МЫҢ БОЯУЛЫ МЕЙІРІМ

Уақыты: 21.01.2019
Оқылды: 2138
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Мүшелтой» балалар мен жасөспірімдер клубының ұйымдастыруымен «Менің отбасым» тақырыбында сурет байқауы өтті. Жарысқа 10-15 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балалар қатысты.

Байқау мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғам өміріне бейімдеу, патриоттық тәрбие бере отырып, ұлттық құндылықты насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Жас суретшілер бәсекесіне Талдықорған қаласының «Үміт», «Бәйтерек», «Қамқор» бейімдеу орталықтарында, зерде және есту қабілеті бұзылған мектеп- интернаттарында, №13 арнаулы сынаптары бар орта білім беретін мектепте оқитын 30-ға жуық жасөсіпірім қатысып, шеберліктерін сынады.

Ең алдымен қатысушыларға өзінің ыстық ықыласы мен ізгі тілегін жеткізген «Мүшелтой» балалар мен жасөспірімдер клубының төрайымы Дания Қыдырбаева жарыстың ережелерімен таныстырды. Ол өз сөзінде: «Бүгінгі шара Алматы облыстық білім басқармасының №2 лот жобасы аясында өткізілді. Бұл – бірінші байқау емес. Осыған дейін дойбы, шахматтан спорттық жарыс ұйымдастырғанбыз. Балғын балалардың ұсынған барлық композициясы болашақта өтетін көрмеге қойылады», – деді.

Әуесқой суретшілердің назарда ұстаған басты тақырыбы – отбасы. Қатысқан әр баланың туындысы ерекше. Талдықорған қаласындағы есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп- интернатының тәрбиеленушілері Роман Штауб, Диас Наби, Ақзер Төлегеннің туындыларынан қазақы дәстүр мен шеберлік байқалды. Одан бөлек, «Бәйтерек» күндізгі болу орталығының, оқушысы №13 арнаулы сыныптары бар орта мектебінің оқушылары Айдана Молдахметовамен Полина Лоскутова өз идеяларымен ерекшеленді.

П. Лоскутова «Отбасылық ағаш» композициясын ұсынды. Ал А. Молдахметова өзінің туындысы туралы: «Барлығымыз әженің аялы алақанын көріп өстік. Мейірімге толы қолдар басыңнан сипағанда ерекше сезімге бөленесің. Сайыстың мазмұнын естігенде «Әженің құшағында» деген тақырыпта әженің ыстық алақаны мен құшағындағы отбасымды бейнелегім келді», – деген ойымен бөлісті.

Сайыста М. Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп гимназиясының бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Сымбат Бейсенова, суретші Аделина Нистор, №17 коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бейнелеу өнері пәнінің ұстазы Ғалия Рахимова төрелік етті. 

Қылқалам арқылы суретке жан бітірген балалар «Үйлесімді түс шебері және бояу шебері», «Ерекше компоновка», «Ерекше шығармашылық», «Қылқалам шебері», «Дарынды суретші» сынды номинациямен марапатталды. Сондай-ақ, Ақзер Төлеген (есту қабілеті бұзылған мектеп-интернаты), Қуаныш Асқарбеков («Бәйтерек» бейімдеу орталығы) және Валерия Воротынцева (№13 арнаулы сыныптары бар орта мектеп) ІІІ орынды иеленді. Ал ІІ орыннан есту қабілеті бұзылған мектеп-интернатының тәрбиеленушілері Нұржан Қуанышбек пен Роман Штауб көрінсе, жүлделі І орынды Диас Наби ұтып алды. Сонымен қатар, жетекшілерге облыстық білім басқармасының Алғыс хаты табысталды.

Іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Еңлік ҚАБДЕШ