде бір баланы ыстық тамақпен қамту 305 теңгені құрайды. Оның ішінде наны, бірінші және екінші тамағы, салаты, компоты қарастырылған. Оған көңіл тоғайтқанымызбен 305 теңге бірнеше баласы мектепке баратын отбасына оңай тимесі анық. Сондықтан сыныптағы барлық баланың тамағы тоқ, көйлегі көк дей алмаймыз. Кейбір балалар тойынып тамақ ішсе, енді бірі үйінен әкелген тіскебасарға қанағаттанып, келесі бірі тіпті аш отыруға мәжбүр. Мектепте тегін ыстық тамақ ішетін балалардан басқа оқушылар ата-анасының  берген ақшасына қарай тамақтанады. Кейбір балалар жеңіл-желпі бәліш сынды тағамдармен жүрек жалғайды. Осы жағдайлар оқушылар толықтай ыстық тамақпен қамтылды дегенімізбен оның өз дәрежесінде жүзеге аспай отырғандығынан хабар берсе керек. Әлі де балалардың чипсы, кириешки сынды жеткіншектің қалыпты өсіп-жетілуіне зиян келтіретін тағамдарды тұтынып тұратыны да жасырын емес. Ол мектеп асханаларында сатылмағанымен кез келген азық-түлік дүкенінен қол жеткізе алады. Балалардың болашағын ойласақ, осы мәселені де көп болып көтеріп, сатылымнан алып тастау жағын да талап еткеніміз абзал болар еді.  
Балалардың көбі «хот-дог» секілді жартылай дайын өнімді және газды сусындарды да күнделікті тұтынады. Бұл тағамдарды үздіксіз пайдалану салдарынан оқушылар арасында семіздік, жүрек, жүйке жүйесі аурулары, қан аздық, қан айналым жүйесінің бұзылуы, тыныс алу, ас қорыту мүшелерінің сырқаттануы белең алып келеді. Бұл да алаңдатарлық жағдай.
Кәсіпкерлердің арасында да баланы құнарлы тамақтандырсам деп емес, ақша тапсам деп қана ойлайтындары кездеседі. Сол себепті мектеп асханаларында құнары аз, бекітілген нормаға сай келмейтін тағамдар да беріліп жатады. Балалардың улануы  сынды шулы істердің асхана айналасында жиі көтерілетіндігі де сондықтан. Балаларымыз талапқа сай тамақтансын десек, ата-аналардың өзі де белсенділік танытып, мектеп асханасына бас сұғып тұруды ұмытпауы қажет. Осы орайда ата-аналар комитетінің өзіндік ықпалы болуы керек. 
Мектеп директорлары да бұл іске көз жұма қарамай, балаларға қатысты барлық істің басы-қасында жүруі тиіс. Балалардың болашағын ойлайтын мектеп басшылары менің ісім тек білім мен тәрбие беру деп емес, жеткіншектерді толықтай жетілдіріп, дені сау, рухы биік, білімді, тәрбиелі, жігерлі, патриот азамат етіп шығару деп білері анық.
Қалай десек те балалардың өсіп жетілуі, құнарлы, дәрумендерге бай тамақпен қамтылуы мектепте баланы қадағалап отырған ұстазға, асхана иесіне, отбасында ата-анаға байланысты. Осылайша баланы үшжақты қамқорлыққа алып, шын мейіріммен қарап, баптап-күткенде ғана дені сау, болашағы жарқын ұрпақты қалыптастыра аларымыз анық. 
Ал сіз не дейсіз, қадірлі оқырман? Балаңыздың мектепте қандай тамақ ішіп жүргенін білесіз бе? Оның сапасына көңіліңіз тола ма? Ой бөлісуді ұмытпағайсыз.
 
Алма ЕСЕНБАЕВА