Жетісулықтар Қайратын еске алды

Уақыты: 16.06.2023
Оқылды: 1521
Бөлім: РУХАНИЯТ

Телегей теңіздей толқып, тасып жататын алып кеудесіндегі сан мың құбылысты қағазға мөлдірете түсіріп, асқар арманын аядай жүрегіне сыйдыра алмай кеткен қаншама талант-тақсырлары бар. Олардың арғы бастауындағыларды атамай, бір ғана Мағжан Жұмабаевтан бергі ақындарды тізбелейтін болсақ, ердің жасы 50, асқаралы 60-ты көрмей 40-тың ішінде қыршын кеткен сан мың дарын иесінің есіміне, зерлі жырларына қанығамыз. Дария кеудесінің түпкіріне маржан бұққан дара ақындар шоғырында кере қарыс маңдайлы, кең иықты, өткір жанарынан жасын ойнатқан, сабаздығы мен тауларға тән маңғаздығы бар, жырлары намыстың найзағайындай бойдағы рухты алаулататын Қайрат ӘЛІМБЕК есімі көзге жылы ұшырайды.

Қазақ әдебиетінің «алтын көпірі» саналған ХХ ғасыр ақын-жазушыларының санатындағы Қайрат Әлімбектің ел руханиятынан алған орны ерек. 43 жасында жарық ғаламнан жанар тайдырған, соңына өлмес-өшпес мұра қалдырған бұл талант тірі болғанда биыл асқаралы 60 жасын елімен тойлап жататын еді. Амал нешік, жазмышына жазылған жылдарын өткеріп, саналы ғұмырын журналистика мен ақындыққа арнаған асыл болмысты елі сағына еске алуда. Мерейтойын соңындағы ұрпағы мен көзкөрген достары, қаламдастары мен қарақан басын қадірлеп хандай тұтқан қаламгер ағалары, өзі «курстастар – дұрыс достар» деген жолдастары, жалпы жетісулықтар ерекше атап өтті.

Ардақты ақынның 60 жылдық мерейтойы алдымен өзінің жалынды жылдары өткен, бүгінде манат топырағына мақпал тәнін төсеген жері – Қаратал ауданында зиярат ету рәсімімен басталды.  Жылыбұлақ ауылындағы ақын зиратына еліміздің түкпір-түкпірінен келген зиялы қауым өкілдері мен жетісулық қаламгерлер барып Құран бағыштады.

Кешегі бекзат болмыс бүгінгі тарих екені көпке аян. Қаламы мен бойдағы талант қуаты арқылы еліне рухты жыр арнап, лирикалық толғамдары арқылы адамгершіліктің, ізгілік пен мейірбандылықтың қаншалықты асыл қасиет екенін айшықтай білген Қайрат Әлімбектің тірісінде тұтқан бұйымы мен пайдаланған заттары екпінді жырлары іспетті жәдігерге, мұраға айналып сала берді. Ақынның біршама бұйым-киімі, заттары, алған марапаттары мен сарғайған газет беттеріндегі кесек-кесек жазбалары қойылған музей бұрышы да мерейтойға орай салтанатты түрде ашылды.

М. Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейіне құрметпен орнатылған «Ғазал-ғұмыр жарқылы» атты музей бұрышының ашылуына зиялы қауым өкілдері қатысты. Әуелі ақынның курстас досы, әл-Фараби атындағы ҚҰУ-нің профессоры Аязби Бейсенқұлов сөз алып, салқамдық пен сырбаздықтың, серіліктің жарқын үлгісін көрсеткен, адамгершіліктің аяулы тұғырынан танбаған қаламы қуатты досының әр заты көзге оттай басылғанын, әрбір дүниесі тарихқа, жәдігерге айналғанын тебірене тілге тиек етті. Өз кезегінде ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов та жарқын жылдар жаңғырығын толғамына тақырып етті. Ал Қазақстанның Құрметті журалисі,  Алматы облысының Құрметті азаматы Жақыпжан Нұрғожаев пен ҚР Мәдениет қайраткері Бейсенбай Сүлейманов музей бұрышының лентасын қиды.

Мен қазақтың ұлымын,

Ұлы дала болған менің тұғырым.

Ғасырлардың дауылымен алысып,

Жетісуда өтті менің ғұмырым, – деп өзі жырлағандай, туған жерінен тамыр үзбей, Алатау мен Алакөл, Аспантау мен Аягөзге дейін созылып жатқан ұлы атырабында ақық өлең өрістетіп ғұмыр кешкен Қайрат  Әлімбектің «Жоқ іздеген жігіт» кітабының тұсаукесер салтанаты өтті.

Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрының дәлізінде өткен рухани шарада ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Уәлихан Қалижан мен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса жаңа жинақтың тұсаукесер рәсімін өткерді. Сондай-ақ, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, талантты ақын Маралтай Райымбекұлы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, республикалық «Абай» журналының бас редакторы Мұратбек Оспанов, С. Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты, ақынның досы Бекен Нұрахметов сөз алып, қазыналы кеудесінен қара өлеңнің саф алтынын сапырған шайырдың қаламгерлік қуаты, ақындық айбыны, адамгершілік болмысы мен қасиеті туралы толғанды.

Иә, осындай ғажайып шаралармен өрнектелген мерейтой өз кезегінде Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрының сахнасында жалғасын тапты. Онда әуелі «Жетісу» телеарнасының шығармашылық ұжымы дайындаған деректі фильм көпшілік назарына ұсынылды. Ақынның өмір жолы, шығармашылық сүрлеу-сүрдегі жайлы ел ағаларының, қаламдас достарының, әдебиет бірегейлерінің естеліктері айтылып, ақынның студенттік кездегі рөлі сомдалды. Әсерлі фильмнен кейін алғашқы болып аталмыш тойдың өтуіне тікелей мұрындық болған ақынның досы, курстасы, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев сөз алды. Әуелі дарынды ақын, қарымды журналист, Жастар сыйлығының лауреаты Қайрат Әлімбекті еске алуға арналған шаралар бүгін өскен өлкесі Қаратал жерінде басталып, Талдықорғанда жалғасын тауып отырғанын, ақынның руханияттағы орнын айшықтаған аймақ басшысы:

– Біз Қайратпен ҚазМУ-де бірге оқыдық, бір бөлмеде тұрдық. Журналистика саласында 1980-ші жылдарда қатар қызмет еттік, үзеңгілес, пікірлес, дос-жолдас болдық.  Қайраттың мінезі көпшіл, парасаты терең, бойында лапылдаған жалыны бар, арынды, адуынды, рухты азамат еді. Оның ойға ұтқыр, сөзге шешендігі, азаматтық болмысы, елжанды мінезі жырларынан айқын аңғарылып тұратын, – деп сәулелі жылдардың нұрлы естелігін жаңғыртты. Ақынның асқаралы жасына орай айшықталған мерейтой қарсаңында атқарылған жайдарман істерді атап өтті.

«Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді», – деп Ілияс ақын айтқандай, биыл жерлес ақынымызды еске алып, 60 жылдық мерейтойына орай тағылымды шаралар ұйымдастырғанды жөн көрдік. Келесі жылдан бастап Қайрат Әлімбекке арнап жыл сайын тұрақты түрде жас ақындардың шығармашылық байқауын өткіземіз. Бұл - ақын рухының жас таланттарды шабыттандыруға, шыңдауға шарапаты тисе деген ниеттегі игі бастама.  Осы сәттен бастап ақынның екінші ғұмыры – мәңгілік ғұмыры басталды деуге болады. 

Жетісу топырағы төл таланттарымен мақтанады. Соның бірі Қайрат Әлімбек аз жасаса да мәнді өмір сүрді. Аз жазса да саз жазды, тереңнен толғады, рухани ортаға құбылыс болып келді. Оның мұрасын насихаттау, сол арқылы қазақ руханиятының ортақ игілігіне айналдыру – біздің парызымыз, – деп ағынан жарылды. Руханияттың жанашыры, ақынның абзал досы Бейбіт Өксікбайұлының лебізінен кейін құйрықты жұлдыздай елін шұғылаға көміп кеткен дарынның өнегелі өмірі есті естеліктерге, жылы лебіздерге арқау болды.

Сонау 1963 жылдың 16-шы маусымында жазиралы Жаркент жерінде от жүрегін тулата өмірге келіп, аз ғұмырында «Сезімнің гүлі», «Жоқ іздеген жігітпін», «Намыс найзагері», «Махаббатстан» сынды бірқатар кітабын оқырманға олжалаған талант-тақсыры қазақ журналистикасында да соны соқпақ салды. Ол көптеген басылымда қызмет етіп, тілшілік әлемін тіршіліктің тіні еткен бірегейлер қатарына енді. Әрбір жазбасы ойлы оқырманын толғандырмай қоймады. Қазіргі «Жас Алаш», 105 жылдық тарихы бар «Jetisy» сынды беделді басылымдардың беткеұстар қаламгері ретінде қазақ журналистикасына бір таланттай еңбек сіңірді.

Рас, қасиетті Құранда айшықталған «Қалам және оның жазуына серт» деген аятқа адал болып, өмірде ізгілік пен адамгершілікті насихаттаған, іңкәрлік пен сезімді жырына астар еткен Қайрат Әлімбек турасында көптеген жылы естелік айтылды. Өзі еліктеген, пір тұтқан Мұқағалидай асқақ тұғырға ел болып қондыру керегі сөз етілді. Сондай тебіреніске толы толғам толғағандар қатарында профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижан ақын шығармашылығына терең талдау жасап, «Лениншіл жас» газетінде жүрген жылдардағы ақынның журналистикалық қабілет-қарымы турасында сөз қозғады. Өз кезегінде зиялы қауым өкілдері, көрнекті қаламгерлер Жақыпжан Нұрғожаев,  Бейсенбай Жолдасбекұлы, Қазыбек Иса ақын туралы лебіздерін жаудырды. Марғасқа Маралтай Райымбекұлы Қайрат Әлімбек ақынға арнаған кестелі жырын көпшілікке паш етті.

Қазақтың бірлігі мен берекесін, еркіндігі мен ерен қасиетін жырымен насихаттаған шайырдың шырайлы кешінің өтуіне мұрындық болған крустастары сазгер досы Жүніс Ормашұлы әнін жазған «Нарынқол» әнін әуелетті. Өз кезегінде Жетісу жерінің өнерпаздары ақын сөзіне жазылған ғажайып әндермен өлеңсүйер көпшілікті сусындатты. Ал еске алу кешінде сөз алған Қайрат Әлімбектің ағасы Жұмағұл Әбдіраманұлы аяулы інісін сағына еске алып, жанарын жасқа шылап айтқан естеліктерімен көпшілікті толқытты. Таланттың Бейбіт Өксікбайұлы бастаған курстас достарына, ел азаматтарына Әлімбек әулеті атынан алғысын жеткізді. Өлеңін, өнерін қадірлеген елге ризашлығын білдірді. Ақынның немересі Абдрахман ата жолын қуған перзент екенін көрсетіп, арнау өлеңін оқыды. Көрермен жыр тұлпардың тұяғы, асылды сынығы болған ұрпағына сүйсіне қарап, ақ батасын арнады.

Қайрат ақынның рухын асақтатқан еске алу кешінен кейін ас беріліп, Құран бағышталды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ