КЕМЕЛ ЕЛДІҢ КЕЛЕШЕГІ

Уақыты: 11.11.2023
Оқылды: 977
Бөлім: РУХАНИЯТ

Кен кеудесінен қазына қотарып, ұрпағына тәрбиенің таза шырынын ұсынған, тәлімнің мөлдір тұнбасын тартқан кешегілердің алтын арнасынан ажырап қалмасақ та, сүрлеу-соқпағына тұтас ел болып түсе алмай жүргеніміз ащы ақиқат. Тіршілікпен күнелтіп, жаһандану көшінде отбасын асырау қамымен жүрген көпшілік бесіктен түлеген талшыбықтай өскініне өміршең өнегені тұтастыра термелеуден қалып барады. Әженің ертегісі, атаның нақылы, әке-шешенің ақылы әдеттегіден аз айтылуда. Соның салдарынан тәлімнен тасырқап, тәрбиеден тосырқап қалған жас жеткіншектердің теріс әрекеті ауық-ауық көрініс беріп жататыны жасырын емес.

Ата жолын ардақтап, далалар мен ділмарлардың дәстүрлі тағылым мектебінен өскіндерді тояттату («Уызға жарып өскен ұл, қазанның түбін қырнай ма?» Н. Айтұлы) бүгінгі күннің ең бір алтынөзек ісі іспетті. Мектеп жасындағы балалардың ойсыз қылығы, оспадарлық ісі жылт ете қалар қоғамда желегі барқыт жастарға құндылықпен тамырлас таза да нәрлі тәрбие беруге міндеттіміз.

Осы орайда облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың идеясымен «Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасы қолға алынды. Жаңа оқу жылында басталған аталмыш жоба аясында тұлғалар, ел ағалары, айтары бар асыл азаматтар мектеп оқушыларымен жүздесіп, оларға ұлттық құндылықтарды, тарих пен әдебиет, мәдениет пен өркениеттің озық үлгісін көрсеткен бабалар өмірінің өнегелі тұсынан сыр шертіп, «бүгінгі қазақ азаматының қандай болуы керек?» деген сауал аясында толғамдар айтып, дәріс оқып келеді.

«Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жоба аясында Қазақстан Рреспубликасы Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Амангелді Толамисов арнайы іс-сапармен Жетісу жеріне келіп, төрт мектепте тағылымды дәріс оқыды.

Отбасы құндылығы, жастардың қоғамдағы орны мен салмағы, мақсаттың айқын, арманның ақық болуы, ұлтты сүю, тілге қызмет ету тұрғысында айырықша тебіренген сенаторлар Талдықорған қаласындағы №15, №22, Барлыбек Сырттанұлы атындағы №25, Сайын Мұратбеков атындағы №9 орта мектептерінде болып, жоғарғы сынып оқушыларына мәйекті, мазмұнды дүниелерді пасихаттады.

– ...Тағдыр талайын көрмей жатып жастығына налыған Джек Лондон ұрлық-қарлық жасап, қылмыс атаулы дүниенің шырмауына батты. Теңіз кешіп, мұхит басты. Осылайша тіршілік ете бастаған жас таланттың көкірегінің көзі ашылып, бір ауық өзімен өзі кеңескен сәтте әріп танып, білім алудың қажет екенін түйсінді. Сөйтіп, 19 жасында өздігінен әріп танып, кітапқа бас қояды. Білімін жетілдіру, қатарға ілесу үшін тәулігінің 19 сағатын білімге арнаған. Осылайша талантына қамшы басқан Джек, алғашы әңгімелерін де қағаз бетіне түсіре бастайды. Алайда алғашқы жазған дүниелерін жарамсыз деп тапқан редакциялар оның десін басқан... Бақандай 650 рет Джектің шығармасын жарамсыз деп тауып, қайтарған ғой, – деп оқушыларға ойлы жанарын қадаған ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылыми комитетінің төрағасы Нұртөре Байтілесұлы ары қарай ойын сабақтады. Арада санаулы жыл өткенде Джек Лондон әлемге әйгілі жазушы қатарына қосылғанын айтып, адамды мұрадым-мұрат, берік мақсат, айқын арман жетелейтінін, кісі баласы жасынан білім, еңбек, тәрбиені тағдырына үш таған еткенде ғана биік шыңға шығатынын әңгіменің өзегі етті.

Өз кезегінде ментор дәріскерлері бүгінгі таңда жастар мамамандық емес грант таңдайтынын жеткізді. Түрік халықтары ішінде 80 млн. астам халқы бар түріктен емес, 30 млн. астам өзбектен емес, ұлан-ғайыр жері болса да халқының саны жағынан бауырлас жұрттан аз қазақтан үш бірдей ғарышкер шыққанын айтты. Тектіліп пен ептілік, ерлік пен өрліктің сан мың көрінісін тарихына таңбалаған, қаны таза, жаны ақ қазақ халқының шекарасы шегенделген ел екенін, сол шекарамыздан аттаған қонақтар жастарға қарап қазақ халқының бүгінін болжайтынын, тәрбиесін, өнегесі мен өркениетін қай деңгейде деп топшылайтынын атады. «Кіндігі ашық, алқам-салқам күйде жүрген, еліктеу мен солықтау сорабына түсіп ата дәстүрінен алшақ кеткен жастарға қарап ұлттық тамырынан ажыраған ел екен деп баға бермесіне кім кепіл?! Сондықтан Қазақстандағы әрбір жасқа (ұлты басқа болса да) қарап, қазаққа баға беретінін ұмытпау керек», – деп тебіренді.

Әкенің тәлімі өміршең, ананың батасы баянды екенін айшықтаған Амангелі Ғабдылкәрімұлы отбасы құндылығын құнттаған ұрпақтың қоғамнан, өмірден алар орны биікте екенін түсіндірді. Әрбір жастың өмірі мен еркіндігі өзінде болғанымен, оның жақсы азамат, тәрбиелі маман болуы қоғамға өз әсерін тигізетінін, «баласы жақсы қандайды» дегендей, қазыналы азамат ана-ананың да ұлы мақтаныш сезімін оятатынын, мұндай менмұндалаған биікке әрбір оқушы талпыну қажеттігін айшықтады.

– Адам кітаптан да, кинодан да тәлім алады. Кітапты парақтап-тарақтау емес, тармақтап танып тамырға сіңірген дұрыс. Киноны көру емес, өмірмен сабақтастыра-салыстыра отырып санаға пайым қалыптастыру маңызды. Бірде американлықтар түсірген киноны көрдім. Басталып кетіпті. Сол киноның жалпы сюжеті былай: жарылыс болатынына байланысты қабілеті бар оқушыларды іріктеп аламыз деп ескереді. Сосын 25 оқушының ішінен тек қабілетті деп тапқан онын ғана аман алып қалу үшін арнайы азық-түлігі бар бөлмеге қамайды. Сол іріктеуде өзге салаға ынталы жастардың арасынан ақын мен музыкаға қабілетті оқушыны атып тастайды да, қалғанын әлгі бөлмеге жабады. Келесі сынақта да дәл солай ақын мен музыкаға үйір жанды оққа таңады. Арып-ашып аштыққа, тар бөлмеге шыдай алмаған талантты жастардың келесі сынағында, бір жас суырылып шығып, ақын мен әншіні атқызбай әлгі ондықтың қатарына қостырады. Сонда бастапқы сынақтан бордай тозғандардай емес, әлгі ондық қандай қиыншылыққа болсын шыдас береді. Өйткені рухы семіп бара жатқандарға жырмен жігер, әнмен шабыт беретін ақын мен әнші олардың қатарында бар еді, – деген Нұртөре Жүсіп бұл мысалдан өнер мен өмір өзектес екенін аңғаруға болатынын жеткізді. Қашанда өнері өрістеген елдің жастары білім, тәрбие, өнер мен өнегеге иек сүйегенде ғана қандай тайғақ кешу жол болса да, одан есен өтетінін, қиындықты еңсеретінін айшықтады. «Ол үшін әрине алдымен өнегелі, тәрбиелі, білімді болу жолында аянбай маңдай терді шүмектету ләзім», – дейді сенатор.

«Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасының спикерлері жетісулық жастардың танымын кеңейтер тарау-тарау толғам жасады. Бірі басқа адамдық сапаға көтерілу үшін ең алдымен тәрбиенің маңызды екенін, ұлыларымыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп тұжырым түйгенін жеткізсе, екіншісі баба жолынан айнымайтын берік ұстанымды оқушы жастан санаға түю маңызды екенін айшықтады. Қоғамда көрініс беріп жатқан электоранды темекі секілді адам өміріне балта шабар зиянды заттардан аулақ болып, ұрлық-қарлық, өсек пен өтірік, жеке тұлғаның құқығына қол сұғушылық секілді дүниелерден ада, таза, мөлдір болуы, ата-ананы ардақтауы, ұстазды ұлағаттауы қажеттігін атады. Сонымен қатар, оқушылық кезеңді пайдалы, тімді өткізіп, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Оралхан Бөкей, Сайын Мұратбеков сынды классиктердің ғажайып шығармаларымен сусындау керектігін, өмір сүзгісіндей мөлдір туындылар адам тағдырына ерекше әсер беретінін, адам танымын кеңейтіп, қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін арттыратынын да қалыс қалтырмады. 

Еркін форматта өткен жиында сенаторлар «Кітап оқисыздар ма?», «Күлдіреуіш деген не?» сынды сыни сұрақтар арқылы оқушылардың танымы, әдеби деңгейі қай дәрежеде екенін салмақтап көрсе, оқушылар да өздерін толғандырған сауалдарды қойды. Пікір білдірді. Осылайша өз дәрежесінде өрнек тапқан тағылымдамадан оқушылар түгілі ұтсаздар қауымы мен БАҚ қызметкерлері де өнеге түйіп қайтқандай болды.

Айта кетерлігі, қарымды қаламгер-журналист, ҚР Парлементі Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп өзі дәріс оқыған мектептерге «Мың құмырсқа және біз» кітабын сыйға тартты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ