МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Уақыты: 10.12.2018
Оқылды: 832
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Өңірлік коммуникациялар алаңында облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Керімбек ЖАНШАБАЙ жалақыны көтеру бойынша жүргізілген жұмыстар тақырыбында журналистермен кездесу өткізді.

2018 жылдың 7 қарашасынан бастап облыс әкімдігі, кәсіподақтар федерациясы және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірігіп еңбекақысы төмен санаттағы қызметкерлердің жалақысын арттыру аясында жүргізілетін іске арнайы штаб құрылды. Президент Жолдауында 2019 жылдың 1 қаңтарынан ең төменгі жалақы бір жарым есеге, яғни 28 мыңнан 42 500 теңгеге дейін көтеру жайлы айтылған. Осы турасында Керімбек Жаншабайұлы:   Бүгінде облысымызда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен алған ақпаратқа сәйкес, 42 005 теңгеден төмен жалақы алатын 79 374 жұмыскерден тұратын 43 503 жеке кәсіпорын анықталды. Оның ішінде, 54 ірі, 311 орта, 43 100 шағын кәсіпорын бар. Облыста еңбекақысы төмен қызметкерлердің жалақысын арттыру мәселесі бойынша «Жол картасы» бекітілді. Бекітілген жоба арқылы кәсіпорындарға арнайы мониторинг жүргізіледі, – деді. 
Мониторинг нәтижесі облыстық әкімдікте өтетін жиындарда қаралып, сараланатын болады. Қазіргі таңда облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың басшылығымен мониторинг қорытындысы жарияланған екі отырыс өтті. 

Қали АСҚАР