ҰЛТТЫҚ КИІМ – ҰЛТ АЙНАСЫ

Уақыты: 27.04.2024
Оқылды: 331
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбымен өткізген үшінші Ұлттық құрылтай отырысында басқа жұрт қазақты киімінен тануы керектігін, ұлттық киім ұлттың айнасы екенін, салт-дәстүрді берік ұстану арқылы сақтауға болатынын айтты. 

Ұлттық киім – кез келген халық мәдениетінің ажырамас бөлшегі. Қазақ киімінің өзі даналық мазмұн берген. Халқымыз баскиім мен орамалға аса құрметпен қараған.  Баскиімді үйдің құты мен берекесі, басқа қонған бақтың тұрағы деп есептеген. Сондықтан қазақ ұғымында баскиімді тарту етпеу, ауыстырып кимеу, баскиімді қабаттамау сияқты сенімдер бар. Бізде баскиімнің түрі өте көп. Ер адамдар да, әйелдер де тұрмыс жағдайына, жасына қарай бөлекше киеді. Сонымен қатар, баскиімді көріп адамның қандай қызмет атқаратынын ажыратқан. Қыз-келіншектерге арналған баскиімдерге бергек, сәукеле, тақия, кимешек, жаулық жатады. Мәселен, сәукелені ұзатылған қыз, бергекті жаңа түскен келін, қарқараны әлеуметтік деңгейі жоғары әйелдер мен қыздар киген.  

Ер адамдардың да баскиімінің бірнеше түрі болған. Қай түрі болмасын үйде ер адамның баскиімін тек шешесі мен әйелі ғана ұстаған. Бұл ырым үйдегі ер адамның басын қадірлеуден туған. Шапан ер адамның мәртебесін көрсететін киім саналған. Қазақтың мәдениеті, ар-ұяты ұлттық киім, әшекей, оюмен сипатталған.

Мемлекет басшысының бастамасымен Ұлттық киім күні белгіленіп, мектептегі әрбір жан қазақы бешпет, тақиясын киеді. Бұл шара тек мектеп қабырғасында емес, барлық жұмыс мекемесінде қолға алынуда. Облысымызда ұлттық киімді ұлықтап жүрген мекемелер мен кәсіпорындар баршылық. Бабадан балаға мұра болған ұлтының ұлы құндылығына құрметпен қарау көңіл қуантады. 

Ұлттық киім біздің асыл қазынамыз, ұлттық кодымыз. Қазір қазақы киімдер түрлі оюмен заманға сай тігіліп жатыр. Сондықтан, жігіттер шапанын, арулар камзолын киіп, ұлттық киімді насихаттауды жалғастыра беруі керек. Дана халқымызда «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген тәмсіл бар. Болашақ ұрпаққа ұлттық киім киюді бүгіннен насихаттап, ұлттық тәрбиенің дәнін егуіміз керек. Азаматқа – айбат, қызға – көрік беретін ұлттық киімдерді барша халық кисе, жарасып кетері анық.

Бейбіт МҰСАЕВ, 
дәстүрлі әнші

Фото: inbusiness.kz