ПРЕЗИДЕНТ ЖАРЛЫҒЫМЕН "ЖЕТІСУ" ГАЗЕТІНІҢ ТІЛШІСІНЕ МЕДАЛЬ ТАБЫСТАЛДЫ

Уақыты: 14.10.2020
Оқылды: 1424
Бөлім: РУХАНИЯТ

Халықтың алғысынан артық марапат жоқ! Күні кеше ғана 20-ға жуық жетісулық тұңғыш мемлекеттік награда «ХАЛЫҚ АЛҒЫСЫ» медалімен марапатталды. Алғыстың бұл жолғы иелері – нағыз індеттің ошағында жүріп, елге ақпар берген БАҚ саласының өкілдері. Сын сағатта еңбегі еленіп, абыройы артқандар қатарында «Жетісу» газетінің журналисі Гүлжан Тұрсын да бар.

Журналист Гүлжан Тұрсын тәуліктің 24 сағатында тыным таппай, тілшілік тіршілікте жүрді. Ақпарат айдынында қалтқысыз қызмет етіп жүрген ол мамандығына адалдығын  көрсетті. Блок-бекеттерге барды, күн-түн демей қаламын қолынан тастамады. Оның қызметі халық қаһарманына пара-пар. Дәл карантин кезінде ол індетке қатысты ақпаратты жан-жақты әрі тез беріп отырды. Қаламынан шыққан мақала мыңдаған оқырманға жол тартты. Газет бетінен бөлек, сайтқа да күнделікті ақпарат жарияланды.

Қағаз-қаламын қуатты қаруы еткен Г.Тұрсынның журналистикада келе жатқанына 30 жылдан асқан. Ең алғаш жергілікті радио ашылғанда қызмет еткен ол бүгінде газетіміздің аға тілшісі, тәжірибелі журналисі. Марапат иесі соңынан ерген жас буынға бағдар беріп, тілшілік әліппесін үйретуден жалыққан емес.

Жалпы, карантин кезінде қызмет еткен 275 жетісулыққа «Халық алғысы» медалі берілді. Енді олардың қатарын 15-ке жуық БАҚ өкілі толықтырып отыр. Төртінші билік өкілдеріне марапатты облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалиасқар Сарыбаев салтанатты түрде табыстап, ыстық лебізін білдірді.

Айта кетейік, "Халық алғысы" медалі Мемлекет басшысының Жарлығымен індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген азаматтарға ғана беріледі.

«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»