Бар әлемді құшып тұрған менің кеудем дала сынды

Уақыты: 08.03.2024
Оқылды: 415
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Мынау әуен неткен таныс,
Жаңбыр әні – жанның әні!
Көктен келіп жеткен дауыс
көңілімде жаңғырады.

Көк қойнынан сусып түсіп,
сырласқандай тал-шыбықпен,
Сыбдырлаған өзен сынды
сөйлеп жатыр тамшы біткен. 

Ауыр бұлттар қанаттарын
жайып еді кең құлашты –
сыбдырлаған үннің соңы
сыңғырлаған хорға ұласты.

Құлық қойып, құлақ салсам,
Сол сәтте мен мұңсыз ғаріп,
Жан дүнием сыр ақтарса,
Сыртқы дүние тілсіз қалып.

Осы жауын төксе нұрын
кеудеме кеп бірде менің, 
Көрер едің қош көңілдің
бүрлегенін, гүлдегенін. 

Күн сәулесі түсіп тұрған
тән көктесе жарасымды.
Бар әлемді құшып тұрған
менің кеудем дала сынды.

Шектеулерді бұзып, самға,
Қиял-қыран, жылдамырақ!
Гүлдеріме қызықсаң да, 
Өтінемін, жұлма бірақ...

Сағыныш НАМАЗШАМОВА

КӨКТЕМ-АРУ

Маңдайынан сәбилердің Күн сүйген,
Арулардың жанарынан гүл сүйген.
Адамзатты әлдилеген ақ бесік,
Жер-анадай мейірленіп кім сүйген?

Көктем-ару көйлегіндей кестелі,
Қызғалдақты далам кербез есте еді...
Қандай көркем, қандай ғажап, жұпарлы
Алатаудан ақ самалдың ескені.

Көктем-ару ажарына тамсанып,
Құйқылжытар бақта бұлбұл ән салып.
Періште гүл – бүр жарады бәйшешек
Мына әлемнің мәңгілігін жар салып.

Көктем-ару бұрымына байланып,
Өмір сүрем Махаббатқа айналып.
Бар ғаламды жүрегіме сыйғызып,
Кетсем бе екен адамдарды Айға алып?..

Қалықтатар аяулы арман, қиялым,
О, Жер-ана, 
Сенсіз қайда сиямын?
Көктем-Өлең тамырланып кеудемнен,
Көкірегімде күмбірлейді күй ағын...

Гүлбақыт ҚАСЕН

КӨКТЕМ

Бүгін көктем, таңда шуақ төгіп нұр,
Сол шуаққа еркелегім келіп тұр.
Сұлулықтың құшағында тербетіп, 
Өлеңіммен жолықтыр.

Ақпан бірге әкетті ме мың сырды,
Бүгін көктем, көңілімде гүл сынды,
Көктем, мені еркелетші баурыңа ап, 
Сағындым ғой исіңді.

Сағындың ба, біз де сені аңсадық,
Жұпарыңды жұтайыншы тамсанып,
Таң да бүгін бір әуенге тербеліп,
Жүрек те тұр ән салып.
Мейірің де, пейілің де бөлек тым,
Сен де маған, мен де саған керекпін.
Сендей болып аялады дегенмен,
Сүйе алмады мені ешкім.
Жан сырымды жаулығыма түйіп қой,
Өзіңменен самғады ма биікке ой?
Сен де мені сағынды деп білейін, 
(Маңдайымнан сүйіп қой).

Мағрипа САНДУҒАШ

ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗЫМЫН

Мен қазақтың қызымын, ибалымын,
Жүрегіме жиғанмын иман нұрын.
Рухым зор, азатпын, аяулымын,
Сырға толы сыралғы сырсандығым.

Тал бойымда мейірім бағын құрған,
Сәуле берем санаға сабыр-жырдан. 
Жөргектегі уыздың құнары бұл – 
Көмекейден көркем сөз ағытылған. 

Мен – әйелмін сұлтанын сағындырған,
Тарлан таудың қыранын бағындырған.
Жібек мінез, қылығым – қырық шырақ,
Сезімім пәк, жаралған жаным нұрдан.
Мен – Анамын, шарапат тағдырымнан,
Ұрпақ үшін жан пида, жаным құрбан.
Бесігімді тербетем, от маздатам,
Тәңіріме табынам, 
...табындырам.

Ақбөпе ЖИЕНҚҰЛОВА

БЕУ, ДҮНИЕ!

Десем де өмір кейде қақпайладың,
Еліне сан жақсының ат байладым.
Көңілім бір жаманнан қалғанменен,
Оянды бір жақсыдан тәтті ойларым.

Сығалап үкілі үміт есігімнен,
Бақыттың тербетпек боп бесігімен.
Бес күндік жалғанымның жарығы үшін,
Қарадым бар пендеге кешіріммен.

Кешірдім кері сөйлеп есіргенді,
Алла да сүйеді екен кешіргенді. 
Санаулы ғұмырыма сән кіргізіп,
Тартты алға өлеңімнің көші мені.

Болса да бұл жалғанның әттеңі көп,
Қуанған, марқайған да сәттерім көп.
Қалғып барып оянам, қалғып барып,
Беу, дүние, кейде неткен қатты едің деп,
кейде неткен тәтті едің деп.

Зирагүл НҰРДАНБЕКҚЫЗЫ

Фото: ru.pngtree.com