ШОНЖЫ МЕН НАРЫНҚОЛДА АУДАНДЫҚ ЕКІ ХАЛЫҚ ТЕАТРЫ АШЫЛАДЫ

Уақыты: 05.10.2020
Оқылды: 1205
Бөлім: РУХАНИЯТ

Нарынқол және Ұйғыр аудандарында халықтық театр ашылады. Бұл туралы Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мәлімдеді.

Аталған басқарманың басшысы Мәрлен Көлбаевтың сөзінше, Нарынқолдағы ұжымның өнерін қазан айының соңында тамашалау жоспарланған.

- Негізі жоспарға сәйкес, Нарынқолдағы халықтық театрдың ұжымы өздерінің өнерлерін айдың соңында көрсетеді. Ол жер 15 штат сұрап отыр. Сол сияқты Ұйғыр ауданындағылар да осындай жоспарларын жеткізуде. Бірақ жыл соңы болғандықтан оған бюджет қарастырылмаған. Бірақ жыл басында қаражатты халықтық театрға қарастырамыз деп жоспарлап отырмыз, - деді Мәрлен Көлбаев.

Басқарма басшысының сөзінше, қазір Алматы облысында 6 халықтық театр бар. Олар - Панфилов, Көксу, Ақсу аудандарында. «Халықтық театр ол жалпы елді мекендегі өнерлі жандардың бірігіп құрған топтары ғой. Біз, әрине, өз тарапымыздан қолдауға дайынбыз. 27 наурыз Халықаралық театр күніне орай жылда халықтық театр ұжымдарының басын қосып, өнерлерін көпшілікке тарту ету жоспарымызда болады. Биыл пандемияға байланысты мұндай шараны өткізе алмадық, - деді басқарма басшысы.

Бұл жайында өңірдегі өнердің шамын жағуға атсалысып жүрген жандардың бірі - Асқар Наймантаев желідегі парақшасына жазба қалдырды. "Қаншама жыл "Нарынқол халық театрын қалпына келтірейік" деп алашапқын болғанымның қорытындысы шығар күн жақындады. Оған қоса аяқ астынан "жұлқыма тост" сияқты Шонжыға ұсыныс айта барып, Қарадала халық театрын ұйымдастырып қайтқаным бар. Енді, міне, 28 қазан күні, 18.30-да, Бикен Римова апамның атындағы Талдықорған театрының сахнасында "Хантәңірі халық театры" 23 жылдан кейін қайта шымылдық ашады!" - деп жазды Асқар Наймантаев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"