"Тақырыбым жалғыз-ақ – Адам ғана!": Ақын Қайрат Әлімбек туралы сыр

Уақыты: 11.06.2023
Оқылды: 1421
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жетісу жерінде небір дүлдүл, небір бұлбұл өмір сүрді. Осы қасиетті топырақта марқұм Қайрат Әлімбек те осыдан 60 жыл бұрын дүниеге келді. Қайрат өткен ғасырдың 80-жылдарындағы ұлттық сана қайта жаңғыра бастаған кезеңде ақындық әлемнің есігін ашты, журналистика табалдырығын аттады. Ол коммунистік жүйенің идеологиялық қыспағын көрді. Тіл, діл, дін, ұлттық рух жаншыла бастағанын сезінді. Осы бір кезең Қайрат Әлімбектің жан дүниесін елең-алаң күйге түсірді.

Ақын Қайрат осындай рухани күйзелісті бастан өткерген Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Марат Отаралиев, Жұматай Жақыпбаев сынды ақындардың бірде оптимистік, бірде пессимистік көңіл-күйлерінің әсерін сезінді. «Мен» деген психологиялық портрет жүрегін тербеді, ол өлеңге ұласты. Кейде өз-өзін таба алмай, өзі іздеген шындықтан адасып, жансебіл шақта көңілі құлазыды. Алладан демеу, өлеңнен жұбаныш іздеді. Ол әлем әдебиетін жақсы меңгерді, орыс тілінен де жетік болды. Бұл 1980 жылдардағы қоғамдық ойдың көрінісі болатын.

 Ақын жүрегін, ақын табиғатын тану үшін, оның өлеңдеріне жүгіну керек.

...Осынау қысқа ғұмырда,
Өту де ұят, бос қалғып.
Бәрі де бар ғой шынында,
Берілген барлық бостандық.

Қу шөппен сүртпей ауызды,
Сондықтан менің ұлы елім.
Атымтай жомарт тәрізді,
Алшаңдай басып жүремін.

Бұл «Заман біздікі» деген өлеңнен алынған үзінді. Бір қарағанда солай секілді. Бірақ ақындық ремарка мен трансформация бір-бірін алмастырып тұрады. Осындай «Жаңа Жыл», «Ұмытпаймыз соғысты», «Алаңдама, адамзат», «Сері майым, шеру айым» секілді өлеңдердің болмысы өзгеше көрінеді. Медальдің екі беті сияқты. Бұл ақын мен адамдықтың ішкі арпалысқан сәті.

...Етжеңді, қызылшырайлы жігітті Бейбіт Исабаев әкеліп таныстырып еді. Желтоқсанның уыты әлі басылмаған кез болатын.

Маңдайы кең, қобалжыса қара терге түсетіні байқалып тұр. Сұлу күлкісі бар. Бет келбетінен ақын Мұқағали Мақатаевты көргендей болдым. ­

– Қайрат інім, «Қазақстан пионері» газетінде қазақтың белгілі ақындары Тынышбай Рахимов пен Дәуітәлі Стамбеков жұмыс істеді. Кейде шабыт іздеп келетіндері болушы еді. Ал «Лениншіл жастың» құзыры бөлек, күнде шығатын газет, сені де бір күні таба алмай қалып  жүрмеймін бе?, – дедім.

– Аға, «Лениншіл жасқа» тұяғым ілінсе, өзімді көрсетемін ғой әлі. Ал таба алмай қалсаңыз, арызымды қолыма ұстап, өзім келем.

Осы әңгімеден соң Қайрат Әлімбек жұмысқа қабылданып, әдебиет және мәдениет бөлімінде жұмыс істеді.

Желтоқсанның жаңғырығы оңай болған жоқ. Қазақ ұлтшылдығы, қомсомол жастардың жосықсыздығы туралы құлаш-құлаш мақалалар партиялық баспасөзде жиі-жиі басылып жатты.

Бір күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Баспасөз секторының меңгерушісі Сергей Подгорбунский шақырды. «Ржавчина» деген қол қойылмаған орысша мақаланы берді. Онда  Асқар Тоқпанов, Шона Смаханұлы, Ақселеу Сейдімбек, Жансая Сәбитова сияқты  қоғам қайраткерлерін желтоқсан көтерілісінің ұйымдастырушылары және дем берушілері деген күйе жағылған мақала екен. «Ленинская смена» газетінде  2 автордың қолымен жариялау міндеттеді.

Қайрат Әлімбекті шақырдым. Мақаланы қолына бердім.

– Өзің аудар, өзің тер. Ешкімге көрсетпе, – дедім.

Оқып шықты. Сап-сары жүзі, қарақошқылданып жүре берді.  Үндемей шығып кетті. Мен Комсомол орталық комитетіне барып, бұл мақаланы баспау қажеттігін айтып, қолдау тауып келдім.

Редакцияға келісімен Қайрат інімді шақырдым. «Ржавчинаны» «Тат» деп аударыпты. Орысша мақала мен аудармасын алып, сейфке салдым.

– Жарияланбайды, – дедім.

Сондағы Қайраттың балаша қуанып, мені қапсыра құшақтап «жарайсыз, аға» дегені әлі құлағымнан кетпейді.

Әлқисса, енді қайта Қайрат Әлімбек өлеңдеріне оралайық.

Жалпы, ақындықты адамның рухани болмысы деп қарауға болады. Мәселен, тәуелсіздік алған Қазақстан тарихына терең бойлайды.

... Бөріктің ішін көрсеңіз – басы да жарық,
Болсақ та қалған жерін де осы да халық!
Төлеби сынды қарлығаш ұясын салған,
Шаңырағын бұзбай көшпеген қосына барып.

Жүргенде құл боп, өзгеге ашынан алып,
Үш ғасыр бізге жасады «Асыл ағалық».
Тәу етер бәрін тәуелсіз туың тігіліп,
Құрылтайыңа жеттің-ау, жасыма, халық!

Қайрат Әлімбектің бүкіл ақындық өлеңдерінің кейіпкері – өзі, ойы, болмысы. Рухани сұранысы мен тілегі. Оның негізі – адам!

Болашаққа жасайтын хабарлама,
Бар қаруым – өткір ой, қалам дара,
Бар мақсатым – адамды тәрбиелеу,
Тақырыбым жалғыз-ақ – Адам ғана!, – деп тебіренеді ол «Мен журналистпін» деген өлеңінде. Бұл ойды «Қалам мен қадам» атты өлеңінде тереңдете түседі.

Аппақ бетке із түсірсе қаламым,
Өміріме із түсірмек қадамым.

Демек, ақынның өмірбаяны, талғамы мен толғамы өлең жолында жатыр. Оны «Көңілдің кейбір кездері» атты өлеңдерінен айқын аңғаруға болады.

Бекер өмір сүргім жоқ, бүтін – сырын,
Арылмасам осыдан ұтыламын.
Құм түзге қашсам да қоймай қойған,
Қайтіп енді өзімнен құтыламын.

...Құтылмаспын! Келсе де көмекке кім,
Төгілуге тиісті демек, терім
Өз қолымда өмірім... соңғы сәтте,
Өзім болып қалуым керек менің.

Осы ой, осы ақындық толғам оны мазалайды. Ол өмірдің әр сәтін бос жібермей, еңбекпен халыққа қызмет етуді парыз бен қарыз санайды.

Бір өлеңі «Ажалмен бетпе-бет» деп аталады. Сырт көзбен қарағанда, бұл адамның торығу, өмірден жеріну сияқты ойға жетелеп кетуі мүмкін. Бірақ зерделеп қарасаң, мұнда тарығудан гөрі оптимистік сарын анық байқалады.

...Бүгін мені қайтесің дара нұсқап,
Адам құшам!...
Ойым жоқ дала құшпақ
Оқырманға қолтаңба қойғанда кел,
Мен өлейін, өлсем де, қалам ұстап.

Иә, ақын Қайрат Әлімбек аз ғұмыр кешкенімен өзіндік қолтаңбасы бар өлмес жырлар қалдырды.

...Бір күні бір аптадай көрінбей кеткен Қайрат Әлімбек інім келіп:

Табылмай кетсем, өзім кетем, деп едім. Арызыма қол қойып беріңізші, деді.

Мен оған еңбек демалысынды ал, Жетісуыңа бар, аунап-қунап қайт. Жұмыссыз қалай өмір сүресің? деп арызына қол қойғым келмеді.

Қайраттың бір басына жетерлік әзіл-қалжыңы бар еді. ­

Ой, Уәлихан аға, сіз білмейді екенсіз ғой, «сығандар мен суандарды әйелдері асырайды», демесі бар ма?!  Келініңіз халық емшісі, ол жұмыс істейді, мен шығармашылықпен айналысамын.

Қайрат Әлімбек қазақ поэзиясында, журналистикасында өзі жазғандай ... «Өзі болып қалды».

Маржан іздеп терең теңіз түбінен,
Күн батарда атар таңға үңілем.
Өміріммен өз ортамнан үйреніп,
Жақсы адамға айналармын түбі мен, деп  жырлап еді ақын.

Қайрат Әлімбек жақсы адам, жақсы ақын болып қалды...

Иманы саламат болсын жақсы адамның.

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
ҰҒА академигі
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері