Тарихымызда ашылмаған ақтаңдақтар әлі де көп

Уақыты: 08.06.2023
Оқылды: 1186
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мағжан Жұмабаев  бастаған ұлт жоқтаушыларын құндақтаған Қызылжар өңірінде Алаштың тағдырына қатысты талай маңызды оқиғаның орын алғаны мәлім. Осындай тың деректерді жұртшылыққа таныстыру әрі ақынның туғанына 130 жыл толуына, сондай-ақ, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Солтүстік Қазақстан облысында өткен «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты халықаралық деңгейде ұйымдастырылған шараға қатысып қайттық. Аталмыш шараның өтуіне республикалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мұрындық болды. 

Сарытомардағы кездесу

Жоспар бойынша алыс-жақыннан келген қонақтар алдымен Мағжан Жұмабаевтың туған жері – Сарытомарға жол тартты. Көсіліп жатқан кең дала көпшілікті қызықтырып отырды. Жол бойындағы көз ұшына дейін созылған алқаптар, ойдым-ойдым көлдер, жап-жасыл орман-тоғай ойыңды сан қиырға жетелейді. Көркем көріністерді көргенде: «Осындай өлкеден Мағжан сияқты ұлт жанашыры тумағанда қайтсін?» деген түйінге келесің.

Ақынның жерлестері де қонақтарды қуана қарсы алып, қуанышты екендіктерін жеткізді. Жиналғандар Мағжан Жұмабаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің алдындағы ақын ескерткішіне гүл шоғын қойып, музейдегі жәдігерлермен танысты. 

Ақынға арналған музейдегі жәдігерлер саны аз болғанымен Мағжан өмірінен бірталай мағлұмат алуға болады. Саяси қуғын-сүргін жылдары әулетімен қуғындалған отбасының бүгінгі күнге біраз мұрасы жетіпті. Соның бірі – өрнектелген қыш табақ. Ал Мағжанның әкесі Бекеннен қалған санаулы жәдігердің өзінен-ақ бұл отбасының зиялы, өнер мен өрлікке құштар болғаны аңғарылады. Ал музей қорының дені Мағжанның кітаптары мен қолжазбаларының көшірмесі, әр жылдары Мағжан ақынға арнап шығарылған кітаптар, буклеттер, семинар, конференция кітапшалары. Бірақ әрбір жәдігер өзінше ыстық және құнды.    

Тағылымы мол

Келесі күні Петропавл қаласындағы Оқушылар сарайында ашаршылық жылдарындағы қазақ баласының басына түскен трагедия мен Қызылжар өңірінде қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт зиялылары туралы естеліктер айтылған конференцияның құтты қонағы болдық. Бізге төрге отырып, төбе көрсеткеніміз емес, аштық пен қуғын-сүргіннің қазақ баласына келтірген қасіреті жайлы тағылымды мағлұмат алғанымыз олжа болды.  Ғалымдардың пайымынша, қазақ халқының алапат аштыққа ұшыраудың басты себебі – астық және ет дайындау науқаны болғаны анық. 1920 жылдары Мәскеу тұтынған еттің 50 пайызы Қазақстаннан жеткізіліп тұрған. Осының салдарынан 6-8 жастағы қазақ балаларының 30 пайызы ғана аштықтан аман қалса, кейін олар Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, тіптен қатары сиреген. 

Архив құжаттарына сүйенсек, ет дайындауда қазақ даласы бірінші, Украина екінші орында болған екен. 1933 жылы халықтың қолында малдың 10 пайызы ғана қалған. Алайда сол кезде құрбан болғандардың нақты саны әлі де белгісіз. Ал Кеңес өкіметіндегі депортация, өткен ғасырда қазақстандықтарды сайлау құқығынан айыру, байларды тәркілеу, азап лагерьлері сияқты тақырыптардың да төңірегінде толып жатқан қасіреттің барлығы белгілі. Осындай тұшымды ойларын ортаға салған ғалымдар ашаршылық пен қуғын-сүргін жылдарындағы Кеңес өкіметінің ел басына төндірген зобалаңын «Геноцид» деп тануға болатынын білдірді.

Сталиндік қылмыстық режімге қарсы тұрған ұлт қайраткерлерінің ішінде Мағжанның орны елеулі. Ақынның шығармашылығы ұзақ жылдар бойы дәріптелмеді, қайраткерлігі жеткілікті зерттелген жоқ. 

Мағжан сөзсіз ірі саяси тұлға еді. Оған Қазақстан, Ресей архивтерінен табылған дерек дәлел. Әсіресе 1921-1922 жылдары елді жайлаған аштық кезінде ол азаматтық танытып, ашаршылыққа ұшырағандарға көмек көрсетуге басшылық етті. Кейін ақынмен бірге Мәскеуде болған замандастарының деректерінен оның үлкен қаладағы саяси оқиғалардың ортасында жүргенін аңғарамыз. Ол жайлы 1957 жылы шетелде жүрген Зәки Уәлиди жазған еді. Архивтерде ақынның есімі аталатын құжаттар мен сипаттамалар жетерлік. 

Форумнан алған тағы бір байлығымыз – Мағжан Жұмабаев мұрасына заманауи көзқарас орнату тақырыбындағы ойлы пікірлер болды. Ғалымдардың пікіріне сүйенсек, әлі күнге дейін Мағжанның ғылыми түсініктері жиналған толық академиялық жинақ шыққан жоқ. 

Ақынның аудармасының көлемі жеті томға жуықтайды. Ел аузында сақталған деректер, құнды мәліметтер де аз емес. Оларды да бір жинаққа топтастыруға болады. Ақын редакторлық еткен, Омбыдағы «Бірлік» жастар ұйымы шығарған «Балапан» журналын іздеп тауып, аудармасын жасап, зерттеушілерге ұсынудың да маңызы зор. 

Мағжан тек саясат майданында ғана емес, поэзия майданында да танылып, өлең арқылы ұлтының асқақ болмысын танытты. Әлемдік қаламгерлермен жырымен бәсекеге түскен ақынның әр өлеңінен теңіздің түбіндегі інжу-маржандай ғажайыпты табамыз. Абай салған сара жол мен поэзия кеңістігіне бет алған тұстан-ақ ақындық мұратын, азаматтық көзқарасын айқын танытқан Мағжанның кемел таланты, биік эстетикалық талғамы ұлттық поэзиямызды жаңа деңгейге көтерді. 

Ақындығымен қатар Мағжанның педагог екені де мәлім. Ол ұсынған педагогикалық жүйе бүгінгі күні де өз маңызын жойған жоқ. Керісінше, қазіргі кезде оқу бағдарламасына енгізіліп жатқан әлем ғалымдарының әдістемесімен үндесіп жатыр. Өкінішке қарай, болашақ мұғалімдерді даярлауда шетел ғалымдарына басымдық беріліп, әл-Фараби, Абай, Мағжан мұралары шет қалып жатады. Осындай мәселе көтерген ғалымдар мектептегі әдістеме жұмысының кемшіліктерін сынға алып, оны ретке келтіру үшін Мағжан еңбектеріне жүгінуіміз керек екенін сөз етті. Көкейімізге осындай керемет тағылым түйіп алдық.

Тарихи мұраға бай аймақ

Қызылжар өңірін картадан көргеніміз болмаса, аяғымыз алғаш тиіп тұрған соң даласына, қаласына, адамдарына сынай қарағанымыз анық. Бірақ мін таппадық. Қайта көңілге талай естелікті түйіп алдық. Шегара шебінде тұрған аймақ делінгенімен қазақтың талай қаймағы шыққан қасиетті жер ғой бұл. Тек сонасы ғана мазаңды алатыны болмаса түгін тартса майы шығатын, табиғаты жанға жайлы жазық дала, аспанға қарай бой созған ақ қайыңдар жанға шуақ сыйлайды. 

Жалпы,  Солтүстік Қазақстан облысының аумағында 599 тарих  және мәдениет ескерткіші орналасқан. Олардың қатарында тас, қола, ерте темір, орта ғасырға тән археологиялық  ескерткіштер, сәулет ескерткіштері, қала құрылысы, монументалды өнер, қабірлер мен жерлеу орындары, бекіністер мен әулиелер жатқан нысандар, тарихи кешендердің саны басым. Әсіресе, солтүстіктегі Ботай қонысы, Ақ қалашығы-Ирий, Қызылоба шатқалы, Березовский қорғаны археологиялық тұрғыда өте маңызды нысандар саналады.

Петропавл тарихи сабақтастықты сақтап қалған қала. Кезіндегі бай-көпестердің тұрғын үйлері мен қоймалары бүгінде тарихты түгендейтін мекемеге айналыпты. Тәуелсіздік жылдарында бой көтерген жаңа үйлердің  архитектурасы байырғы көне ғимараттардың келбетімен сабақтасып жатыр. Қысқасы, жібін үзбей жылдармен бірге жылжып келе жатқан мәдениет пен өркениетті, өркенді елдің тірлігін көресің.

Қаланың таңертеңгі және кешкі қызығын Қазақстан Конституциясы көшесінің бойынан табасыз. Көшенің басы Тәуелсіздік монументінен басталып, Ағынтай мен Қарасай батырлардың ескерткішімен түйінделетін көшенің екі жағалауы  ХІХ ғасырдағы көне ғимараттарға толы. Арасында тәуелсіздік жылдары бой көтерген нысандар көп болғанымен олар іргелес жатқан ескі ғимараттың сәулетіне сәйкестендіріле жобаланған. Тарихи үйлерді ескінің дүниесі деп сүріп тастамай бірін музейге, енді бірін сауда орталығына, тағы бірін демалыс орнына, ауласын адамдар демалатын шағын демалыс орындарына айналдырып қойыпты. Сондай нысанның біреуі Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі. Ол көпес Стреловтың дүкені мен коммерсант Аркельдің үйі орналасқан екі ғимаратқа орнығыпты. ХІХ ғасырдың соңғы жылдары бой көтерген екі қабатты екі үйдің сыртқы келбеті сол қалпында сақталыпты. Ішіндегі 2 бөлімнен тұратын музей жәдігерлері тәуелсіз Қазақстан жылдарына дейінгі өткен-кеткен оқиғаларды сөйлеп тұр. Жалпы, музей қорындағы 35 мыңнан астам жәдігердің әрбірінің өз тарихы бар. Оны тек көзбен көріп, тарихын естіген адам ғана сезіне алады. 

Музейдің қосалқы қабатында колөнершілерге арналған сөрелер мен кешкі уақытта қала тұрғындары демалып қайтуға арналған шахмат, дойбы ойнайтын алаңдар жабдықталған. Қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы болуы үшін музей кешкі сағат 11-ге дейін жұмыс істейді.

Таң азаннан қала көшесіне шықсаңыз спортпен айналысып жүрген адамдарды көресіз. Жол бойындағы қарағайлар, қара ағаштар мен сәмбі талдар және тіп-тік өскен бал қайыңдарға қонақтаған құстардың үнінен құлағың тұнады. Облыстық әкімдіктің алдындағы жаңа саябақтың ішін көз тұнатындай етіп жаңғыртып қойыпты. Әр жастағы адамдардың демалуына қажетті барлық мүмкіндікті осы жерден тауып, қаптаған көгершінді де осы жерден көресің. Абай мен Пушкиннің иықтасып тұрған ескерткіші үндестіктің асыл қасиетін ұғындырып тұр. 

Жаңа саябақтың кіреберісіне қоғам қайраткері Байкен Әшімовтің бюсті қойылыпты. Талдықорғандағы Бәйкен Әшімов атындағы көшенің тұрғыны болғандықтан естелік суретке түсіп алдым. Ал көне саябақ өзінің тарихи қалпын сақтап тұр. Ол жерде Мағжан ақынның әкесі Бекен (Бекмахамбет) жерленген екен. Ақынның әкесі жатқан жерге белгітас қойып, айналасы абаттандырылыпты. Облыстың ауыл, ауданынан, алыс-жақыннан келген қонақтар міндетті түрде барып, тәу етеді екен. Біз де Құран бағыштап, перзенттік парызды өтедік. Ал Ағынтай мен Қарасай батырдың ескерткішіне де келетіндердің саны көп. Сол қатарда Қызылжарға келгендер Абылайханның резиденциясына бас сұқпай кетпейтінін естіп, біз де барып қайттық. 

Қызылжарда көретін, көңілге түйетін дүние көп. Бірақ оның бәрін аралап шығу үшін бірнеше күн уақыт кетеді. Жоспарланған шараның арасынан бос уақыт тауып, көргеніміз, сезінгеніміз осылар болды. Осы тұста Солтүстік Қазақстан облысында қазақтардың үлесі көп болғанымен негізінен елді мекендерге қоныстанғанын, ал қалалы жерде өзге ұлт өкілдерінің саны басым екендігін де байқадық. Елі бай, жері шұрайлы мекен тіршілік етемін деген адамды жұтатпайтын-ақ жер екен. Қысқасы, оңтүстікте екі қолға бір күрек таппай жүрген жерлестеріміз солтүстіктегі адамы сиреген ауылды жерлерге барып, жаңа өмір бастауына мүмкіндік мол. Петропавл қаласына көлік және жүк көлігі, пойыз, ұшақпен баруға болады. Оны өзіңіз таңдайсыз. Біз Алматы – Астана – Петропавл бағыты бойынша ұшып барып, Петропавл – Алматы рейсімен қайттық.

Біздің тарихымызда ашылмаған ақтаңдақтар әлі де көп. Арғы тарихты айтпағанның өзінде, өткен ғасырдың тұтас кезеңіндегі ашаршылық қырғыны, басының бостандығы, малының иелігінен айырылған зобалаң, қуғын-сүргінге ұшырап қырылып қалған боздақтар, ұрпақ қамы үшін «Елім-айлап!» елден кеткен шарасыздық, айта берсең тізбектеліп кете беретін ақтаңдақтарға толы. Егемендік алып, етек-жеңімізді түзегеннен бері біраз құпияның беті ашылып, халық жады қайта жаңғыра бастағанымен тоталитарлық жүйенің қанды қасабының таты  қазақтың жүрегінен әлі кете қойған жоқ. Қазақ даласының әр тұсы, әр төбесі, изені мен жусанының әр түбі солақай саясаттың салқыны тиген талай сырды ішіне бүгіп жатыр. Жүрекке түскен сол ауыр жүкті тарқату үшін әлі де талай еңбектену керек. Бұл сапарда соны түсіндім.

Қажет АНДАС
Петропавл қаласы,
Солтүстік Қазақстан облысы