ҚОҒАМ БОЛЫП КӨРЕТІН ҚОЙЫЛЫМ

Уақыты: 07.09.2023
Оқылды: 918
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қай заманда да шынайы өнерді жасайтын, тынымсыз еңбек ететін талант иелері халық тарапынан жоғары бағаланған.  Олардың руханиятымызға берері мол. Жақында Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында «Мұғалім» атты премьера қойылмақ. Осы орайда қойылым режиссері Данияр Базарқұловпен әңгімелескен едік. 

– Данияр Жоламан-  ұлы, сізді өнерсүйер қауым танығанымен  шалғайдағы жұртшылық аса біле бермейді. Сондықтан әңгіменің басын өзіңізді таныстырудан бастасаңыз.
– Мен 1981 жылы қараша айының 16-сында Алматы қаласында дүниеге келдім. Қарапайым отбасында ержеттім. Т. Жүргенов атындағы өнер академиясын «Музыкалық драма театрының актері» мамандығы бойынша  бітірдім. Өнер жолын актерлікпен бастап, кейіннен осы салаға ойыстым. Соңғы 11 жыл бойы Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында актер, режиссер, көркемдік жетекші болып қызмет атқардым. Сонымен қатар, Ақтөбе, Түркістан театрларында бас режиссер ретінде өнердің өркендеуі үшін білек сыбана қызмет еткенім сол өңірлердегі көпшілікке мәлім. Қазіргі таңда өзімнің жеке «Жол» атты театрым бар. Соның жұмыстарымен айналысудамын. Бірақ, осындай облыстар мен басқа қалалар шақырған кезде қойылымдарға режиссерлік етіп тұрамын. 
– Жетісулық көрермен  асыға күтіп жүрген «Мұғалім» атты премьера  нешінші қойылымыңыз? Кімнің ұсынысымен қойып жатырсыздар?
– Жалпы режиссерлікке 2016 жылдан бері бет бұрғанмын. Жеті жыл ішінде 12 қойылым қойдым. Қолқанат Мұрат деген жас драматургтың «Мұғалім» шығармасын Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры мен «Жол» театрында қойғанбыз. Бірақ, бұл жақтағы спектакльдің формасы тіптен бөлек болмақ. 
– Неге қойылымның атауы «Мұғалім»?
– Бізде стереотиптік қалыптасу бар. «Мұғалім» десе, мұғалім ғана көру керек деген. Алайда,  мұғалімнің мәртебесі мен мамандығының қандай қиын екенін ата-аналар мен оқушыға  жеткізе отырып, олардың беріп жатқан білімін қай дәрежеге қоятынымызды аңғару керек. Бұл тек  ұстаздар ғана емес, бүкіл қоғам болып, атауына емес, ауқымына қарап көретін қойылым.
– Таңдау неге осы қойылымға түсті?
– Негізі басқа да спектакльді қоюға болар еді. Дегенмен, директор мен көркемдік жетекшінің ұсынысы бойынша осы шығарманы таңдадық. Баланың психологиясы, ата-ананың балаға деген қарым-қатынасы, мұғалімнің қоғамдағы орны мен беделі сияқты көп тақырыптар қозғалатын туындыны Талдықорған көрермені де көру керек деп осы туындыға тоқталдық. Жалпы, бұл қойылыммен  көзі қырағы көрерменге «Біз адам болып қала аламыз ба?» деген ой  тастаймыз. Қай мамандық болмасын адами қасиетімізді жоғалтпауымыз шарт. Оған қоса мұғалімдердің қоғамдағы орны мен олардың мәртебесін көтеру туралы ой қалыптастыру қажет. А. Байтұрсынұлының «Бала тәрбиесі ол шешімі жоқ ғылым» деген сөзін алға қойып,  қала тұрғындары мен қонақтарына осы қойылымды ұсынбақпыз.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Айғаным АЙТМҰХАН