«Өнерім – өмірім» атты байқауының гала концерті өтті.

Уақыты: 10.06.2023
Оқылды: 1209
Бөлім: РУХАНИЯТ

Республикалық ардагерлер ұйымының құрылғанына 35 жыл толуына орай І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Өнерім – өмірім» атты байқауының гала концерті өтті. Мерекелі шараға облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ қатысты.

Осыдан 35 жыл бұрын, 1987 жылы республикалық ардагерлер ұйымы құрылып, өз жұмысын бастаған. Еліміздің осы аралықта өткен жолы, қоғамдық-саяси дамуы, оң өзгерістері – бәрі-бәрі ардагерлер ұйымының жұмысымен біте қайнасып келе жатыр. Өңірімізде ақсақалдар алқасы бар. Олар өскелең ұрпаққа тарихымызды, тілімізді, ата-салтымызды ұлықтауда. Ақжаулықты әжелеріміз, көнекөз қарияларымыздың арқасында жас жеткіншектер қазақы құндылықты бойына сіңіріп келеді. Әр ауданнан келген сарқылмас қазыналар Жетісу жұртшылығына арнап мерекелік концерт қойды.

Шараның шымылдығы ардагерлер хорының «Туған ел» әнімен түрілді. Зейнетке шықса да қолынан қара домбырасы мен баянын тастамаған жандардың өнерінен жұртшылық ерекше әсер алды. Бүгіндері құрметті еңбек демалысында жүрген ата-апаларға көрермен орындаған әнінен соң гүл шоқтарын беріп, жылы лебізін білдіріп жатты. Елі үшін барын берген қазыналы қарттарымызды әрқашан да құрметтеп, үлгі-өнегесін жастар арасында ұлықтау біздің басты парызымыз. Өйткені еліміздің болашағы ақсақалдар ақылын жас ұрпақтың бойына сіңіруден қалыптасады. Қариялар біздің сарқылмас қазынамыз.

Жұлдыз Қожахметова,
Ілияс Жансүгіров атындағы ЖУ-дың студенті