ШАҒЫН РЕДАКЦИЯНЫҢ ШЫМЫР ЖАЗБАЛАРЫ: "ЖЕТІСУ ШҰҒЫЛАСЫНА" - 90 ЖЫЛ

Уақыты: 14.10.2020
Оқылды: 1883
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ұлттың айнасы, рухтың тамыры болған, баспасөз құралдарының ішінде бағы жанған, тарихы тереңде жатқан газеттердің саны көп. Екі заманда да бұқараға бүкпесіз ақпар таратып, қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан мерзімді басылымның бірі – Ескелді аудандық «Жетісу шұғыласы» газетінің жарыққа шыққанына 90 жыл толып отыр.

Аудандық газеттің алғашқы нөмірі 1930 жылдың 13 қазанында «Вперед» деген атпен жарық көрді. 1932 жылы «Колхозшы», 1934 жылы «Социалды еңбек», 1939 жылы «Сталин жолы», 1956 жылы «Путь коммунизму» деп ауысып отырды. Елдің сауат ашар әліппесі, бағыт алар темірқазығы болған басылым 1962 жылдың 1 мамырынан бастап «Жетісу шұғыласы» – «Заря Семиречья» деген атпен шықты. Содан кейін араға 32 жыл салып, 1994 жылы аудандық газет біріктіріліп, екі тілде  шығып келеді. Осылайша газет атауы өз тарихында 7 рет өзгертілген. «Жетісу шұғыласы» жергілікті басылымның 7-ші атауы болып тұрақтады.

90 жыл ауызға жеңіл, жазуға оңай болғанмен қос санның артында қаншама тер, біз білмейтін тағдырлар мен төзім жатыр. Кешегі өткен ашаршылық, жазықсыз жарық дүниемен қоштасқан қайраткерлер туралы жазған да, идеологиялық теңсіздікті көрген де осы газеттің қаламды жауынгерлері еді.

Тамыры тереңге жайылған, бірнеше буынды тәрбиелеп шығарған редакцияның негізін қалаушылардың қатарында мүйізі қарағайдай ардагер журналистер бар.  Солардың қатарында 30 жылға жуық осы салада тапжылмай жұмыс істеген, мамандықтың ауыртпалығын мойымай көтерген, республикалық сайыстарда редакцияның атының алға озуына үлкен септігі тиген азаматтардың қатарында Рымтай Дәулетов, Федор Литвинов, Ораз Ысмайылов, Әбдіқадыр Алашбаев, Иван Шеметов, Дауылбай Досымбеков және Сәбит Биболовтар бар.

Өкінішке қарай, жас қаламгерлерді тәрбиелеген аға буынның көбісі бүгінде арамызда жоқ. Олардың «Жетісу шұғыласында» қолтаңбалары мен журналистикадағы ізі мәңгі өшпейді.

Бүгінгі күні басылым ел тарихы, ұлт татулығы, береке-бірлік сарынындағы материалдарды тұрақты оқырманға ұсынып келеді. Газеттің өзіне тән айдарлары бар басылым 4000 таралыммен, екі баспа табақ көлемінде аптасына бір рет шығып тұрады.

«Жетісу шұғыласы» газетінің мамандары да халқының қамы үшін барын салып, жанын беруде. Мәселен, газеттің тілшілері облыстық шығармашылық байқауларда топ жарып, жүлдегерлер қатарында ой көрсетіп жүр.

Бүгінде ұжымда бас-аяғы 6 адам қызмет атқаруда. Мақсаты бір, мүддесі ортақ жандар редакцияның алдына қойған міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Ондағы әрбір журналистің өзіндік қолтаңбасы, жазу стилі қалыптасқан. Оқырмандары осынау көп мерзімді басылымдардан, ондағы бірсыпыра мақалалардың ішінен газеттегі мамандардың туындысын жазбай таниды. Оның өзі ұжымның жарты жеңісі десек, артық айтқандық емес.

Журналистиканың қара нары, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін бір кездері «Жетісу шұғыласын»: «Редакция шағын болса да, шымыр», – деп бағамдаған еді. Осыдан-ақ, ақпарат аламанында алар орнының ерек екенін аңғаруға болады.

Ақбота ОРАЛБЕКОВА

Ескелді ауданы

Алматы облысы