"БІЗДЕЙЛЕРДІҢ МЫҢЫ КЕП, МЫҢЫ КЕТКЕН". МҰҚАҒАЛИ - СЫРШЫЛ АҚЫН

Уақыты: 09.02.2022
Оқылды: 2350
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

«Бақ қайда тойда өлең бастағандай,
Жаманды ұрмай-соқпай жасқағандай.
Өзі кетсе жақсының сөзі қалар,
Артына алтын үйіп тастағандай
», - деген халықтың қара өлеңінде айтылған сондай жақсы ақынның бірі – Мұқағали Мақатаев. Ол кісі артына мол мұра, сандық-сандық қазына қалдырып кетті. Мұндай бақыттың иесі болу – әрбір қаламгердің арманы.

...Он да жетер қимаса жиырмасын,
Асықтырсын тағдырым, құйындасын.
Сексен жасап, сегіз сөз қалдырмаған,
Әлдекімнің тағдыры бұйырмасын
, – деп бұл жайлы өзі де ашық айтады. Мұқағалидың өзге ақындардан бір ерекшелігі – ол өте сыршыл ақын. «Мен жырламаймын – сырласамын» дейді өзі. Оның әрбір өлеңінен адалдықтың жұпары аңқып тұрады. Бұрынғы ойшыл кісілердің бірі: «Қарапайымдылық – таланттың қарындасы», - деген ғой. Қарапайым етіп өлең жазу ақынның-ақынының ғана қолынан келеді. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіндіктен, оның әр өлеңіне ән шығара берсе болатындай. Шығарылып та жатыр.

Ақындық деген қазақтың қанында бар қасиет. Бұл жайлы айтқан, мұны растаған сөздер өте көп. Ел аузында «Түйеге мінген қазақ төрт ауыз өлең біледі» деген мәтел бекер айтылмаған. Абай атамыз: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең», - деген екен. Яғни, бесік жырынан басталатын өмір-өлең жоқтаумен аяқталады дейді. Өлең қандай жағдайда дүниеге келеді? Бұл жайлы ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:

Өлең деген тумайды жайшылықта,
Өлең деген тулайды қайшылықта! – деп айтқан екен.

Демек, өлең шығу үшін ақынның жүрегіне қатты әсер ететін жағдай болу керек. Әйтпесе, әдемі табиғат пен жайқалған гүлдердің ортасында отырсаң, өлең деген қайнар бұлақтай бұрқырап қайнап шыға береді екен деп ойлап қалуға болмайды.

Өлең кейде оттай лапылдаса, кейде самал болып есіп, жел болып желпиді. Жан сырыңды жайып салатын сырласыңа айналады. Мұқағали ақын өлеңді өзі онсыз өмір сүре алмайтын ауаға теңейді.

Ойлы жас! Өлең – менің бар тынысым,
Жақсы сөзім жаны игі халқым үшін.
Атақ қуып, бақ қуып, даңқ қуып,
Біреулерден жүргем жоқ арту үшін.

Оңашада ойларын тыным еткен,
Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен.
Ақындар бар амалсыз бұғып өткен,
Ақындар бар ішінен тынып өткен.
Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен.

Ойлы жас! Өлең менің сырласымдай,
Сырлассам да құмарым жүр басылмай.
Айтып өткен ақында арман бар ма,
Жүрегінің түбінде кір жасырмай,
– деп ағынан жарылады.

Өлеңнің біздің, яғни, қарапайым халықтың өміріндегі орны қандай? Бұл жайлы Мұқағали ақын:

Сая болып жаныңа емен, терек,
Жетер енді жатқаның көлеңкелеп,
Өгейсінбей, өзі боп қалу үшін,
Өнер керек ұрпаққа,өлең керек!

...Көкейкесті жырлар жаз жезкиіктей,
Мақтау, даттау, жәдігөй сөзді күтпей.
Өлең керек ұрпаққа, өзің мейлі,
Көлеңкеде қалсаң, қал көзге ілікпей!
– деп қаламдастарын қамшылайды. Мұқағали таланты қанша қуатты болса да, ол өз өнерін халықтық өнерден биік қоймайды. Барынша қарапайым. Мәселен, «Қара өлең» деген өлеңін қараңыз:

...Ақынмын деп мен қалай айта аламын?
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын,
– дейді жаны таза, жасандылығы жоқ ақын. Бар болғаны қырық бес жыл ғана өмір сүріп, жұртына жауһар жырларын қалдырып кеткен, Хантәңірінен түлеп ұшқан мұзбалақ Мұқағали өзі өмірден өтіп кетсе де, оны ортамызда жоқ деуге аузымыз бармайды. Абай атам айтпақшы:

Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артында сөз қалдырған?!

Серік ҚАЛИЕВ,

Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі

Алматы облысы