ТЕКЕЛІ: КӘСІПКЕРЛЕР ТАҒЫ БІР ҮЙ ТАРТУ ЕТТІ

Уақыты: 03.06.2019
Оқылды: 4386
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Эва Люкс» ЖШС жетекшісі Эйхвальд Валерий Иосифович және тағы бір жүрегі кең азамат (атын атамауын сұрады) қайырымдылық көмек ретінде Текелі қаласының тұрғыны, жалғызбасты көпбалалы ана Мақпал Куздикбаеваға Жалайыр көшесінен үш бөлмелі үй кілтін табыстады.

Бұған дейін бес баланың анасы жалдамалы үйлерде тұрып келген. Балаларының төртеуі мектеп жасында, үлкен ұлы әскери бөлімде жұмыс істейді. Енді өз шаңырақтарына қадам басқан бір үйдің балалары емін-еркін ойнап, үйдің айналасын қызықтап, қуаныштарын жасыра алмады.

Отбасының шаттығына Текелінің әкімі Бахтияр Өнербаев ортақтасып, осындай игі істер легінің тоқтамауына тілектестік білдірді.

- Көпбалалы отбасы - береке-бірліктің үйлескен жері. Әрине, қазақ «бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дегенді санаға сіңіріп өскен халық. Бір ғана «Әр баланың өз несібесі бар» деген сөздің қаншама отбасыға күш пен жігер сыйлайтыны анық. Соңғы кезде қоғамда осы көпбалалы отбасылардың мәселесі өзекті. Текеліде 415 көпбалалы отбасы бар. Оның 170-і пәтерге, тұрмыстық жағдайларына байланысты мұқтаждықта. Оларға көмек қолын созып жүрген жомарт азаматтар да жетерлік. Бүгін, міне, осындай қолы ашық жандардың арқасында бір отбасы үйлі болып, үлкен қуанышқа куә болдық - дейді қала басшысы Бақтияр Өнербаев.

Аталған бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасатын болады. Бүгінде қалада мұқтаж жандарға қол ұшын созуға дайын жомарт азаматтар баршылық.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"