«ӘКЕ ТУРАЛЫ ОЙ-ТОЛҒАУ» (Үзінді)

Уақыты: 03.09.2023
Оқылды: 1161
Бөлім: РУХАНИЯТ

«...Шығармашылық қарымын әкем ешқашан асыра бағалаған емес. Табиғи қарапайымдылық пен тектілігінен шығар, басқа кейбір қаламдас әріптестері сияқты өзін өзі мақтау мен кітаптарын насихаттаудан аулақ ұстады. Бос мақтан жазушыға абырой әпермейді деп санайтын. Таңдаған жанры көпшілік оқырманға арналғандықтан ешқашан дәстүрлі классика қатарына енбейтінін жақсы түсінді. Хаттарының бірінде ол, ең алдымен, қалың оқырман қауымға, сондай-ақ «өз балаларына» жазғанын айтыпты. Үміт пен сенімі алдамапты. Оның шығармаларын қарапайым адамдар, сондай-ақ, эпистолярлық жанрға қатысы барлар да ұмытқан жоқ. Елімізге кең танымал «Қазақ әдебиеті» газетінде (2008 жылғы 22 тамыздағы саны) жазушы-журналист Рахметали Асылбектің (Қазақ детективі қай деңгейде?» деп аталған қызықты мақаласы жарық көрді. Мақалада жазушы Мағира Қожахметова былай деп еске алады: «Қазақ детективі дегенде ең алдымен Кемел Тоқаев есімі ойға оралады. Қалай құмартып оқитын едік, шіркін!». Бұл кісінің айтуынша, К. Тоқаевтың шығармалары нақтылы тағдыр, қым-қиғаш мазмұн, қайран қалдырарлықтай оқыс шешіммен баурайтын. Адам жанының жылуы асқақтығымен астасып, ерекше әсер қалдыратын. Ал, ардагер журналист Әтина Жәкетова: «Қазақ детективін қалыптастыруда Кемел Тоқаевтың көп еңбектенгенін білемін. Шығармаларын қызыға оқығанбыз. Қаламгердің бір қасиеті – шыншыл, турашыл адам еді», – деп атап өтеді. Қазіргі жас буын өкілі, Өнер институтының студенті Салтанат Жарқынбекова мынандай пікір білдіріпті: «Әрине, кітапты жиі оқимын. Маған, әсіресе тарихи тақырыпта жазылған көркем шығармалар ұнайды. Детективтерді де оқығанмын. Бірақ К. Тоқаевтан басқа бұл тақырыпқа арнайы қалам тартқан қазақ жазушысын білмеймін. Қазақ тілінде жазылған мұндай шығармалар жоқ сияқты. Дүкен мен кітапхана сөрелерінде тек шетел жазушыларының орыс тіліндегі кітаптары немесе солардың қазақша аудармалары ғана тұрады».

Мақала авторының өзі Рахметали Асылбек қазақтың детективті әдебиетінің қазіргі жағдайын және оны шетелдік әдебиетпен салыстыра талдай келіп, тап Кемел Тоқаев біздің әдебиетімізде осындай танымал жанрдың бар екенін бүкіл әлемге паш етті деп тоқталады. Жазушының кең танылған туындысы «Сарғабанда болған оқиға» негізінде мақала иесі шырғалаңды оқиғаның шешімі милиция тергеушілерінің кәсіби жұмысымен сәтті үйлесім тапқанын баяндай отырып,К. Тоқаевтың шығармашылығы аты аңызға айналған Шерлок Холмс туралы кітаптың авторы Конан Дойлдан ешбір кем емес деген тұжырым жасайды.
Әрине, мен Кемел Тоқаевтың шығармашылығына жоғары баға берген авторлардың барлығына ризамын. Баспасөз жарияланымдарынан басқа мен әдебиет-сүйер қауымнан көптеген хаттар аламын. Олардың барлығы әкейді ұлттық әдебиетімізді қызықты детектив жанрымен байытқан өзіндік қолтаңбасы бар қарымды қаламгер ретінде ілтипатпен еске алады. 

Жазушының туған халқына деген ерекше махаббаты лайықты қайтарымын тапқандай, өмірінің соңына дейін еліміздің қай өңіріне барса да сый-құрметке бөленді. Мемлекеттік мұрағатта түрлі облыстарға жұмыс сапарымен барғанда түскен фотосуреттері сақталған. Олардың бәрі жазушы Кемел Тоқаев пен оның мыңдаған оқырмандарының өзара ықыласының айнымас куәсіндей қала бермек. 

Ол қазақ әдебиетінің марқасқалары – Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқановтарға ерекше құрметпен қарап өтті. Олардың шығармалары уақытқа бағынбайтын дара тұлғалар дейтін. Қазіргі заман жазушыларының ішінде Әбділдә Тәжібаев пен Әбіш Кекілбаевты бөліп айтатын. Бірде мен оның «Қазақ әдебиеті» газетін беріле оқып отырғанын көрдім. Сол кездің көкейкесті мәселелерінің біріне жазылған Ә. Тәжібаевтың мақаласы екен. Мақала туралы пікірін сұрадым. Сонда қазіргі жазушылардың ішінде өз ойын Әбділдәдай әсерлі де әдемі жеткізетін, поэзия мен прозаға бірдей қуаттылары шамалы деп жауап бергені бар. Ал Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын тарихилығы және философиялық тереңдігі үшін жоғары бағалайтын.

Әкей білім мен ағартудың қайнар көзі ретінде кітаптарға аса мұқият қарады. Басында баспана жоқ, қаражат жағы қинап тұрса да кітаптан ақшаны аямады. Бұл әдетін өмірінің соңына дейін жалғастырды. Соның арқасында біздің үйде көптеген қызықты кітаптар жиналды. Мен оларды мерзім сайын қайталап оқып, ата-анамның көзі тірі кездерін еске аламын. Асылы, әкем мен шешей осынау қымбат байлықтың мәнін нақты түсінсе керек, енді ол кітаптар о дүниелік болған марқұмдармен біздің арамызды мәңгілік жалғап тұрған алтын арқауға арналды. 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ