Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"АҒАДЫ АРНА ҚУЫП, ДАЛА КЕРНЕП": ЖЕТІСУ ӨЗЕНДЕРІ ЖАЙЛЫ ЖЫР

Уақыты: 31.07.2020
Оқылды: 689
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жер-судың аты жадыңа
Бабаның жазған хатындай. 
Киелі сөздер қайда бар
Айшықтап қойған атындай ?!   

Аруақты жерді ардақтап,
Қоймаған қазақ жаман ат.
Байырғы атау – байлығың,
Атадан қалған аманат!

Өлкені кезген өзендер, 
Өсірген елдің өркенін.
Атамыз атын дәл қойып,
Қалдырған сөздің көркемін. 

Өлеңнің жайып қанатын,
Жер бетін шарлап кезейін.
Өзіме қызық көрінген,
Өзенді жырлап берейін!

Өзен – өрнек

Өзендер өлке кезіп салады өрнек,
Су бойын сусаған ел қонады өрлеп.
Жетісу – жеті мың су, санай білсең,
Ағады арна қуып, дала кернеп,
Бұрқырап Бурақожыр Даңғырлақпен,
Көлқамыс, Тастықара, Қаракөлдек.

Жалғамыс, Өсек, Қайшы, Тереңқара,
Байсерке, Қаратал мен кең Қарқара, 
Байменей, Байынқол мен Ботабөрім, 
Күйгенсай, Кескентерек, Еренқара.
Қарғалы, Қарасай мен Қарақастек,
Қарасу, Қаратұрық – өңкей қара. 

Көп судың көгі де бар, ағы да бар, 
Қызылағаш, Сарбұлақ сары да бар.
Ақешкі, Алажиде, Ақсайменен, 
Ақсеңгір, Ақтоғаным тағы да бар.
Көктерек, Көксуат пен Көктал,
Көкжар, Көкмойын, Көксу, Сарқан, бәрі де бар.

Өзен су ел мен жердің шөлін басқан,
Қосылса қардың суы үйден асқан.
Жып-жылы жаздыгүні момақан су
Сылдырлап жан сарайын күймен ашқан.
Күйгенсай, Қора, Қорғас, Қопа, Қазан,
Белқұрақ, Быжы, Бұрқан, Бүйен, Басқан.

Еркелеп көктен шуақ тосады айдын,
Қуатын мөлдір суға қосады Ай, Күн.
Қуратпай жердің бетін жан бітіріп,
Айнала ақ маржанын шашады-ай мың.
Жайы осы Жіңішке мен Жалпақшидің,
Жиделі, Шынжылы мен Шошанайдың.
                   
Көргенде кепкен жерді  көңіл күпті,
Өзендер өрнектеген өңір құтты.
Құрөзек, Құрлыжар мен Құрғақшолақ, 
Құтырған, Қусақ, Тентек, Темірлікті.
Киікбай, Қожамберді, Үлкенқақпақ,
Қоғалы, Қотырбұлақ, Желдіайрықпен,
Майтөбе, Қазақсаймен жерім мықты!

Шарын

Шатқалда шаршау білмей шарылдаған, 
Шарын  деген – ағын су арындаған.
Табиғат құдіреттің жаратқаны,
Сала алмас мұндай сурет дарынды адам. 

Шарынның шым-шытырық шатқалынан, 
Талай сыр шартарапқа ақтарылған.
Бір белгі бізге жеткен тылсым жұмбақ,
Сақтардың шарықтаған шақтарынан.
                          
Ғажайып қызыл, сары жақпар-жақпар,
Өткен шақ, тақ пен тағдыр қатпар-қатпар. 
Шарыннан сарын болып боздайтындай  
Балшыққа батып мәңгі қатқан ақпар.

Қамалдай қалың әскер ала алмайтын,
Қиялмен жұмбағына бара алмайсың.
Көз жетпес бір шетінен бір шетіне,
Теңдесін жер-жаһаннан таба алмайсың.
                          
Толғанып, таңдай қағып тоғайына,
Шыға алмай толған ойдың орайынан
Жүргенде елестейді Шарын маған
Атар таң, батар күннің арайынан. 
 
Қапал

Білмейді біздің елде Қапалды кім,
Өзгерген түрі дейді Қопалының.
Қатқылдау Қапал деген аты мықты,
Түзетпей-ақ қояйық қаталығын!                                 
Тұрғандай еске салып Қапал аты 
Тарих пен табиғаттың қаталдығын.
Атының ізі қалған атамыздың,
Ардақта жер-суыңды, ботам, бүгін!
              
Арасан

Табиғат сыйға берген Арасанды,
Сиқырлы аты қандай жарасады?!
Қара санға қамшысын шарт еткізіп,                           
Ат қойған ойыңа алшы қара шалды. 
                               
Арасанның ардағы Алма арасан,
Аралап суды бойлап, тал қармасаң,
Толғанып, талай сырға қанығасың,
Мән беріп, жан-жағыңа сәл қарасаң.

Тышқан

Жоңғарды жарады  өзен,  аты Тышқан,
Кем емес жылдамдығы ұшқан құстан.
Мұзарт таудан басталған алапат су,
Шытынап, шамырқанып шығар қыстан.
Шыбықтай жұлып алып кәрі ағашты,
Лақтырады кезінде ашу қысқан.
Тышқан ғой деп әуелде менсінбей кеп,
Артынан санасады дос пен дұшпан.

Аңғарының арасы алыс қандай,
Жалдарына қарасаң арыстандай.
Түйе тасты түйірдей үйіреді,
Аты Тышқан болғанмен намыс қандай?!
Тау бұзып, тасты жарған асау өзен
Тарсынып арнасымен алысқандай.
Арқырап  ақ көбігін аспанға атып,
Уақытпен бақталасып жарысқандай.

Шыққанда Сарыбелдің қабағына,
Көз жетпес кең өлкенің тарабына.
Орман, тау, өзен, жайлау жарасыммен
Орнаған Алатаудың алабына. 
Төменге түскен сайын жуасыған,
Шу асау су жатады табаныңда. 
Ауасын жұтқан сайын нұрланасың,
Таңданып табиғаттың ғажабына!

Қатын сулар

Ағынды, қара суды сапыратын, 
Бірталай өзендер бар аты қатын.
Судың да  әйелі мен ері бар ма, 
Апырмай, қойған қалай қатын атын?! 

Қатындай адуынды, долы ма екен,
Жоқ, әлде, әйел ағып өлді ме екен?
Болмаса жағасында бала тауып,
Разы боп, атаң атын берді ме екен!?

Қатын су, Қатын өзен, Қатын адыр,
Қараймыз қайран қалып затына бір. 
Қазағым, ат қоюға қандай шебер,
Тұндырған әр өзеннің атына жыр.
       
Текес

Текестің түп, түбірі теке ме екен,
Тастан қарғып, тау асып кетер ме екен?
Арқырап атылғанда бұрқ-сарқ қайнап, 
Ақ көбігі аспанға жетер ме екен?

Текестің түп атасы Хан-Тәңірі,
Сарқырайды атаның болса әмірі.                             
Жаңғыртқан төңіректі асқақ әні,
Ағын су таулы аймақтың әнсәмбілі.
 
Елек пен Шелек
Өзеннің атын бөлектеп,  
Ат қойған атаң Шелек деп.
Бөгетті бұзған ағын су
Аталды қалай Елек боп?

Електің суын електеп,
Шелектің суын шелектеп,
Есебін алу керек деп,
Өлшеген жанды елестет! 

Киесі бар деп сүйетін,
Өзенді елім өбектеп.
Еркелей ағып барады,
Елек пен Шелек ерек боп!

Кеген мен Бөген

Екі өзен екі жақта Кеген, Бөген,
Екеуін мен қосайын өлеңменен...
Өзгермей, өз атымен бізге жеткен
Кедергі бөгендерден бөгелмеген.

Өз елім өзегім деп елеңдеген,
Өзенге өзге сулар теңелмеген.
Табиғат неткен жомарт, неткен шебер, 
Өлкені өзендермен шегендеген.

Түрген

Түргеннің түбі түрден бе,
Түрленіп түнді түрген бе?
Түрлі де түрлі түрге еніп,
Арнаны түріп жүрген бе?
Арындап алға атылып,
Тау-тасты жарып бір демде.
Аңқасы кепкен алқапты,
Түрен боп әлде тілген бе?
Түрлентіп жерді түлеткен,
Қадірі бөлек білгенге!

Ырғайты мен Ноғайты

Мүлгіп тұрған түнгі айға,
Ырғайды торғай ырғай ма?
Ырғайтының бойында, 
Бозарған таңда жырлай ма?
Торғайды ырғай қорғай ма,
Толғанып жырын тыңдай ма?
Арнаға сыймай, бір аунап 
Ноғайты толқыр мұндайда. 
Бола алмай пана ноғайға,
Көз жасын төгіп жылай ма?
Ноғайлы дәурен дәуірде,
Айналған қалың тоғайға.
Айырылып қалған ноғайдан,
Оған да, шіркін, оңай ма?
Ырғайты мен Ноғайты,
Санаңа саз боп қонбай ма?
Судың аты – сұлулық,
Сырлы тарих болмай ма?
   
Леп пен Лепсі 

Лепсіміз лепті ме екен, лебіз бе екен,
Ежелден Ақсуменен егіз екен.
«Сулы жер – нулы жер» деп текке айтпаған,
Жетісу – жер жаннаты негізі екен.
                  
Ескінің Леп пен Лепсі лепесіндей, 
Лепірсе өрден орғып өтетіндей.
Дегендей «Жақсы лепес – жарым ырыс», 
Жер жүзін  көркейтуге жететіндей.

Баянғали ӘЛІМЖАНОВ,
ақын