ОНОМАСТИКА: АЗАТ АУЫЛЫНДА АЛАШ КӨШЕСІ БАР

Уақыты: 25.01.2019
Оқылды: 1723
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ғасырларға жалғасқан кешегі отарлық саясат Ұлы Даланың әр төбесіне бұрмалап ат қойғызып, жергілікті халықтың тілін сындыруға тырысты. Нәтижесінде, небір «овкалар» жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап, тарихи атаулардың тамырына балта шабылды. Тіпті, кейінгі ұрпақ туған жерінің төл атауын ұмытып, «овкамен» ер жетті. Өкініштісі, отарлау саясатының салқыны әлі күнге дейін ел-жұрттың санасынан өшпей келеді. Қасиетті жерімізге, елді мекендерге таңылған кеңестік сөздер айтуға да, жазуға да жеңіл көрінетіндей сезіліп, құлдық сананың құрсауында жүргендер бар. Десе де, тәуелсіздік таңы атқалы көптеген атаулар қазақшаланып, тарихи әділдік орнап жатқаны жасырын емес. Сондай сүйінші сұратқызатын, халықтың ұсынысымен, мемлекеттің қолға алуымен атқарылған игі істердің бірсыпырасына тоқталып өтуді жөн санадық.

Бұл қуанышымыз Жетісу өлкесінде үш аудан, сегіз ауылдық округ, он сегіз елді мекен ұлт мақтаныш ететін тарихи тұлғалардың есімімен аталатынын естігенде еселене түсті. Оған 2880 көшені, 101 білім беру мекемесін қосып қойыңыз. Әңгімеміздің әлқиссасын дәл осы көңіл көншітерлік көрсеткіштен бастап отырған себебіміз, республикалық ономастика комиссиясы мақұлдаған «Тарихи тұлғалар», «Тарихи жер-су аттары» және «Дәстүрлі атаулар» атты арнайы тізіммен тікелей байланысты. Аталған тізімде халықтың құрмет-қошеметіне бөленіп, ұлт ұранына айналған 150 тұлға көрсетілген. Облыста тізімдегі тұлғалардың 134-інің есімі ұлықталып отыр.

Мемлекеттік бағдарламаның басым бағыттарының бірі – ономастикалық атауларды жүйеге келтіру. Бірінші кезекте идеологиялық тұрғыдан ескірген және қайталанатын атауларды алмастыру жұмысы қолға алынды. Өткен жылғы жұмыс жоспарына сәйкес, облыстық ономастика комиссиясының төрт отырысы өткізілді. Комииссия отырыстарында Балқаш, Еңбекшіқазақ аудандары мен Қапшағай, Текелі қалаларындағы ономастикалық ахуал бойынша әлеуметтік салаға жауапты әкім орынбасарларының есептері тыңдалды. Сондай-ақ, 2 ауылдық округке, 11 елді мекенге, 905 құрамдас бөлікке (көше), 18 мемлекет меншігіндегі нысанға атау беру, қайта атау бойынша барлығы 936 ұсыныс қаралды. Нәтижесінде, Петропавловка, Садовое, Соколовка секілді 12 әкімшілік-аумақтық бірлік атауы өзгертілді, 838 құрамдас бөлікке оң қорытынды берілді.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасы ономастикалық жұмыс және талдау бөлімінің басшысы Ермек Ақшабаев қазіргі таңда Қапшағайға қарасты 48, Талдықорғанға қарасты 7, барлығы 55 көшеге атау беру және қайта атау туралы ұсыныс ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясына жолданып, мақұлданғанын айтып отыр. Аталмыш ұсыныстар бойынша облыстық мәслихат пен облыс әкімдігінің бірлескен шешім жобасы әзірлену үстінде.

- Халық пікірі ескерілген хаттамалардың негізінде әкімшілік-аумақтық бірліктер мен елді мекен көшелеріне, әлеуметтік нысандарға атау беру, қайта атау мәселелері бойынша облыста өткен жиындарға барлығы 68986 адам қатысты. Оның ішінде 68526 адам қолдап дауыс берген. Яғни, аталған көрсеткіш 99,3 пайызды құрайды, – деген Ермек Сүндетбайұлы шешімін табуы тиіс мәселелерді де атады. – Дегенмен де, ономастикалық атауларды бір ізге түсіру, идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды ретке келтіру бағытындағы жұмыстар әлі де жүйелілікті талап етеді. Аудан, қалалардағы атауларға жүргізілген мониторинг нәтижесінде облыс аумағындағы 17 аудан, 3 қаланың 100 пайызы мемлекеттік тілде аталады. Ал 256 ауылдық (кенттік) округтің 97,2 пайызы, 741 елді мекеннің 96,8 пайызы, 10548 көшенің 89,1 пайызы қазақша. Заречное, Казцик, Энергетический, Чапаев, Междуреченск, Рудник, Черкасск секілді елді мекен атаулары өзгертілуі тиіс екендігі анықталды.

Аталған басқарма ономастика саласындағы жұмысты жетілдіру, ашықтық қағидаттарын енгізу, қоғамдық пікірді ескеру, азаматтық қоғам институттарын және бұқаралық ақпарат құралдарын кеңінен тарту мақсатында арнайы семинар өткізген. «Ономастика және көрнекі ақпарат мәселелері» атты семинар-кеңеске А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары, аудандық, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылары мен салаға жауапты мамандары қатысты. Басқосуда облысымыздың ономастикалық ахуалы кеңінен талқыланған. Сондай-ақ, өткен жылдың қазан-қараша айларында «Нысандарға атау беру – жауапты іс» атты төрт көшпелі семинар-кеңес ұйымдастырылған.

Осы орайда халыққа қызмет көрсету орындарының (дүкендер, шаштараздар, кафелер, дәмханалар, дүңгіршектер) маңдайшаларындағы жазуларды, хабарландыруларды, жарнамаларды, баға көрсеткіштері мен басқа да көрнекі ақпараттарды ҚР Тіл туралы Заңына сәйкес ресімдеу мақсатында «Тіл тазалығын сақтайық» акциясы өткізілді. Сонымен қатар, облыста 1540 рейдтік тексеру жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде, 737 (620 қатемен жазылған, 117 заңға қайшы) кемшілік анықталып, оның 556-сы заң талаптары бойынша сәйкестендірілді. Ал қалған 181 кемшілікті түзету бойынша нысан иелерімен қосымша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмек көрсетілді. Қазіргі таңда Жетісу жеріндегі көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тілді пайдалану дәрежесі 88,2 пайызды құрайды.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма өкілдері ұйымдастырған шаралар реті мұнымен түгесілмейді. Өңірдегі ономастикалық жұмыс тұрғындармен қоян-қолтық байланыс орнатып, ұсыныстарын ескеру нәтижесінде жылдан-жылға жанданып келеді. Олардың ішінде, көптеген көше атауларының қазақшаланғанын айтсақ та жеткілікті. 2018 жылдың өзінде 905 көше облыстық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылып, 92 пайызы мақұлданған. Тарқатып айтар болсақ, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қаратұрық ауылында былтырға дейін бір көше Лениннің атымен аталып келген. Бұл – бір ғана мысал.

Еңбекшіқазақтан бөлек, Қаратал, Талғар, Панфилов, Іле, Кербұлақ аудандарында да идеологиялық тұрғыда әбден ескірген, кеңестік сарында қойылған көше аттары күні кешеге дейін сақталып отырғаны еріксіз таңғалдырады. Облыста Октябрьская, Комсомольская, 40 лет Победы, Колхозная, Киров, Калинин, Советская, Ленинградская, 60 лет пионерий, Пионерская секілді кешегі кеңестік жүйені еске түсіретін, орыстандыру саясаты салдарынан қойылған көше атаулары былтырға дейін өзгертілмеген. Бір жыл ішінде осындай ескі сарындағы атаулар қазақшаланып, тәуелсіз елімізді айшықтайтын есімдерге ие болды. Жаңа көше атауларының ішінде ең көп қойылғаны – Тәуелсіздік, Желтоқсан, Астана, Сайрам, Мәңгілік Ел, Алаш, Еркіндік, Жерұйық, Тұран, Сарыарқа, Отырар,  Талхиз, Егемен, Сарайшық, Нұрлы жол. Былтыр облыстық ономастика комиссиясының мақұлдауымен өзгертілген  осындай көшелердің ішінде Алаш, Ұлы Дала елі атауларына еріксіз тоқталуға тура келеді. Мысалы, Еңбекшіқазақ ауданы, Азат ауылындағы бір көше Алаш деп аталады. Бұрынғы аты – Комсомольская. Іле ауданы, Байсерке ауылындағы бір көшеге Ұлы Дала елі атауы берілген. Алаш, Ұлы Дала елі көшелері бірнеше ауылда кездеседі.

Республикалық ономастика комиссиясымен мақұлданған «Тарихи тұлғалар» тізімі бойынша облыста жұмыс жалғасуда. Бүгінде Жетісу аймағында Қарасай, Райымбек және Жамбылдың есімінде бір-бір аудан, ауылдық округтер, сондай-ақ, Қабанбай, Төле би, әл-Фараби, Алпамыс батыр, Қадырғали Жалайыри бастаған ұлы тұлғалардың және Алаш арыстарының атында бірнеше көше, білім мекемелері бар. Бір ғана Әлихан Бөкейханның атымен жеті көше аталады. Мұндай өзгерістер жүрегі елім деп соққан кез келген азаматты сүйсінтері сөзсіз.

Қуаныш ТҰНҒАТАР,

"Жетісу"