ЕЛ ӘЛЕУЕТІ АРТАДЫ

Уақыты: 14.11.2018
Оқылды: 1282
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын қолдау мақсатында Талғар аудандық әкімдігінде жиын өтті. 

Шараға аудандық мекеме, кәсіпорын, комитет, басқарма басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері, білім беру, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, ауылшаруашылығы құрылымдарының, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері, аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері қатысып, Елбасы Жолдауының маңыздылығына тоқталды. Аудан әкімі Рыскелді Сәтбаев өз сөзінде:
– Елбасы кезекті Жолдауында қазақстандықтардың әр жеткен жетістіктерін қуана айтып, әлі де атқарылатын жұмыстардың бар екеніне тоқталған болатын. Жолдау еліміздің беріктігін одан әрі нығайтуға, келешек ұрпаққа қуатты мемлекет қалдыруға мүмкіндігіміздің бар екендігін тағы бір дәлелдеп берді, – дей келе Жолдауды тұрғындар арасында насихаттау ісіне үлкен көңіл бөлініп, атқарылатын жұмыстар кестесі бекітілгендігін айтты. 
Елбасы Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны бір жарым есеге көтеруді тапсырды. Жалақы көлемі 28 мың  теңгеден 42 мың теңгеге дейін өседі. Яғни, бұл ауданның 200 мыңға жуық халқына тікелей қатысты. Соның ішінде 8840 бюджеттік ұйым қызметкерлерінің еңбекақысы жоғарылайды. Жиында экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне қажетті қаржыны анықтап, оны 2019 жылға арналған бюджетте қарастыру тапсырылды. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жыл сайын 30 млрд. теңгеге қосымша қаржыландыра отырып, 2025 жылға дейін ұзарту міндеті де жүктелді.
Ауданда 2889 адам  тұрғын үй, 26420 адам жер учаскесін алу кезегінде тұр. Ағымдағы жылы «7-20-25» бағдарламасы бойынша құрылыс бөлімі тарапынан 60 пәтерлі несиелік тұрғын үй Талғар қаласында қолданысқа берілмек. Сонымен бірге, тағы да осындай 60 пәтерлі үш үйдің және 50 пәтерлі үйдің жобалық-сметалық құжаты дайын. Аталған тұрғын үйлердің құрылысы 2019-2020 жылдарға жоспарланған. Бағдарлама аясында 7,9 гектар жер теліміне тұрғын үй салуға инвесторлармен жұмыс жүргізілуде.
«Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде жалдамалы және несиелік тұрғын үйлердің іске қосылуын ұлғайту көзделген. Бүгінгі күні осы бағдарлама аясында Белбұлақ ауылында 4 жеке жер үй салынып, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» «7-20-25» талабы бойынша болашақта осы коттедж қалашығында 70 үй салынбақ.
Жақында облыс әкімі Амандық Баталов пен «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ-ның басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков бірлескен меморандумға қол қойып, келісім арқасында «7-20-25» бағдарламасы бойынша алғашқы жарнаның жартысы субсидияланатындығы айтылды. Халықты баспанамен қамтуға бағытталған мұндай іске облыстан 2 млрд. теңге бөлінген. Бұл аудандағы бюджеттік салада жұмыс істейтін азаматтарға, соның ішінде мұғалімдер мен дәрігерлерге жасалған үлкен қолдау екендігін Рыскелді Ахметқалиұлы айрықша атап өтті. 
Мінберге көтерілген «Қазагростандарт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Сұлтан Нұрдәулетов, Дәулет ауылындағы №11 орта мектептің директоры Айдар Қоңыратов, орталық аурухананың қан құю бөлімінің меңгерушісі Анна Бушанская, Талғар қаласындағы «Алмалы» жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дәурен Үшкемпіров,  Д. Қонаев атындағы заң колледжінің ұстазы Мұрат Қуаныш Елбасы Жолдауы әлеуметтің әлеуетін арттыруға арналғандығын айтып, қолдайтындықтарын білдірді.

Ұлбосын ИСАБЕК
Талғар ауданы