Болжам мен байлам

Уақыты: 05.11.2023
Оқылды: 814
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ақиқатын айту бізге парыз, сонау ықылым заманнан бергі тарихымыз бен мәдениетімізден тамыр тартқан көп дүниенің ат-атауы өзгерген. Кейбірі көмескіленген. Біршамасы бүгінгі ұрпақ жадынан шығып та кеткен. Соның бірі сөздік қорымызға енген атаулар, тіркестер екені анық. Біз бұған дейінгі жазбаларымызда олардың денін айшықтап шықтық. Бұл жолы том-том тарихымызға басылған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атауымен қалған сұрапыл шайқастағы «Алқакөл сұлама» сөзіне ден қоюды ойладық. Оған түрткі болған себеп те жоқ емес.

Шыны керек, «Алқакөл сұлама» сөзі туралы бүгінде ғалымдар арасында дау бар. Бірақ дені тарихи атаудың түпкі бастауы туралы нақты кесіп айтпаса да ел құлағына сіңісті болып кеткен «Алқакөл сұлама» күйінде қалуын құптаған секілді. Олардың санатында, әрине, алдымен Мұхаметжан Тынышпаев пен Ілияс Есенберлин, Жанұзақ Қасымбаев сияқты тұлғалардың барын, еңбектерінде «Алқакөл» деп жазылып жүргенін кітаптарын парақтап-тарақтаған жандар біледі.

Алайда бұл туралы, яғни «Алқакөл» сөзінің түпкі атауы өзгерген деген пікірді қуаттап, күдік айтқан атақты ғалым Ермұхан Бекмаханов еді. Белгілі этнограф ғалым Жағда Бабалықұлы өзінің Қасымхан Бегманға берген сұхбатында: «...Қырқыншы жылдардың аяқ шені мен елуінші жылдардың бас кезінде Ерекең (Ермұхан Бекмахановты айтып отыр) Қазақ мемлекеттік университетінде сабақ берген. Сол кезде «Елім-ай» жырындағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» емес, «Алқақол сұлама» деп ой тастаған екен. 1988 жылы жиырма үшінші желтоқсанда Алматыда өткен «Рух мерекесінде» сөз сөйлеген  тарихшы Манаш Қозыбаев: «Алқакөл сұлама» емес, «Алқақол сұлама» деп ашып айтты. «Рух мерекесін» ұйымдастырушы Алматы облысы әкімінің сол кездегі орынбасары Жібек Әмірханова да тек «Алқакөл» емес, басқа да бірнеше деректің бар екенін растады. Бұл – сол жиында айтылған ойлар» дей келе, жалпы бұл атауларға қос тарап бойынша күдік-күмән келтіретіндер көп екенін атаған.

Жағда Бабалықұлының сырлы сұхбатына мән берсек, этнограф алдымен «Сыр өңірінде Алқакөл атты жер бар екені анық сияқты» дей келе  қос атау бойынша бейтарап пайым түйеді. Ақыр соңында Бекмахановтардың болжамына иек сүйейді. Ондағы себептің әуелгісі, әрине, баба тілді Қожаберген жырау тудырған   «Елім-ай» жыры. Тірісінде саяси қайраткер, дипломат, әскери қолбасшы, ордабасы, тіпті тархан һәм сардар болған Қожаберген жырау араб, парсы, шағатай, татар тілдеріне жетік болған көрінеді. Бұл тұлғаның өмірлік бейнесін сомдарда оның аса ұлы ойшыл, діндәр, өз еңбегін ұлпа теріге түсірген жазарман екенін де ұмытпауымыз керек. Бұл тұрғыда Жағда Бабалықұлы: «...Үш жүз жылдан бері ауыздан түспей «елұран» ретінде айтылып жырланып келе жатқан «Елім-ай» жыры о баста 3683 шумақ, 14732 жол болса да бізге әрең-әрең жеткені екі мыңдай жолы ғана. Оның өзі ауыз әдебиеті негізінде мол өзгеріске ұшырап, сөйлемдер, тіркестер, есімдіктер, атаулар бұл күндері біршама күдік тудырып жүргені мәлім. Сол күдіктің бірі – «Елім-ай» жырындағы «Алқакөл» атауы», – дейді. Сонымен қатар, этнограф сонау Алтай, Сауыр, Тарбағатай асып, батысқа қарай шұбырған аш-жалаңаш елдің «Алқакөлді» немесе «Алқақолды» іздеп барып сұлайтын қай күйі бар деген сезігін жасырмайды. 

«Атсыз қап жұрт жүрісі шабан болды,
Халқыма аштық, соғыс жаман болды.
Басталды ел сұлауы Алакөлден,
Ақтабан шұбырынды заман болды», – деген шумақта «Алқакөл» мен «Алқақол» атауы жоқ екенін, Сырдарияның бойындағы аядай «Алқакөлге» ұзақ сүргіннен барып сұлауы қызық екенін топшылайды. Осындай жанды һәм нанымды мысалдар келтіре келе дәстүр-салтымыздың білгірі Қожаберген жыраудың жырындағы түпнұсқа сөз – «Алқақол» болуы керек деп тұжырады.

Шыны керек, қазіргі сөздік қолданыстағы кейбір сөздердегі «ә, е, о, ө» әріптері түрленіп, көп өзгеріске ұшыраған. Мұны да қаперіне алған ғалым «Алқа» атауының түпкі мәнін тереңнен қаузайды (Бұл, әрине, екінші мысалы). 

Жағда Бабалықұлы еңбегінде: алқа-қотан, алқа-қотан қону, алқа-қотан отыру, алқалай қону, (алқалай – иіру, отыру, төңіректеу), алқалы той, алқа жиналысы, алқалы топ, алқалы кеңес, алқалы мәжіліс, редакция алқасы, бас алқа сынды, т.б. көптеген сөздерді айшықтай келе қазақ салт-санасындағы біршама ойын түрінде алқалай отыра қалып көңіл көтеретін дүниелер болғанын да тізбелеп өтеді. Соның аясында тағы бір (үшінші мысал) келтіріп өтеді. 

«1940-1949 жылдар арасында жоңғар қазақтары Гоминдаң империясына қарсы ұлт-азаттық күреске аттанды. Осы бір мазасыз жылдар мен күндердің кейбір сәтінде адамдарды аз да болса тынықтыру қажет болды. Сондай сәттерде жауынгерлерге он-он бестен «алқаланып» жата қалуға бұйрық берілді»  дей келе бұл қысқа мезеттік тынығу, аттарды демалту шарасы екенін айтады. Ары қарайғы мысалына мән берсек, «Алқақол сұлама» да дәл сондай екенін айта келе: «Бала-шаға, кемпір-шал, ақсақ-тоқсақ, аш-жалаңаш... – бәрінің болуы шындық. Шұбырған қалың елдің есі кіресілі-шығасылы болуы заңдылық. Мұндай заманақыр сәттерде адамдар бірінен-бірі адасып, айырылып қалмау үшін қол ұстасып, жетектесіп, отырса-тұрса, жатса, ұйықтаса біріне-бірі көз-құлақ болуға өмір өткізуге мәжбүр болған шығар» дей келе, Ақтабан шұбырындыдан басталған тауқыметті кезеңде, алқаласып жан сақтап, қол ұстасып көш аударған елдің алқа-қотан күйде болып қол ұстасуынан «Алқақол» атауы шығуы мүмкін екенін жеткізеді. Және осынау ұзын-ырғақты байламының соңын: «Қалайда Алқакөл де, Алакөл де емес, шын мәнінде «алқақол» болуы анық», – деп тұжырады.

Шын мәнінде қалмақтың шығыстан (Жетісу жері) бастаған жорығы аз жылда ішкерілеп енуіне түрткі болды. Орбұлақта беті қайтқан жау ес жиып, санаулы кезеңнен кейін жорығын Алакөл жақтан бастауы да мүмкін. Бұл, әрине, жорамал. Мүмкін, қазақ сөз, атау, тіркестерінің өзгеріске ұшырағанындай «Алқақол» да «Алқакөл» болып бұрмалануы, ауыздан ауызға тараған «Елім-ай» жырының түпнұсқасы түрленіп кетуі де мүмкін. Бәлкім, шын мәнінде: «Тал да таппай қармауға жағалаудан, ақыл қашқан адыра бабалардан», – деген Мұқағали Мақатаев дастанындағыдай күйі кеткен, ақылдан ада болған босқындағы жұрт шөл қысқаннан Сыр өңіріндегі Алқакөлге сұлай кеткен де шығар?! Мұны тарихшылар зерттеп, ғалымдар қайталай қарастырса жөн еді. Ал біз осынау «Этнографпен әңгіме» кітабындағы ғалым сөзін айшықтап, болжам мен байлам аражігін ажыратар еңбек пен тарихты қайта жазар кезеңнің туғанын, бұл пісіп тұрған дүние екенін оқырманға жеткізгіміз келді...

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ