І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай «XXI ҒАСЫР: ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯ» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға отандық және шетелдік ғалымдар қатысты.
Басқосу «Абзал адам, ғұлама ғалым» атты кітап көрмесімен ашылды. Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы қоры ұйымдастырған көрмеге Қ. Сәтбаевтың өмірі мен қызметі, еңбектері жайлы жазылған монографиялары, мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалары қойылды. Сонымен қатар, «Жас ғалым» және «Жетісу стартап» байқауларының қорытындысы жарияланып, жас ғалымдар көрмесі өтті. Онда 30-ға жуық ғылыми жұмыс пен инновациялық жоба көрсетілді.
Жиында Жетісу университетінің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Алефтина Бахтаулова:
– Қаныш Имантайұлы әлемдік ғылым шыңына көтерілген ұлы тұлға. Ол көрнекті ғалым-геолог қана емес, өз заманының шоқ жұлдызы. Қазақстанда ғылым мен индустриялық дамудың көшбасшысы болып, кемеңгер ғалым, тұңғыш академик жастардың және ел игілігі болатын инновациялық және ғылыми әлеуеттің негізін қалады, – деді.
Жиын оффлайн және онлайн форматта өрбіді. Конференцияда АҚШ-тың Эль Пасодағы Техас университеті, Италияның Камерино университеті, Ресейдің Смоленск мемлекеттік университетімен қатар Астана қаласындағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, С. Демирель атындағы университет және І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті ғалымдары баяндама жасады. Ғылыми-практикалық конференция «Заманауи жаратылыстану – ғылыми білім және оның даму перспективасы», «Ғылым, техника және ақпараттық технологиялардың дамуы», «Құқық, экономика және басқару саласындағы өзекті ғылыми зерттеулер» тақырыптарындағы секциялық отырыспен аяқталды.
Назым ЖЕҢІСҚЫЗЫ,
ЖУ-дің студенті