«X-Factor» жобасына қатысқан Ақбота Сабыржанова қазір не істеп жүр?

Уақыты: 20.05.2023
Оқылды: 1808
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Еуразия» арнасында көрсетілген «X-Factor» жобасы талай таланттың жолын ашып, өнер әлеміне жолдама берді. Жоба 10 жылдан астам уақыт ішінде көптеген өренді биікке көтерді. Биыл көктемнің басында 9-шы маусымы аяқталды. Көрермен ықыласына бөленген әншілердің ішінде жерлесіміз, Жетісу университетінің 3 курс студенті Ақбота Сабыржанова да бар. Ол үздік төрттіктің тізімінде болды.

Ақботаның жобаға қатысуы да қызық. Әлеуметтік желідегі ресми парақшаға тіркеліп, жобаның әр сәтін бақылауда ұстаған. Былтыр жазда кастинг болатыны жөніндегі хабарламаны көріп, қатысуға бел буған. Іріктеу кезеңіне қатысатын тұста тамағы ауырып, дауысын да жоғалтып алған. Дайындығын үзбеген жас қыздың бойындағы әнге деген құштарлықты байқағандар бірінші турға қатысуға шақырады.

Қазылықта отырған 3 маман да Ақботаның өнерін бағалап келесі кезеңге өткізді. Музыкалық жетекшісі болған Нұрберген Махамбетов те көмектесіп, ән таңдауда, оны айтуда үлкен үлес қосты. Ақбота гранд-финалға өте алмағанымен көптеген қатысушының ішінен төртінші орынға дейін барды. Өзі бұл жобаны «үлкен тәжірибе болды» дейді. Әр кезеңде өнердің бір құпиясын біліп, шеберлігін шыңдай түсті. «X-Factor» жобасы келесі жеңістерімнің бастауы» деп қабылдайды кейіпкеріміз.

Өмірін өнермен байланыстырған ару келешекте кәсіби тұрғыда әнші болуды мақсат тұтады. Сол жолда еңбектеніп жатыр. Бүгінде Ақбота фортепиано, домбырада шебер ойнайды. Бұл тізімді ұлғайтып басқа да аспаптарды үйренгісі келеді. Бұрын лирика сарынындағы әндерді айтуды ұнатса, қазір джаз, блюз, R&B жанрларында өзін сынап көргісі келеді. Жоба барысында сынақтан өткізіп те көрді. Өзіне ұнаған.

Осыған дейін дауыс қоюды өз бетінше қойып, айтып жүрсе бүгінде ақыл-кеңес беретіндер бар. Ақбота өз дауысының сиқырын әлі де меңгеріп, үйрену үстінде екенін айтады. Оның үстіне музыканттар әулетінде дүниеге келген қыз үшін қарап отырып үйрену, көргенін қайталау оңайға түсетіні де белгілі. Өнерлі қыз университет бітіргеннен кейін үлкен белестерді бағындырғысы келеді. Бір орнында қалып қоймай, еңбектеніп, алға жылжып, дами бермек.

Серік Қантай