Ғалам мен даламның тілі – күй

Уақыты: 06.11.2023
Оқылды: 469
Бөлім: РУХАНИЯТ

 

«Домбыра, сенде мін бар ма?

Мінсіз болсаң --- тіл бар ма?

Тіл жоқ деуге бола ма?

Тілден анық үн барда?

Домбыраның күші мол,

Көмейінде күй барда»

                                                                      І. Жансүгіров.

 

 

 

Қазіргі таңда уақыт пен жүйе бір орында тұрмай, түрлі әлеуметтік, саяси, экономикалық өзгерістерге ұшырайды. Осыған байланысты ел болашағына алаңдап, оның ұлттық мәдениетін, дәстүрін терең зерттейтін, талпынысы бар талантты ұрпақты рухани тұрғыда тәрбиелеу керек. Өйткені, алаштың бар болмысы – тұнып тұрған өнер, жастарға – шексіз асыл мұра.

           Жалпы, бұқаралық сананы тек жаңғыртып қоймай, өзімізге ғана тән ұлттық кодымызды дұрыс қолдану үшін халықтың кемелдену жолындағы мақсаты пен мүддесін айқындап алу қажет. Әрбір азаматты білім нәрімен сусындатып, жеке тұлға ретінде үлкен өмірге дайындайтын кез-келген мектептің басты мақсаты – ғасырлық мәдени сабақтастықты сақтай отырып оқыту екені сөзсіз. Талай жылғы тәжірибесі бар ұстаз ретінде айтарым, оқушы тәрбиесiнде қазақтың ұлттық музыка өнерінің алатын орны зор. Ол эстетикалық талғам мен эмоционалдық мүмкiндiкті көтередi. Ал көзқарастарын қалыптастыру, өз беттерінше мәдени құндылықтарды түсініп, бағалай білу қабілеттерін дамыту – менің міндетім.

         Музыка деген алпауыт құбылыс жасөспірімді кеңінен және әдеттен тыс ойлауға үйретеді, патриотизм сезімін оятып, адамгершілік және азаматтық белсенділігін арттыратыны да рас. Бір жағынан, қиялына қанат бітіріп, рухани азығын молайтады.

Қуаныш пен қуаңшылық, жұт пен соғыс, ашаршылық пен жеңіс сынды ауқымды дүниені, толғаныс пен тебіреністі үздіксіз баяндап келе жатқан қазақ күй өнерінің тарих парағында алар орны ерек. Қабылдауға жеңіл, үйренуге күрделі болып келетұғын ол – адам баласының бойындағы махаббат пен кек, ызы мен ашу, қайғы мен сүйіспеншілік секілді түрлі эмоцияларды тілсіз жеткізу инструменті.

         Жалпы, қазіргі бағдарламалар оқу ордасының ұлттық мәдени жасампаздық қызметін қалпына келтіруге негізделген. Мұндағы басты мәселе – халық педагогикасының тәрбиелік мазмұнымен таныстыру қажеттігі. Себебі заман озған сайын тәрбие мен білім беру реформалары қоғамның дамуына қарай үнемі жаңғырып отырады. Бүгінде оқу процесін ұйымдастырудың икемді үлгілері қолданысқа енгізілді. Тіпті, әрдайым даму үстінде жүретін оқушының өзін шығармашылық тұрғыдан көрсете білуіне басымдылық берілді.

 

           Қазақ халқының дәстүрлі талғам – танымы бойнша күй атаулы өзінің саз- сарынына орай   «тік күй», «қоңыр күй», «бойлаулық күй» деп үшке бөлінеді.  Халықтың дәстүрлі атауы осылай. Мәселен, қоңыр күйлер философиялық ойға құрылады, өмірдің  ойлы, мұңды  сәттерін толғайды. Тік күйлер болса, өмір құбылыстарын тыңдаушысына елестетіп отырады. Тік күйлер өмірдің қызық та күрделі құбылыстары  туралы дыбыспен сүрет салады, дыбыспен баяндап береді.

           Ал,  бойлауық күйлер көбіне жоқтау сарынымен  өмірдің қайғылы, зарлы сәттерін бейнелейді. Жас буынды ұлтжандылыққа тәрбиелеп, парасаттылыққа толы жырларымызды тыңдата білсек, бізге сонау таза да мөлдір, тұнық мәдениет бұлақ бастауына қайта оралатын күн туады. Ертеңгі тарих бүгіннен басталады. Елдің ертегі ертеңі яки бұлыңғыр болашағы да мына біздер – ұстаздардың қолында.

         Мысалы, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, этнограф-жазушы, публицист, филология ғылымдарының докторы, профессор Ақселеу Сланұлының шығармашылығы мен зерттеулері – бүгінгі алып Қазақстанның жаһандану дәуіріне жасаған кішкентай болса да, нық әрі жаңа қадамы деп білемін. Пайымды пікір, нақты шешімдерден тұратын қастерлі еңбегі – дамудың жарқын үлгісі іспеттес. Меніңше, нақты сипаттамасы толық жазылмай, ақсап тұрған қазақ фольклортану саласына дем беріп, қазақ қара өнерінің жыртығын жамаған А. Сейдімбек еді. Ұлы тұлғаны сөз етуімнің бірден бір себебі – менің айтпақ ойым мен философ ұстанымының бір арнада тоғысуы болып тұр. 

           Нақтылайтын болсам, «Күй аңызы» – Ақселеу мырзаның негізгі нысанасы. Яғни, бұл – музыкадан гөрі фольклорға, əдебиетке жақын, күйдің тууына сеп болған жағдай мен түбі тұрмысқа ұласатын аңыз-əңгімелер жинағы. Демек, балалар күй арқылы әдебиет пен тарихқа үңіліп, кіндік қаны тамған өлкенің өткенін оқу арқылы қазақи болмысын қалыптастырады. Және керісінше, аңыздарды жадына сақтап, сіміре оқу арқылы қоңыр дауыс, бұлбұл үнге, күй мен жырға, жалпы өнерге бір қадам жақындай түспек... Ал, толғаусыз – толғау да мүмкін емес.

          Сабақтан тыс ұйымдастырылған музыкалық үйірмелердің де өзіндік пайдасы бар. Мұнда оқушылар вокалдық сабақтардан бөлек, есту, басқа оқушыны тыңдау, ырғақты түсіну, бір жүйеге түсуді үйренеді. Бойындағы туа біткен қабілет-қарымын қайрап, дарынын дамытып, өнерін өркендетеді. Былтыр мектептебімізде  «Самға» домбырашылар ансамблі құрылған еді. Оның құрамында Жаңабай Жансерік, Елубай Жұлдыз, Елубай Ерасыл, Қуаныш Толғанай, Надырхан Амина, Надырхан Әсия, Аянұлы Сұңқар, Баймұханов Байырхан, Туғанбаева Амина, Ерсінұлы Батырхан, Тұрсынқожаев Саян есімді шәкірттеріміз  бар. Балалар мектепішілік, қалалық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға бірнеше мәрте ие болған. Біз үшін бұл үлкен жетістік. Өйткені азғантай уақыт ішінде күйшілеріміз онбес шақты күйді меңгеріп шықты.

           Үйірме мақсаты – тек күймен шектелу емес, домбыра мен жырау, жыршы, күйшілердің ғұмырнамасымен, аңыз-әңгімелермен танысу. Одан бөлек аудио, бейнерөліктер, арнайы презентация жасап, болашақ жұлдыздарды музыка атты алып әлемге жетелеу. Осы жоба бойынша оқушыларға арнап еліміздің атақты журналист, ақын, жазушы, музыкант, әнші, композиторларымен кездесу ұйымдастырып тұрамыз. Атап өтетін жайт, бұл балалар мектептен бөлек те өздігінше музыкалық курстарға қатысады. Ал ансамбль құрамында ауқымды материалдарды топ болып  бірге меңгеріп, қиындықтарды бірге еңсеріп келеді.

           Ең бірінші маңызы – мұндай ұжымдық жұмыс балаларды ауызбіршілікке, тәртіпке, сыйластыққа үйретеді.

           Кезінде біздің күйімізді Е. Брусиловскийдің өзі опералық шығармаларға өте тиімді пайдалана білген. Бабына базарлығы сай дегендей, қазақ музыкасын қажетіңе жарата алсаң, кез-келген композициямен оңай ұштасып кете береді. Классикалық эстрада майталманы, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы Дінмұхамед Құдайбергеннің өзі алаш күйін әлемдік деңгейге көтеріп, дәстүрлі өнерімізді насихаттап жүр. Бұның барлығы – оның мектеп қабырғасында жүріп-ақ қолына ұстаған қара домбырасымен кеудеге сіңген сезім шоғынан туған алпауыт махаббат екенін растайды.

         Күйдің рухы қашан да биік, мәртебесі ләйім жоғары.

 

Жазира САПАРЖАНҚЫЗЫ, музыка пәні мұғалімі.

Талдықорған қаласы  № 21 орта мектеп Өтенай ауылы.