Адам баласы әдемі болып жүруге, киінуге, сырт келбетін заманға сай бейімдеуге құқылы. Бірақ өзің жасаған ортадан тым ерекшеленіп кетудің де көптеген ұнамсыз тұстары бар. Айналамызда артық етемін деп жүріп тыртық етіп алған тағдырлар көбейіп келеді.
Әсіресе жасанды отаның салдарынан терісін бүлдіріп, денсаулығына ауыр зардап келтірген құрбыларымды көргенде жүрегім ауырады.
Ернін, көзін «үлкейтемін» деп ота сәтсіз шығып, табиғи әдемілігін бүлдіріп, сан соғып жүргендер аз емес. Жасатқан пластикалық отасының құны да қымбат. Сондай құрбымның бірі жуырда блеферопластика жасатқан еді. Көзінің ісігі бір аптада қайтып, барлығы орнына келіп, әдемі көріну керек болған. Алайда ота жасалған күннің ертесінде көзінің жан-жағы көгеріп, ауыра бастайды. Ота жасаған маманға жүгініп еді. қалыпты жағдай екенін түсіндіріп, сабырға шақырды. Алайда ісік жарты ай бойы жалғасып, бұрынғы әдемі қой көзінің пішіні өзгеріп, тым оғаш көрінетін болып қалды. Заң орындарына шағымданғанымен түк шықпады. Құрбым әдемі, домалақ көзін қисық және сұрықсыз көзге айналдыруға 120 мың теңгесін шығындады. Бұл бір студенттің 3 айлық стипендиясымен пара-пар.
Аралас-құралас жүрген құрбыларымның 70 пайызы еріндерін үлкейтуге құштар. Соның құрбаны болып түріне адам қарамастай болып қалғандары да жетерлік. Тағы бір құрбым ернін үлкейтті. Әрине, әдеттегі ісік. Бірақ ернінің жоғарғы жағына үлкейткіш сұйықтығын көп құйып жібергендіктен аузы қисайып қалды. Косметолог маман қайтадан қалпына келтіріп бергенімен ерні түні бойы қақсап, ауырып, жаны қиналатынын көріп жүрміз. Құрбым қате басқан қадамына өкінгенімен кеш еді.
Бір қызығы, осындай мысалдарды күн сайын көріп, естіп, бірге жүрген қыздар одан сабақ алудың орнына сол азапқа құмартып, құлшынып, ақша жинап жүргенін көріп таңғаламын.
Камила СЕРГЕЕВА,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті журналистика
мамандығының 4-курс студенті
Фото: dr-ross.ru