Ақын мұрасын насихаттап келеді

Уақыты: 18.12.2023
Оқылды: 696
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мұқағали Мақатаев – ғасыр ақыны. Ол 45 жылдық қысқа ғұмырында ұшан-теңіз жұмыс бітіріп, артына асыл мұра қалдырды. Ақын жырлары адамдарға өмір сырын ұқтырды. Атамекен шежірелерін толғады. Нәзік лирикалармен сезімге бөледі. Табиғаттың әсем суреттерін сөзбен кестеледі.

Мұқағали Мақатаевтың аудармалары өзінше бір төбе. Дантенің «Құдіретті комедиясын», Шекспирдің сонеттерін, Уитменнің өлеңдерін ана тілімізге аударды. Әлем ақындарын қазақ оқырмандарына жақындатты.

«Жазылар естеліктер мен туралы» деп ақынның өзі айтқандай, Мұқағали туралы естеліктер жалғаса береді. Айтулы тұлғалардан бастап, ауыл адамдарына дейін ақынға қатысты көрген-білгендерін көпшілікпен бөлісуге тырысады.

Олардың ой қосып, пікір алмасатын ортақ мінбері – республикалық әдеби-мәдени, танымдық «Мұқағали» журналы. Басылымның жарыққа шыққанына 20 жылға жуықтады. Осы уақыттар ішінде журнал ақын мұрасын насихаттауға зор үлес қосты. Қаламгердің өмірі мен шығармашылығына қатысты материалдарды үздіксіз жариялады. Мұқағалитану ісіне түрлі авторларды тартты. Айта берсек, тілге тиек ететін өнегелі мысалдар өте көп.

Журнал 2024 жылы 19-шы кезеңге қадам басады. Ізденістер одан әрі жалғасады. Оқырмандар басылымының мүмкіндіктерін пайдаланғаны абзал. «Мұқағали» журналына жазылу арқылы ақын жайлы толғамдардың қыры мен сырына қанығады. Ол сізге тек ақпарат беріп қана қоймайды, сырласатын, ақылдасатын шынайы серігіңізге айналады.

Жақыпжан Нұрғожаев,
«Мұқағали» журналының бас редакторы
Фото: https://muqagali.kz/1080