ЖАУҺАР ЖЫРДЫҢ ЖАЛҒАСЫ

Уақыты: 23.02.2019
Оқылды: 1767
Бөлім: РУХАНИЯТ

Үмбетәлі ауылында елеулі бір мәдени шара өтетін болса Әуелбек інімнің есімі аталмай қалмайды. Сол шараны ұйымдастырушылардың немесе жүргізуші, тамада ретінде атқарушылардың қатарында қай кезде де осы бір сегіз қырлы, бір сырлы ақкөңіл азаматтың жарқылдап жүргенін көресіз. Мұның бәрі менің міндетіме жатпайды ғой деместен қай шаруаға болсын бел шеше кірісіп кететінін қайтерсің. Ең бастысы, осының бәріне мен бастамашы болып жатырмын-ау, шараның негізгі салмағын мен көтеріп алдым-ау деп бәлсіне де қоймайды. Ауыл азаматтары оны сол қасиеті үшін де ардақ тұтады, жерлестерінің жақсылығын жарқырата көрсеткісі келіп тұратын ақ пейілі үшін де құрметтейді. Соның бәрін екшей келгенде өзің туып-өскен өңіріңде шын мәнінде нардың жүгін көтеріп жүрген осындай азаматтардың барлығы қандай жақсы деген ризашылық сезімге бөленетінің бар.

Әуелбек – бүгінде Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтің әдеби-мемориалдық мұражайының директоры Ысқақов Әуелбек Мұсаханұлы бұрындары Киров деп аталған, бүгінде өзінің атасының аты берілген ауылда туып-өсті. Біз жалаңаяқпен ауыл көшесінің шаңын бұрқыратып жүрген кезімізде ол қала көріп, 1976 жылы Алматы шаһарындағы №9 мектеп-интернатын бітірді. Сол жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің көркемсурет-графика факультетіне түсіп, сурет пен сызу пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты. Бұдан кейінгі өмірбаянын да қысқаша түйіндейтін болсақ, 1982 жылдан бастап Жамбыл аудандық комсомол комитетінде, аудандық білім бөлімінде жұмыс істеп, Үмбетәлі орта мектебінде отыз жылдан астам уақыт мұғалім, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. Жемісті еңбегі үшін әр жылдары ҚР Білім минис-трінің, Алматы облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен бірнеше рет марапатталды. Қай қызметте жүрсе де қолынан қызыл сырлы домбырасы түскен жоқ, ақын атасының жолын жалғастырып, ауылдастарымен қоса аудан тұрғындарын да өлең-жырмен сусындатып жүрді. Содан кейін де ақындар мен батырлар елінің жырсүйер қауымы оны өз перзенті, дарынды ұлдарының бірі санайды. 
Дана халқымыз: «Жігітке жеті өнер де аз» деп жатады. Әуелбектің бойындағы жеті өнердің бірі – ақындық жыр алыбы Жәкеңнің сүйікті шәкірттерінің бірі, «Жырдың қара жорғасы» атанған Үмбетәлі Кәрібаев атасынан ауысқан деп түйіндеуге болады. Біз Үмбетәлі ауылында дүниеге келіп, Үмбетәлі көшесінде ойнап өстік, кішкентай кезімізде атамызды сыртынан болса да көріп қалдық деп мақтанатын болсақ, Әуелбек туған немересі ретінде талай рет атасының алдында отырды, арқалы ақынның аялы алақанын сезінді, өлең-жырларын жаттап өсті. 
Біз Үмбет атамыздың қартайыңқырап қалған шағында ес білдік. Содан кейін де қолын ұстап, батасын алып едік деп өтірік айта алмаймыз. Әйтсе де есігінің алдында күншуақта отыратын атамызды талай рет көрдік. Ал ауылымыздан шыққан тағы бір Халық ақыны Әсімхан Қосбасаров ағамыздың өлең-жырларын, ұлағатты сөздерін тыңдап өстік, Үмбетәлі ауылының келіні Надежда Лушникова апайымыздан дәріс алдық. Өлең қонып, өнер ұялаған ауылда бір кездері ақын Қанипа Бұғыбаева мен шертпе күйдің шебері Уәли Бекеновтің тұрғанын, Қанатберген Деңгелбаев, Әсімхан Майлыбаев, Сағымхан Исламбеков, Нұрбай Қарашолақов сияқты ақын ағаларымыздың ғұмыр кешкенін ескерсек, Әуелбектің атасынан басқа да еліктейтін ақын ағаларының көп болғанын көреміз. 
Әуелбек мектеп-интернатта бүгінде өмірден өтіп кеткен белгілі ақын Ерік Асқаровпен бір сыныпта оқыды, Мұқағали ақынның жары Лашын Әзімжановадан дәріс алды. Естен кетпестей әсер қалдырған сол бір жылдары ақиық ақынмен жүздесіп, кітабына қолтаңба алғанын бүгінде жыр қылып айтады. 
Мұндай өзгеше сыныпта өлең мен өнер, өмір, ақындық тағдыр жайындағы әңгіменің көптеп қозғалатындығы өз-өзінен белгілі. Қалай десек те сол жылдары бірге оқыған балаң қыз-жігіттердің арасында өлеңге қызықпағаны, Мұқағали ақынның кітабын, Ерік сыныптастарының тырнақалды туындыларын жата-жастанып оқымайтыны жоқ еді. Жасөспірімнің бойындағы өлеңге деген құштарлықтың, ақындық, суретшілік талантының бүр жаруына бұл жайт та себеп болды ма, кім білген? Осылайша өлең бесігінде тербеліп өскен Әуелбектің тырнақалды туындылары сол кездегі «Қазақстан пионері», «Қазақстан мұғалімі», «Педагог» басылымдарында жиі жарияланып тұрды. 
Ерекше есімде қалған жайт – ауылымыздан сырт жақта тұратын ақындардың арасынан алғаш рет Ерік Асқаровпен танысып едім. Таныстырған – Әуелбек. Мереке қарсаңында үйіне Алматыдағы сыныптастары келе жатқанын, олардың арасында өлең жазып жүрген ақын жігіттің бар екенін айтқан ауылдасым солармен бірге болуға шақырған. Ала таңға созылған сол бір көңілді кештің әсері көпке дейін ұмытылмай жүрді. 
Атасының жолын қуған Әуелбек айтыс өнерінде де бақ сынап көрді. Жыр сүлейі Сүйінбай мен Жамбылдың, Үмбетәлінің жырларына сусындап өскен ол кезінде Надежда Лушникова мен Есенқұл Жақыпбеков, Ерік Асқаров пен Ермек Жұматаевтармен сөз сайысына түсіп, суырыпсалма айтыскерлік қасиетімен де танылды. Оның Есенқұлмен жезде – балдыз ретінде қалжыңмен қағысқан тұстары ел аузында аңыз болып қалды. 
Бауырымыздың ақындығы туралы айта келе оның термешілігі жайында да сөз қозғамай кете алмаймыз. Атасының жыр-термелерін ғана емес, сол атасы пір тұтқан, қадір тұтқан ақындардың шығармашылығын жұртшылық арасында кеңінен насихаттап жүрген өнерпаз Жамбыл Жабаевтың туғанына 160 жыл толуына орай өткен жыршы-термешілер байқауының лауреаты атанды. Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығына арналған «Текті жырдың төресі – терме» атты облыстық бәсекеде «Жастарға өсиет» атты туындысымен жүлделі бірінші орынға ие болды. 
Ақын бауырымыздың үшінші бір қыры – суретшілігі. Бұл өнерді де жасынан жанына серік еткен оның қылқаламынан талай-талай құнды дүниелер туындады. Балаң суреттері мектеп қабырғасында оқып жүрген кездерінің өзінде қалалаық, облыстық, республикалық баспасөз беттерінде жарияланып тұрса, есейе келе әдеби туындыларын, жыр жинақтарын өзі көркемдеп жүрді. Әбілхан Қастеевтің туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған суретшілер көрмесінде облыстық халық шығармашылығы орталығының арнайы дипломымен марапатталуы да қылқалам шеберінің өзгеше дарынын байқатса керек. 
Алпыс дейтін мерейлі жастың биік белесіне шығып отырған ақын туралы айтқан кезде оның асыл жары Қалдан алдымен ойға оралады. Өнер адамының, ел алдында жүрген азаматтың қадір-қасиетін асырып, абыройын асқақтатып жүрген асыл қарындасымның атына қандай мақтау айтса да жарасады. Әуелбек екеуі мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Мәдинасын құтты орнына қондырып, одан Мәрлен, Айерке, Бекасыл есімді немерелер сүйіп отырса, Аидасы журналистика мамандығын меңгерген. Атадан балаға, одан немереге жалғасып келе жатқан сөз қадірін, өлең-жырдың құдіретін бағалау, сезіну қасиеті дегеніміз де осы емес пе?
Ақынның әр жылдары «Жорғадан қалған тұяқ ем», «Үмбетәлі жырларының жалғасы», «Мен де бір мөлдір тамшымын», «Даңқты диқан Қасымбек», «Жаныс Жайлымыстан таралған ұрпақтар», «Әке жайлы әңгіме» атты жыр жинақтары жарық көрді. Бүгіндері нағыз кемеліне келіп, шығармашылық күш-қуаты толысып отырған азаматтың шығар биігінің әлі де асқақтай түсетіні сөзсіз.

Нүсіпбай Әбдірахым,
Жамбыл ауданының Құрметті азаматы