«Sarqan» маркалы сапалы өсімдік майы Жетісу мен еліміздің басқа өңірлеріне ғана жеткізіліп қоймай, Қытай мен Өзбекстанға да экспортталады. Соя мен күнбағыс майын, сондай-ақ күнжара шығаратын кәсіпорын бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Десе де күнбағыстың майын тазарту және құю желісі биылғы жылдың наурыз айының соңында іске қосылды. Айта кетейік, өсімдік майын өндірудің шикізат өңдеуден бастап оралған дайын өнімге дейінгі тұтас циклін жолға қойған мұндай кәсіпорын өңірде жоқ, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
- Біз қазан айында күнбағыс өңдеумен айналыстық. Бұған дейін соямен жұмыс істегенбіз. Наурыз айының соңынан бастап дайын өнімдерді, яғни жоғары сортты тазартылған күнбағыс майын шығара бастадық. Өңдеуге кіріскелі бері шамамен 80 тонна өнім өндірілді. «Сарқан Май» зауытында шикізатты қайта өңдеп, өсімдік майын шығарамыз, ал Талдықорғандағы екінші «Жетісу май» зауытында май қажетті тазарту сатыларынан өтеді, содан кейін өзіміз өндіретін 2 және 5 литрлік бөтелкелерге құямыз. Дайын өнімді әзірше Сарқан қаласында сатып жатырмыз, сондай-ақ Сарыөзек, Шеңгелді ауылдары мен Үшарал, Текелі қалаларына да жөнелтеміз. Біздің «Sarqan» күнбағыс майын «Фудмарт» дүкендерінен табуға болады. Қазір «Тоймарт», «Светофор» сауда желілерінің дүкендерімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Майды тікелей біздің зауыттан да сатып алуға болады. Қазір көтерме бағада 5 литрлік майдың құны 2600 теңге, ал бөлшек саудада - 2750 теңге. Шикізат отандық болғандықтан құны төмен. Сондай-ақ біз өз өнімдерімізді цистернамен де, бөтелкедегі дайын түрінде де экспортқа шығарамыз. Әлеуметтік желілердің мүмкіндігін пайдалану үшін отандық өнімдерімізді көпшілікке таныту мақсатында жақында Инстаграмда @sarqan.kz парақшасын аштық, - деді «Сарқан Май» ЖШС зауытының директоры Дастан Тұраров.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, "Sarqan" маркалы өсімдік майы сапасы жағынан атақты брендтерден еш кем түспейді. Ескерте кетсек, жаңа өнім "Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы" АҚ-да сертификаттаудан өтті.
- Қазіргі заманғы технологияларды қолданудың арқасында біздің майымыз премиум сапасына ие. Жалпы май тазартудан өтуі керек, оның қоспалардан, сапасы мен қасиеттерін төмендететін ілеспе заттардан тазартылуы өте маңызды. Май өндіру үшін шикізатты негізінен Сарқан ауданындағы жергілікті шаруашылықтардан, Абай, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарындағы серіктестерімізден сатып аламыз. Шикізат жетіспей жатса, тіпті Ресейден де аламыз. Бұдан кейінгі даму жоспарлары туралы айтсам, зауыт толық қуатына жету үшін бірқатар проблемалық мәселелерді шешуіміз керек. Талдықорғандағы зауытқа газ жеткізуге жергілікті әкімдік қолдау көрсетіп, жұмысымызды жеделдетті. Енді рафинадтау үшін бізге жақын жерден жеткілікті мөлшерде су қажет, бірақ әзірге оны тасымалдауға тура келіп отыр. Ұңғыманы бұрғыласақ па деп едік, бірақ оған да қаражат қажет. Осыған байланысты жеңілдікті кредиттер немесе гранттар алуға, әсіресе шикізат сатып алу кезінде мемлекеттің қолдауына жүгінсек дейміз. Кадр мәселесі де өзекті. Кәсіпорынға тамақ өнеркәсібінің инженер-технологтары қажет. Екі зауытта 80-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз, орташа жалақылары - 150 мың теңге, - дейді «PCD Group» ЖШС атқарушы директоры Сатыбалды Шалқаров.
Кәсіпорын басшылығы Ауғанстанға өнім жеткізуді жолға қоюды жоспарлап отырғанын айтты, жақында іскерлік сапарға шықпақ. «Егер шикізат пен қажетті мемлекеттік қолдау болса, біз жоспарланған өндірістік қуатымызға шығып қана қоймай, одан әрі дами түсеміз. Болашақта «алқаптан тұтынушыға дейін» қағидаты бойынша берік тізбек құрғым келеді. Ең алдымен, жергілікті фермерлерден күнбағыстың барлық қажетті көлемін сатып алып, олардың өнімін өткізу мәселесін шешуге көмектессем деймін. Оған қоса, мақсатым - шикізатты өңдеп, сапалы отандық өнім шығару, халықты қолжетімді бағада отандық өніммен қамту, экспорт көлемін ұлғайту», - дейді С.Шалқаров.
Атап өтсек, биыл Жетісу облысында майлы дақылдар алқабы 90 мың гектар болмақ, оның ішінде 14 мың гектарға жуығы – күнбағыс, осы көлемнің 7880 гектардан астамы Сарқан ауданында өсіріледі.
Фотосуреттерді «PCD Group» ЖШС ұсынды.