ТҰРСЫН ТӨРЕ

Уақыты: 22.02.2019
Оқылды: 2168
Бөлім: РУХАНИЯТ

Аңшы аяңға басты. Алыстан қарағанға ат үстіне тау қондырғандай сурет. Алып дене мен сом салмаққа ат шыдас берсін бе? Сапарға шыққанда тайпалған тағы бір жорғаны жетегіне байлап жүреді. Бүгін де сөйтті. 
Аңшы нөкерлерімен Сарыбел, Бүркітті, Баянжүрек тауларын аралап, аң-құсты таңдап жүріп атып алды. Бұл өңірдің жасы да, жасамысы да Тұрсын төремен аңға шығуға құмар. Бай баласы атажұртты дүрмекке бөлейді. Тұлпарлардың тұяқ үні, аң қуғандардың қиқуы, тазы-төбеттердің із кесуі, бүркіттердің саңқылы Алатаудың бөктерін азан-қазан қылады. Аспан да, жер де аңшылардың қызығына куә. Омар байдың тегіне тартып туған сұңғыла баласы Тұрсын құралайды көзге атқан мерген ғой. Ол көздеген аң-құс алысқа ұзамай қанжығаға байланады.
Бұлар аң аулаудың қызығына әбден батты. Біраз уақыттан бері демалған жүйріктер сауырын жазып, тынысы ашылып, тау бөктерінде еркін шапты. Мергеннің Ақжал атты желмен жарысар жүйрігі кекілі екіге жарыла екпіндеп, қиқудың қызығымен алға ұмтылды. 
Аңшылар аттың басын кері бұрып, ауылды бетке алғанда ойламаған жерден түз тағысы қасқырдың жылт ете қалмасы бар ма. Желіккен жұрт қиқулата жөнелді. Көптің алдын бермейтін жүйрігі Тұрсын төрені басқалардан оқ бойы озық әкетті. Бірте-бірте арланға жақындай түсті. Жүгірген аң, ұшқан құсты дәл атып құлататын мерген ыңғайы келді-ау дегенде жүгенді тартып, шүріппені басып қалды. О, тоба, оқ атылмай қалды. Тағы қайталағанда да шүріппе басылмады. Қасқыр ажалсыз екен деп ойлады аңшы. Әйтпесе, Жақып атасы жасап берген бес қаруының қай-қайсысы да иесінің ойын дөп табатын. Әсіресе, пышағы жалтылдап тұратын. Жақып ұстаның жасаған бәкісі бір қараның құнымен бағаланатын. Ендеше, бұл қалай? Аңшының санасында неше түрлі күмәнді ой қылаң берді. Аттың басын Баласаздағы үйге бұрып, тездетіп ауылға жетуді ойлады. Бәрі орнында. Алдымен үлкен атасы Алқанның зайыбы Топаш апасына барып, амандасты. Топаш ханым ел-жұрттың дау-дамайының бірқатарын өзі шеше салатын адуынды, ақылды адам. Үлкен бәйбіше – әулеттің ақылшысы, жол көрсетушісі. Топаш ана қайнысының баласын айналып, толғанып маңдайынан иіскеп, аман келгеніне шүкірлік айтты. Одан кейін өз анасы Күлімханға барып мауқын басты. Бірнеше күнгі ат үстіндегі серуеннен шаршаған батыр тұлғалы жігіт төсекке ерте жатты. 

Түн ортасында Тұрсын төре жылқының кісінеген даусын естігендей болды. Мүлгіген тыныштықты тау жақтан тастардың сырғып түсіп жатқан дыбысы бұзды. Сол кезде Айқасқаны мінген жылқышының «ұры келді, аттарды әкетті» деп айқайлаған даусы естілді. Ауыл-аймақ өре түрегелді. Жедел қимылдаған төре сыртқа шығып, Ақжалды ерттеп, ат тұяғының дүбірі естілген тауларды бетке алды. Күндіз атылмай қалған мылтықты өзімен бірге ала кетті. Ұшқан құстан озатын жүйрігі ұрыларды түн ауа қуып жетті. Алдындағы қараң-құраңға жақындай түскенде ұрының Тартысбай екенін таныды. Барымташылар бір үйір жылқыны әкетіп барады екен. 
Тұрсын өз жылқыларын бірден танып: «Әй, Тартысбай, таста аттарды, әкеңнің малы, нарыңның құны жоқ бізде», – деп айқайлады. Тартысбай оның сөзін елең қылмай алған бетіне қарай тарта береді. Барымташының алдына түскен малдың қайтпайтынын білетін Тұрсын мылтығын қолына алып, Тартысбайды қорқытпақ болады. «Соңғы рет айтам, Тартысбай, малды таста, әйтпесе атамын» деді. Бес қырдың астындағыны білетін барымташы қуғыншыны баласынып, сөзін елемеді. Жалғыз адам маған не істей алсын деген оймен желе жортып кете барды. Ашуға булыққан мерген ең құрымағанда қорқытып алайын деп мылтықты Тартысбайдың басынан асыра атпақшы болды. Бірақ, оқ баукеспенің ажалына дәл келіп, жон арқасына тиді. Мергеннің ашуынан қорыққан қасындағылар олжаларын тастап, аттарын сауырға басып, қаша жөнелді. Тартысбай мінген жануар иесін салақтатып сүйрегісі келмегендей біраз жер шауып барып, тұрып қалды. 
Аң атқаны болмаса, тірі жанға мылтық кезеп көрмеген бала қорқып кетеді. Тұрсын бірден ауылға келіп, Топаш әжеге болған жайтты айтады. Келе сала: «Апа, мен адам өлтірдім. Ұрыны атып тастадым», ­­– деп қорқып тұрғанын жеткізеді. Сонда байдың бәйбішесі өзіне тән жайбарақат үнмен: «Балам, оған ұрлыққа кел деген жоқпыз. Ажал айдаған ғой. Қорықпа, баукеспенің құны – бір сандығымның түбі. Барып Тартысбайдың денесін алып келіңдер де ана қой қораға көміңдер»,­­ – дейді. 
Тұрсын әпкесі Үрімді ертіп, оқиға орнына барады. Жануар сол орында әлі тұр екен. Екеуі жылқыны жетектеп әкеліп, Тартысбайдың денесін аттан аударып алады. Денені қой қораның ішіне көмеді. Мал өлікті сезді ме, үркіп бұрышқа тығылады. Екінші күні шопан ата төлі адамның денесінен сескеніп, қораға кірмей, иіріліп тұрып алады. Содан үлкен-кіші ақылдасып, денені мал қорадан аулақ, «Шыбынтай» деген жерге апарып, тастардың арасына көмеді. Бірер ай өткенде Тартысбайдың анасы мен ағайын-туысы келіп, бауырларының құнын сұрайды. Сол кезде дайындап қойған құнды еселеп берген Топаш ханым: «Тартысбайдың денесі әнеу жерде. Алып кетіңдер. Төренің ашуы мен қылышының өткірлігін біліп жүріңдер», – деп реніш білдірмекші болған құн сұраушылардың бетін қайтарып тастайды. Тартысбайдың туыстары денені ашып алғанда бір құлағы мен ернінің үстін тышқан жеп қойған екен. ­Сонда «Адамымыздың құлағы қайда?» ­– деп тағы да алтын-күміс сұрамақшы ниеттерін байқатады. Сол кезде төре ауылының батыры Есенгелді: «Ұрыңның құлағын көже-қатық қылды ғой деп пе едің?», – деп құн сұраушылардың бетін қайтарып тастайды. Әулеттің үлкендері ақылдаса келіп, ерін мен құлақтың құнына қара нар береді. Екіжақ келісімге келген соң Тартысбайдың анасы: ­«Баламды атқан адамды көрейінші. Осы күнге дейін жан баласына есесін жібермеп еді. Ол қандай кісі болды екен?» деп Топаш анаға ой-арманын жеткізеді. 
Топаш ана төлеңгіттеріне баласын шақыртады. Балама зияндары тиіп кете ме деп өзі ортаға тұрады. Сол кезде есіктен Тұрсын төре кіреді. Алып денелі, ашаң жүзді, жанарынан нұр шашып тұрған келбеті келісті 16-17 жастағы жігітті көргенде құн сұраушылар қайталанбас бейнеге сүйсініп, қарап қалған екен. Тау тұлғалы жігіт есіктен еркін сыймағандықтан бір қырымен кіреді. Ол үйге енгенде келісті келбетінен үй іші сәулеленіп кеткендей сезіледі. Бекзаттығы жүрісінен байқалып тұрады. Сонда Тартысбайдың анасы: «Ойпырым-ай, мынадай адамның қолынан өлу де бақыт шығар»,­ – деген екен. 
Дүние – көздің жауы. Байлардың малына қызығушылар оған дейін де, содан кейін де кездеседі. Дайын мал-жанға ие болғысы келетіндер жемтігін іздеген қасқырдай дәулетті ауылды торуылдайды. Бірде Тұрсын төре қасына төлеңгітін ертіп, Сартау асып, аңшылық құрып келе жатады. Қолында мылтығы, қанжығасында дүрбісі бар. Жан-жақты барлайын деген ниетпен дүрбісін алып, шыршалы тау сілемдеріне назар аударады. Сонда қарағайдың шетінен бірнәрсенің қозғалғанын байқайды. Анықтап қараса, жайылып тұрған ат. Бұл маңда өздерінікінен басқа жылқы болмауы тиіс. Жылқышылардың барлығы малдың қасында. Бұл кім болды екен деп жақындап барады. Байқаса, өз үйірінің жылқыларын барымташылар қолды қылыпты. Екі ұры енді бізді таба қоймас, малшылардан алыстадық дегендей қалың ұйқыға батып жатыр екен. Тау тұлғалы жігіт аттан түсіп, ұйықтап жатқан біреуінің үстіне қона кетеді. Екіншісіне қолын созып, өзіне қарай тартып алады. Бірінші ұрының үстіне екіншісін жайғастырады. Барымташылар сырттан келгенге ұқсайды. Бұл жақтың адамдарына түр-түсі келмейді. Содан қасындағы серігіне қарап: ­«Неге тұрсың, көмектеспейсің бе?» дегенде досы: «Екеуіне өзің де жетесің ғой», – деп жайбарақаттық танытады. Осылайша сұңғыла, ержүрек Омар баласы Тұрсын ел арасында батырлығымен, адалдығымен танылып, дау-дамайға билік те жүргізеді.
Бұл әңгімеден оның жігіттік шағынан бастап жаужүрек батыр болғанын аңғарамыз. Ендігі әңгіме Тұрсын төренің ұжымдастыруға қарсы «Бөрібай көтерілісіне» қатысқандығы жайлы өрбімек. 
        * * *
...Кейінгі жылдары Қапалға орыс-казак, татарлардың көшіріліп әкеліп жатқаны жергілікті халыққа  ой сала бастады. Олар Қапалға ғана емес, қазақтың сулы, нулы Лепсі, Үшарал, Үржар, Сарқан, Тасбекет, Арасан, Талдықорған, Қоғалы, Іле, Алматы, Қаскелең, Ұзынағаш сияқты қала, ауылдарына көптеп қоныстандырылды. 
Кейінірек орнаған Кеңес өкіметі «Ұжымдастырамыз, мал-мүлікке бәрің ие боласыңдар» деп кедей-кепшікті жарылқайтын ниет танытты. Бұрын қазақтар мал мен жерін жатжұрттық басқыншылардан қорғап қырылса, енді голощекиншілердің саясатынан қырылу қаупі туды. Ұлттың бас көтеретін ұлдары мен зиялыларының көзін жоюдың небір қитұрқы айла-тәсілдері ойластырылды. Кеңес өкіметі орнасымен «жаптым жала, жақтым күйе» деп Алаштың ардақтыларын шетінен қырды. Олардың орнына өз тұрмыстарын оңдай алмаған, барды ұқсатып үйренбеген, білімі, зердесі төмен адамдарды басшылыққа қойды. Ондайларды «шолақ белсенді» етудің өзі санаға сыймайтын жағдай еді. Маңдайында қызыл жұлдызы бар бас киім кигізіп, қолына қылыш ұстатқан соң әлгілер бай-манаптарға қырғидай тиді. Кедей-кепшікті «жарылқаушы» кеңес өкіметіне керегі де қазақты қазаққа жау ету еді. 
Билеп-төстеушілердің тағы бір мақсаты ­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­– қазақты елдік санадан айыру. Бай-кулактарды тап ретінде жою науқаны қарқын алды. Ұлтының мүддесін ойлағандарға «ұлтшылдар», «тап жаулары», «жікшілдер», «оңшылдар» деген жала жабылды. Сталиннің қолшоқпары Голощекин байды да, кедейді де ет, астық өткізуге міндеттеді. Салықты төлей алмағандар істі болды. Бай-манаптардың ұрпақтары жер аударылды. 
Тұрсынның балалары: Жүніс, Қырықбай, Жолдықан. Сол Жолдықанды өкімет байдың ұрпағысың деп жер аударып жіберді. Осындай шет-шегі жоқ қысастыққа шыдамаған қазақтар көтеріліске шығуға бел буды. Көтеріліс Ақсу, Қапал, ­Сарқанда белең алды. Оны жергілікті халық «Бөрібай көтерілісі» деп атайды. 
Бөрібай ­матайдың батыры болған. Абылай хан Бөрібай батырдың ерлігін жоғары бағалап: «Есімің Матай елінің ұраны болсын!» – депті. Осылайша Бөрібай батырдың есімі найман-матай елінің ұранына айналған. Найман-матай Бөрібайдың есімін естігенде ештеңеден қайтпайды. 
Ұжымдастырамыз деген желеумен кеңес өкіметі мал-мүлікті тәркілеуге кіріседі. Қапал-Баласаз әскери операциясы кезінде олар жергілікті халықтан 641 тай-құнан, 364 түйе, 108 бұқа, 108 сиыр, 603 айғыр, барлығы 5621 малды тартып алған. Бұл – есепке алынғаны. Есепке алынбай, айдап әкетіліп жатқаны қаншама? Мал халыққа бұйырмасын деген ниетпен қызылдар қазіргі Ақсу ауданындағы Қызылтаң ауылының маңындағы Маңқа деген жерге бар жылқыны жинап, өртеп жіберген. Халықты мал «маңқа» ауруына шалдықты деп алдаған. Осындай келеңсіздіктерге шыдамаған Бүйен-Ақсу ауданының бас көтерерлері 1930 жылғы наурыз айының орта шенінде бас қосты. Әңгіме кеңес өкіметіне қарсы тұру жайында өрбіді. Ертеңінде олар үш отрядты жасақтап, үшеуін үш жаққа жіберді. Біріншісі – Арасан, екіншісі­ – Абакумовка, үшіншісі – Ақсуға бет алды. Абакумовкаға барған көтерілісшілер жергілікті халықтан ұжымдастырамыз деп тартып алған жылқыларды айдап әкеліп, жарамдыларын мініп, ондағы бірнеше орысты өздеріне қосып алды. 
Көтерілісшілердің бір отрядын Тұрсын Омаров басқарды. Отрядты соғысқа дайындау, көтерілісшілерге атыс-шабыстың айла-тәсілдерін үйрету, казак Петр Черныхқа табысталды. Отрядтың құрамында 120 қазақ пен сарқандық 20 казак-орыс бар еді. 
Арасанға барған топ ет, астық салығы осы қарқынмен жүргізіле берсе ел аштан қырылып, босып кететінін кеңес өкіметінің адамдарына түсіндірмекші болды. Үшінші топ Ақсу елді мекеніне кіріп, дүкендерді басып алып, көтерілісшілердің керек-жарақтарын алып берді. Көтерілісшілердің бір отрядын Егеубек Жанбаев басқарды. Тағы бір отрядқа Ғали Шатырбаев жетекшілік етті. Ол Өтебай руынан шыққан бай. Көтерілісшілер ақылдаса келіп, Ақсуды өздерінің орталық штабына айналдыру керек деп шешті. Олар халық арасында «Кеңес өкіметі жойылсын!», «Салықтар жойылсын!», «Тұқым қорын жинауға қарсымыз!», «Коммунистерді, комсомолдарды соғыңдар!» деген ұран тастады. 
Бүлік шыққанын естісімен Біріккен мемлекеттік саяси басқарма, яғни, ОГПУ көтерілісшілерге қарсы жазалаушы отряд құруды қолға алды. Ақсудағы көтерілісті басу үшін 25 адамнан тұратын отряд жіберді. Олардың жетеуінде винтовка, қалғандары аңшы мылтығымен қаруланған. Бірақ, жазалаушыларда патрон көп еді. 
Жазалаушылар таң алдында Ақсуға бір шақырымдай қалғанда көтерілісшілермен бетпе-бет кездесіп қалады. Олар қызыл әскердің санының көп еместігін білген соң қоршауға алады. Барлығын тірідей қолға түсіргісі келеді. Бірақ, түн қараңғылығын пайдаланған жазалаушы топ амалын тауып Сарқанға қарай қашады. Қоян-қолтық ұрыста көтерілісшілердің оншақты адамы өледі. Осы әрекеттердің бел ортасында Тұрсын төре жүрді. Бас көтергендердің қатарында Қалдыбай Қылиев, Егемұра Бисембаев, Жүсіпбек Исақов, Ерғали Баламұқов, Қиязбек Таскенбаев, Мұхамедия Сексенбаев сынды азаматтар бар еді. Көтерілісшілердің көрнекті басшыларының бірі­ – Мұқаш Жолбосынов. Олардың көбінде аңшы мылтығы болды. Қазақ көтерілісшілерінің арасында Тұрсын төредей құралайды көзге атқан мергендер көп еді. Бірақ, олар қан төгуден қашты. Бейбіт бас көтеру арқылы асыра сілтеу мен зорлық-зомбылықты тыйып, өкіметке ой салғылары келді. Наурыз айының соңына таман көтерілісшілер Сарқандағы өкіметке елші жіберіп: ­«Өкімет орындары қан төкпестен өз еріктерімен өкімет билігін де, қару-жарақтарын да көтерілісшілердің қолына тапсырсын!» – деген ұсыныс жасайды. Жазалаушылар болса қызыл әскермен келісімге келеміз деп қамсыз жатқан көтерілісшілерге ту сыртынан келіп, оқ жаудырады. Осы жерде 15 шақты адам қаза тауып, 76 азамат тұтқынға түседі. 
Жоғары жақтан тұрғылықты халықты күштеп бағындыру міндеттеледі. Жазалаушылар отряды халықты тықсыра бастайды. Жан сауғалағандар Балқаш көлі жақтағы Жаман, Жамал, Күшікжан құмды алқаптарды паналайды. Олар басында аң атып алып күнелтті. Кейіннен ашыға бастағандар күзен, саршұнақ жеуге көшті. 
Көтерілісшілер жауласу ойларының жоқ екенін кедей-кепшіктің «жарылқаушысына» түсіндіре алмады. Олар шама-шарқынша ашыққан халыққа көмек көрсетуді көздеді. Сол мақсатпен орталыққа алынған малды барымталап, түнделетіп ауыл халқына әкеліп беріп кететін еді. Сондықтан, елдің қамын ойлаушыларға кеңес өкіметі «банды» деп ат қойып, айдар тақты. ОГПУ «бандаларды» қырудың жоспарын жасады. Бұл кездерде аштықтың алды байқала бастаған еді. Ақсу ауданының Қоянды жайлауында 14 ауыл тұрғындарының жағдайы нашарлады. Адамдар астықты түп-түгел өткізіп, өздері малдың жаппасының арасынан арпа теріп жей бастады. Астық егу науқанында өкімет тұқымды колхоздарға уақытында беріп, жекелерге таратуды әдейі мамыр айына қалдырады. 
Елдің қамын ойлағандарды басып-жаншу мұнымен тоқтаған жоқ. Енді аспанды гүрілдетіп, жусан иісі аңқыған даланың берекесін қашырып самолет келді. Самолет көтерілісшілерді аспаннан бақылап, жердегілерге олардың қайда жүргенін хабарлап отырды. Көтерілісшілердің күші азая бастайды. Аспаннан бораған оқты көрмегендер қайда тығылып, кімді паналайтындарын білмей дал болады. Осы кезде Тұрысбек Тәңірбергенов Қытай жеріне асып кеткен адамдардан жасақ жинап, көмекке келеді. 
Банда аталған топтың ызасын тудырған тағы бір мәселе – өкіметтің мешіттерді мал қораға айналдыруы болатын. Мешіт қана емес, шіркеулерді де мәдениет мекемелеріне ауыстырды. Асыра сілтеушілік орыс мұжықтарының да наразылығын тудырды. Қызылағаш ауылында коммунистерге қарсы кедейлер де көтеріліске шықты. «Шолақ белсенді» бір жақтан, аштық екінші бүйірден қысқанда халық қайда барарын, кімнен көмек сұрарларын білмеді. Жапа-тармағай Қытай асуға қорықты. Ол жаққа барғанда бізді кім күтіп тұр, мыналарыңды қайтарып алыңдар деп кеңес өкіметіне ұстап әкеп берсе күніміз не болады деген ой қажыған халықтың санасын сансыратты.
Сәуірдің басында Тұрсын Омаров пен казак Петр Черных бастаған көтерілісшілер тобының соңына жазалаушы екі отряд түседі. Ақсу өзені маңындағы Адансай бұлағынан оңтүстікке қарай 15-20 шақырымдай жерде жазалаушылар көтерілісшілерді қуып жетеді. Сол жерде қоян-қолтық ұрыс болып, көтерілісшілер жазалаушылардан құтылып кетеді. 
Байлардың айла-тәсілінен титықтаған жазалаушылар отрядының командирі, ОГПУ-дің жергілікті басшысы Тарутис жедел әрекет бөлімшелерінің бастықтарына көтерілісшілерді біржолата жойып жіберуге бағытталған арнайы бұйрық берді. Ол бойынша атты әскер дивизиясының бірінші эскадроны Қызылағаштағы көтерілісшілер топтарын жойған соң Сарқан ауданындағы көтерілісшілерді талқандауды көздейді. Тарутистің бұйрығымен жазалаушы отрядқа қосымша 155 жауынгер, 119 адамы бар атты әскер, 36 жаяу әскер, 3 взвод, 58 жауынгері бар коммунистік отряд, 30 жауынгері бар комсомол отряды, 170 жауынгері бар Қызылағаштағы комотряд, 70 жауынгерден құралған Сарқан комотряды, 60 жауынгері бар Ақсу комотряды, Алакөл мен Андреевкада 53 адамнан құралған еріктілер отряды жасақталды. Осы кезде Алматыға ОГПУ-дің бастығы Даниловскийге Қапалдан құпия жеделхат жіберіледі. Онда: «Бүйен­ ­– Ақсу ауданының Қызылағаш, Ақешкі, Сарқан, Қапал, Арасан елді мекендерінде 1500 адамдық банды жойылды. Операция кезінде бандиттер жағынан өлгендердің жалпы саны – 161 адам. Сарқан, Ақсу операциялары кезінде 40 адам өлтірілді. Қосымша тексергенімізде Қызылағаш түбінде 10 адамның өлтірілгені анықталды. Қапал, Баласаз операцияларында 120 адам тұтқындалған»,­ ­– деп келтіріледі. Мәскеуге Даниловский жіберген тағы бір құпия жеделхатта: «Бандалар топтарын жойып жіберу чекистік шаралармен жүзеге асырылады...» – деп жазылған. 
* * *
Қапал, Сарқан, Бөрлітөбе жұрты ешкімнен пана таба алмасын білді. Ендігі мақсат – Қытай еліне көшіп, бала-шағаны аман алып қалу. Ауыл-аймақтың баскөтерерлері жиылып Омар байдың баласы Тұрсын төреге келеді. «Қызылдар тұқым-тұяғымызды түгел құртатын түрі бар. Не де болса көшті бастаңыз, Қытай асайық. Ұрпағымызды босқа қырып алмайық. Ол жаққа тау арқылы баратын жолды білесіз, көшті бастаңыз»,­ – деп өтінеді. Сонда бірнеше жыл бұрын Қытай жеріне бір барып келген, жетпістен асқан Тұрсын төре ұзақ ойланып: «Ресей патшалығын үш жүз жыл басқарған Романовтар әулетін де кеңес өкіметі жоқ қылды. Қызылдар қырып-жойып барады. Оның үстіне күш алып кетті. Арамыздан шыққан тыңшылар шетімізден «сатып», қайда жүргенімізді айтып, ұстап беріп жатыр. Алла салды, біз көндік, Өтсек өтейік Қытайға», – деп көшетін уақытты белгілейді.
Енді туған жер топырағына табаным тие ме, жоқ, жат елде қалам ба деген оймен жасы жетпістен асқан Тұрсын тығылып барып, әкесі Омар төренің басына Құран оқыды. Есіне балалық шағы түсті. Сартау, Баянжүрек, Бүркүтті, Баласазда кең жайлап, ағайын-туыстың қызық тойын тойлап, өздерімен дәрежелес адамдармен құдандаласып, арқа-жарқа болып жататын дәурен-ай! Әкесі өте зерделі, әділдігімен танылған ауқатты адам еді. Омардың үйір-үйір жылқысы су ішуге келгенде Бүйен өзенінің суы тартылып қалатын. Ол көзінің тірісінде бір сандық алтын беріп, Түркістан жақтан шебер алдырып, өзіне күмбез салғызды. Онысы бақилық мекенім бала-шағама рух беріп тұрсын дегені еді. Күмбез арқылы өзінің дәрежесін де байқатқысы келген. Биіктігі 10 метрге жуық мазарды ешкінің майы, жылқының жал-құйрығын араластырып салдырды. Батпақты бір үйір жылқыға таптатып, иін қандырады. Құлап қалған жылқылар болса, шеткерек шығарып, бауыздап, ел-жұртқа үлестіріп жіберіп отыратын. Кесененің төбесіндегі айы айналып тұрады. Мұндай мазар бұл маңда бұрын-соңды болмаған. Қасиетті Омар төре өмірінің соңында кесене салынып бітті ме деп қайта-қайта сұраумен болады. Бақилық үйі тұрғызылып біткенде барып көз жұмады. Мұнда өзінің бауыры Алқан батыр де жатыр. Жан-жағында өрен-жарандары. 
Өткен күндерді көз алдынан өткізген Тұрсын төре соңғы жылдардағы жағдайды есіне алды. Тұлпардан тұғыр озған заманда Шыңғыс қағаннан тараған, бүкіл қазақ қадір тұтқан текті ұрпақтың басы қадірленбеді. Керісінше, қалыптасқан өмір сүру қалпы бұзылып, күнкөріс көзі жойылды. Осыны ойлап терең күрсінген бай баласы атақоныстан бір уыс топырақ алып, ақ шүберекке орап қалтасына салып, атқа қонды. Суыт жиналған көш түнделетіп жолға шықты. Көштің құрамында ұзын саны 300-дей адам. Сартаудан өтіп, Демікпенің асуына барғанда жолды қар басып қалған екен. Көштің арасында көтеріліске бірге шыққан орыс-казактар да бар еді. Күрек, кетпен ұстауға бейім орыстар жолды қардан аршуға кірісті. Қызылдардан енді құтылған шығармыз, аттарды да суытып алайық деген көшбасылар арқаны кеңге салып, демалмақшы болады. Сол кезде көпірдің қарсы бетінен мұздай қаруланған қызылдардың әскері шыға келеді. Тұрсын төре қасындағыларға қашыңдар деп бұйрық берді. Немересі Мәжін өзінің қашпайтындығын, керісінше, ағайын-туысы құтылғанша қызылдардың жолына кедергі болатынын айтады. 
Көшке ілескендердің арасында Тұрсынның Батырқан деген бауырынан туған Садық есімді ұлы бар еді. Батырқан қайтыс болған соң жесірі Жаңылысты Тұрсын әмеңгерлікке алған. Мәжін Садық інісіне: «Мені енді бұлар құтқармайды. Тұрсынның туған немересі екенімді біледі. Сен қаш. Ұстап алса кедейдің баласы едім, малдарын айдатуға ертіп алған де. Өзіңнен кішілерге, әпке-қарындастарға бас-көз бол. Малды қалдырма, бірге айдап кет», –­ деп бауырына амандық тілейді де өзі қызылдарға қасқая қарап, тұрып алады. Соның арасынша, Курносов әскерінің қандықол жендеті шауып келіп, әлі жиырмаға да толымаған Мәжінді ортан белден қылышпен шауып түсіреді. Сол кезде Тұрсын төре көзінен жас шығармай тістеніп тұрып алады. Болар іс болды. Әйел, бала-шаға қашып құтылғанша жолдарын бөгей тұрайын деп ойлайды. 
Қазақтың жаужүрек батырына жақындауға батылы жетпеген қызыл әскер командирі Курносов төрені алыстан көздеп, винтовканың шүріппесін басып қалады. Командирден кейін де бірнешеуі ажал оғын жаудырады. Тұрсын төре сол кезде барып құлайды. Ойлағанындай осы сәтте біраз адам қашып үлгереді. Осының бәрін көз алдынан өткізген Тұрсынның баласы Қырықбай тас түбіне тығылып, аман қалады. 
Атыс-шабыс аяқталған соң қызыл әскер оқиға орнынан жылдам аттанып кетеді. Тас түбінде қозғалмай жатқан Қырықбай көз байлана әкесі мен Мәжін және сонда мерт болған бірнеше адамның денесін атақонысы Баласазға жеткізіп, әкесі Омар төренің қасына жерлейді. Түнделетіп денелерді тасып, қабір қазып, басын көтергенше бірнеше ай өткен екен. 
Тарихшы Халел Досмұхамедов: «Тарихты ұлылар жасайды, пенделер бүлдіреді. Ит өз-өзін танымаған соң айнаға қарап үреді» деген еді. Тарих – ұлттың айнасы. Ендеше, ұжымдастыруға қарсы көтерілістің болғанын, көтерілісшілерді сталиншілдердің аяусыз қырғанын халық білуі керек. Өткеніңді саралау арқылы бүгініңді бағалайсың. Кеңес өкіметі кезінде «Мақтанса бүгін мақтансын қазақ, төбесі көкке тимей тұр аз-ақ» деп әндеттік. Кеудемізді кернеп бара жатқан ненің желігі екенін білмесек те желпіндік-ау. Бұл – кеңес билігінің қып-қызыл қантөгіспен келгенін білмегендіктен жіберген олқылығымыз еді. Ұжымдастыру «Қайырымсыздар қаптаған заманда қайыршылар көбейедінің» керін келтірді. Банды аталған аталарымыздың шынайы ерлігі жайлы ауыз толтырып айта алмадық. Санамызға әбден сіңіп, қантамырымызға дейін өтіп кеткен қорқыныш еңсемізді көтертпеді. Мақтануға тұрарлық аталарымыздың атын айтуға сескендік. Мектеп, жоғары оқу орнына арналған оқулықтарда көтерілісшілер ұры-қары ретінде көрсетілді. Шындығында олар мал-мүлікті талан-таражға салуға қарсылық білдірген, ақыр соңында көтерілістен түк шықпайтынын біліп, ел-жұртты аман алып қалу үшін шетел асырып, басын бәйгеге тіккен батырлар еді.
Тарихтың кейбір маңызды беттері бүгінге дейін толық парақталмай жатыр. Тұрсын төредей алыптарымыз бастаған көтерілістің шынайы бет-бейнесі әлі де ашыла түспек.
 
Мақаладағы кейбір деректер тарихшы Талас Омарбековтің «Сарқан көтерілісі» атты еңбегінен алынды.
 
Гүлжан ТҰРСЫН