МАЙЛЫ ШЕЛПЕК (ӘҢГІМЕ)

Уақыты: 12.11.2023
Оқылды: 933
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ойым түгіл, түсіме кірмеген бір майлы шелпекті құдай өзі қолыма ұстата салмасы бар ма. Қалай дейсіз ғой?

Мектепке күнде бір жолмен барып, бір жолмен қайтып күйкі тіршіліктің күйбеңімен жүргенде аудандағы үлкен бастығымыз Құтбаев шақырып жатыр деген хабар келді. «Сорлы басым неден жазықты болдым екен?» деп жүрегім паровоздай дүрсілдеп, өкпем өңешіме кептеліп алқына жеттім ғой ауданға. Сөйтсем, ыстық күнде ақ тер, қара сорпа боп келген түріме әлгі басшы сынай бір қарап алды да сәлеміме самарқау басын изеп қойып отыра берді. Қағаздарын қағыстырып болып, үстелінің үстіне реттеп маған сөйлеуге қолы тимегендей біраз күйбеңдеді. Менің дегбірім қашып, шыдамым шытынап барады. «Әкесінің өлгенін де естіртеді» демекші, не айтса да сыздамай тез айтса екен деймін ішімнен. Бірақ ол асықпады. Хатшы қызды шақырып, оған біраз тапсырмаларды берді. Сосын қасындағы қызылды-жасылды екі-үш телефонның біреуінің құлағын көтеріп шалқая отырып бір жаққа звандады. Сосын, күндей күркіреп әлгі адамды жеп жіберердей дауыспен:

– Әй, Дүтбаев, осы сен тапсырған істі уақытында орындауды қашан үйренесің? Мен немене, сенің жеңгең ғой деп пе ең қалжыңдасатын? Әлде, қимай жүрсің бе?

Арғы жақтан шыбын жаны қуырдақ боп, Құтбаевқа жағдайын түсіндіріп жатқан адамның сөздері еміс-еміс естіледі.

– Бәсе солай де,  – деді ол дауысы бәсеңдеп. – Олай болса, бүгін кешке жеткізетін бол! Ол ашуын трубкадан алғысы келгендей тарс еткізіп қоя салды.

–Осы елге бір нәрсе тапсырсаң уәдесін беріп алады да аяғын сиырқұймышақтандырып барып, құрдымға жібереді,– деп маған мақұлдатқандай күңкілдеп, сыздана біраз отырды да, екінші телефонға қол созды... Трубкадан ер адамның қарлыққан дауысы гүж ете қалғанда басекең жаңағы қалпынан лезде өзгеріп, көздері күлімдеп, телефонға қарай еңкейе берді, дауысы да жіңішкіреп кеткендей.

– Ассалаумағалейкум, Жәке! – деп дауысын әндете созды. – Шүкір, шүкір сіздің мархаббатыңыздың арқасында құдай деп, қуырдақ жеп дегендей, жүріп жатырмыз...

– Мақұл, мақұл, Жәке. Құп болады, Жәке. Бопты, бопты орындалады, Жәке! Бүгін кешке боп қалар, Жәке!

Енді біраз сөйлесе ол телефон трубкасының ішіне кіріп кетеді ау деген ой келе қалды. Сосын тершіген маңдайын, жуан мойнын беторамалымен ысқылап сүртіп, шашы желкесіне ысырылып кеткен жалтыр шекесіне дейін құрғатты. Асықпай беторамалын қалтасына бүктеп салды. Осының мені шақырғаны сірә да жалған болар, маған біреу әзілдей салған ғой, ал мен болсам, анық-қанығын ажыратып алмай өкпемді қолыма алып жетіп келсем керек, – деген ойдан маңдайым шып-шып терлеп кетті. Сол кезде:

– Осы сіз, жаңылмасам, тарих пәнінен сабақ беретін болуыңыз керек?

Мен селт етіп оған қарадым. Басекең тырнағының арасындағы кірді шұқылап, баппен сөйлеп отыр.

– Сабақты тәуір өткізеді деп естідім. Мінез-құлқыңды да ел мақтап жүр екен. Сондықтан Қарабұлақтың сегізжылдық мектебіне директор болсаң деген ойымыз бар.

Ол бірден «сізден» «сенге» көшіп, шегір көздерін тіке қадап, енді маған сынай қарады.

Бастық болғанды кім жек көрсін? Күтпеген мұндай ұсыныстан қатты қуанып, өз-өзімнен қысылып, не дерімді білмей қапелімде аузыма сөз түссеші...

– Әйеліммен ақылдасайын, – деппін сасқанымнан.

Ол қарқылдап кеп күлмесі бар ма? Екі иығы селкілдеп, жуан қарны ірік-ірік етіп әбден күлді, тіпті қысық көздерін майлы қабақтары жауып кетті. Әбден күліп болған соң қалтасынан беторамалын алып көзін сүртіп:

– Әй Майлыаяқов-ай, мен әйеліңді емес өзіңді ұсынып отырмын ғой. Еркектің ісінде әйелдің шаруасы не? Болғың келе ме, жоқ па? – деді ол күлкісін тез тиып, даусын қатайтып қадала қарап.

– Ойлап көрейін, – дедім мен. Әлі де болса үймен ақылдаспақ боп ішімнен. Неге десеңіз, «Қарабұлақ» біздің ауылмен іргелес болғанымен, бала-шаға, үй-жай дегендей, бір жерге орнығып қалған адамның аяқ асты қопарыла көшуі оңайға түсе қоя ма?

– Олай болса, – деді ол, ертең таңертең маған келіп тоқ етерін айт. Ол іс бітті дегендей, орнынан тұрды да алдында жатқан папкені жалп еткізіп жаба салды. Мен кабинеттен шыға бердім.

Сөйтіп бірер күннен соң дыңдай бір мектептің директоры болдым да шықтым. Майлы шелпек аузыма енді түсеріне күмәнданбадым. Құтты орныма қонып, қонжиып отырғаныма да бірер күн болып қалған. Кенет телефон шырылдады.

–Алло!

– Ә, Майлыаяқов, қал қалай? – деді. Өзімнің аудандағы бастығым екен баяғы.

– Жаман емес, жұмыспен танысып жатырмын.

– Оның дұрыс. Әбден мұқият таныс. Бұрынғы директордың қателігін қайталамауға тырыс. Коллективіңмен ортақ тіл табыс, –  деп біраз ақыл-кеңес берген болды. Сосын:  – Тағы бір айта кететін жай, сен өзің қазақтың «Құрғақ қасық ауыз жыртады» деген мақалын білесің бе? Иә, дұрыс білетін болсаң, құр рахметпен құтылуға тырыспассың.

Ол өзінің орынды әзілін өзі құптап кеңкілдеп күлген болды. Мен емеурінін түсіне бастадым. Сөйткенше болған жоқ:

– Немене түсіне алмай отырмысың? Жуу деген болмай ма жаңа орынды. Әйтпесе кірлеп қалып жүрер. Кх-кх-кх...

Бастық болған жақсы ғой, бірақ сол күні-ақ дәулетің тасып, көл-көсір байлық келе қойса ғой шіркін! Ал кедейден бастық болсаң, көпке дейін көніңді көтере алмай, діңкең құритын көрінеді. Бұрын бүйтіп шен тиіп, шекпен киемін деген ойым түгіл түсіме кіріп көрмеген соң артық ауыс тиын-тебен де жинай алмаппын. Мектепке барып-келіп жүріп тапқан еңбекақым аузын ашып көзін жұмып отырған сарықұлақ бес баланын киімі мен тамағынан көп артыла да бермеуші еді. Әйелім болса сол балалардың әуресімен үй шаруасында жүретін. «Қысқа жіп күрмеуге келмейді» демекші, аяқ асты мынадай ұсынысқа қиналыңқырап қалдым. Дегенмен, «бөрі жүнін қампитар, сырын бермес» дегендей, мен де сыр бермеуге тырысып, қарыз алып дегендей, шапқылап жүріп, бір нән қой тауып сойып, арақ-шарап әзірлеп, басекеңді орынбасарымен үй-ішімен қоса шақырып алдық.

«Жақсылыққа – жақсылық» демекші, құрақ ұшып сыйлап, бала шағасына көйлек-көншек, сәлем-сауқат беріп, риза етіп аттандырдық.

– Мен сені жөн білмейтін адам ба десем бір азаматқа жетерлік жомарттығың да бар екен, жарайсың, – деді бастығым шын риза болғанын жасыра алмай, қайтуға жиналып жатып, күрмелген тілі орамға әзер келіп.

Арада аз күн өткен еді. Бір күні телефон шырылдады.

– Алло!

– Майлыаяқов сенбісің?

– Иә, басеке.

– Саған бір қолқа салсам деп ем. Қалай қарайсың?

– Иә айта беріңіз.

– Алматыда үлкен қызмет істейтін бір досым бар еді, күтпеген жерден сол келіп қалғаны. Ауылды жердесің ғой, әнеукүнгі сойған қойдай семіз біреуі болса. Мен де қажет болғанда бір кәдеңе жарармын.

Амал не, ауылды аралап қой іздедім. Тағы біраз күн өтті.

– Алло!

– Мен ғой аудандық оқу бөлімінің нұсқаушысы Барыпкелов. Құтбаев жолдас кезекті демалысын алып курортқа бармақшы екен. Соған «көп болып көтерген жүк жеңіл» демекші, көп болып тиын-тебен құрастырып жатырмыз. Сен де біраз үлес қос...

Құтбаев курорттан оралған соңғы туған күнін тойлау да маған арзанға түскен жоқ.

Сосын майлы шелпек жеймін деп жүріп қара нанымнан айрылып қалмай тұрып, жылы орнымды табайын деп арыз жазып алып ауданға тарттым. Жол бойы атамыз ұлы Абайдың:

«Болыс болдым мінекей,

Бар малымды шығындап,

Түйеде қом, атта жал,

Қалмады-ау елге тығындап»

деген өлеңі есіме орала берді.

Күнсая Оспанова,
жазушы, журналист

Фото: ашық дереккөзден